Салалас құрмалас сөйлем
Сабақ тақырыбы
Салалас құрмалас сөйлем
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Салалас сөйлем және оның түрлері туралы білімді тереңдету, тәжірибе барысында салаластың мағыналық түрлерін құрмалас сөйлемнің өзге түрлерінен ажырата білуге жаттықтыру.
Дамытушылық
Әртүрлі тапсырмаларды орындау арқылы оқушының жеке тұлғалық қабілетін ашу, ойлауын, талдау дағдысын дамыту.
Тәрбиелілік
Ана тілін сүюге, қадірлеуге және адамгершілікке тәрбиелеу.
Сабақ сипаттамасы
- Сабақ түрі
- Қайталау сабағы
- Типі
- Білік пен дағдыны қалыптастыру
- Көрнекіліктер
- Слайдтар, үлестірмелік карточкалар, мәтіндер
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сыныпты сабаққа жұмылдыру, оқушыларды екі топқа бөлу және жұмыс ережесін нақтылау.
II. Өткен материалды шолу және кіріспе
Адамның ойы мен пікірі сан алуан. Ойды анық жеткізу үшін құрмалас сөйлемнің мағыналық түрлері қолданылады. Бүгінгі сабақ — құрмалас сөйлемнің бір түрі саналатын салалас құрмалас сөйлемді қайталау сабағы. Оқушылар екі топқа бөлініп, сабақ барысында бірнеше тапсырма орындайды.
III. Қызығушылықты ояту
1-тапсырма: «Сызбаны сөйлет»
Берілген сызбаға сүйене отырып, салалас құрмалас сөйлемнің мағыналық қатынастарын ауызша сипаттау.
2-тапсырма: Мағыналық түрлерін ажырату
Әр топ салалас түрлерінің анықтамасын айтып, нақты мысалдар келтіреді.
I топ
- Ыңғайлас салалас
- Қарсылықты салалас
- Себеп–салдар салалас
II топ
- Түсіндірмелі салалас
- Талғаулы салалас
- Кезектес салалас
3-тапсырма: Лекция және қайта айту
Мұғалім мәтінді оқиды. Оқушылар негізгі тұстарын жазып алады немесе есте сақтайды. Лекция аяқталған соң мазмұнын өз сөздерімен айтып береді.
Салалас құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдер саны тек екеумен шектелмей, одан да көп болуы мүмкін. Олардың арасындағы мағыналық қарым-қатынас әртүрлі болып келеді.
Мысал
Жуырда білім сайысы болуға тиісті: не білімділер тобы жеңеді, не алғырлар тобы озады.
Бұл құрылымда үш жай сөйлем бар: алғашқысы кейінгі сөйлемдермен түсіндірмелі қатынаста, ал екінші мен үшінші сөйлемдер талғау мәнді қатынаста келеді.
- Ыңғайлас салалас: жалғаулықтардың қатысуына қарай екіге бөлінеді. «Және» жалғаулығы немесе «әрі» шылауы қайталанбай бір рет келгенде, жай сөйлемдердің арасына үтір қойылмайды.
- Себеп–салдар салалас: жай сөйлемдердің орын тәртібін ауыстырып айтуға болады. Жалғаулықты себеп–салдар салаласта қай сөйлемнің бұрын тұрғаны тыныс белгілері арқылы ажыратылады: себеп мәнді сөйлем бұрын тұрса — үтір қойылады; салдар мәнді сөйлем себептен бұрын айтылса — қос нүкте қойылады.
- Жалғаулықсыз қарсылықты салалас: баяндауыштары көбіне антоним сөздерден немесе болымды–болымсыз тұлғадағы сөздерден жасалады.
- Түсіндірмелі салалас: жалғаулықсыз, іргелес байланысады. Бірінші жай сөйлемнің баяндауышы «сонша», «сондай», «соншалық» сөздерімен келсе, одан кейін сызықша қойылады.
IV. Мәтінмен жұмыс
Мәтін бойынша сөйлем санын анықтау, жай сөйлем мен құрмалас сөйлемдерді ажырату, сөйлемдердің салалас па, сабақтас па, әлде аралас па екенін белгілеу. Бір сөйлемге синтаксистік талдау жасау.
I топ: «Қателіктің арты — өкініш»
Ғабит ауруханада ұзақ уақыт емделіп, бүгін ғана шыққан болатын.
Ол айналаның осыншалық әсем екенін енді ғана байқағандай болды.
Әсем табиғатқа, сәулетті үйлерге, өз шаруасымен жан-жаққа асыққан адамдарға жаңа көргендей таңдана қарады.
Ол есірткінің әлегінен өмірден қаншалықты оқшау қалғанын, тіпті отбасынан да, достарынан да тым алыстап кеткенін жаңа ғана түсінді; енді бәрі басқаша болатынына нық сеніп, өз-өзіне уәде берді.
Ол адамның болашағы өз қолында екенін, өмірде кездесетін қиындықтарды шешуге болатынын және кез келген жағдайда кінәні өзіңнен іздеу керектігін алғаш рет ұғынып, өткен өмірін ой елегінен өткізді.
II топ: «Сұлулық»
Адам жаны әрқашан сұлулыққа құштар: ол әдемілікті аңсайды.
Адам жұлдызды аспанды тамашалайды, музыканың сазына елтиді, бидің ырғағына тербеледі, қолөнер туындыларының кереметтілігіне тамсанады.
Соның нәтижесінде айналасын, мекендейтін тұрағын әдемілеп, сәндейді; өзінің сырт келбетіне көңіл бөледі; әрбір ісі мен әрекетін көркемдеуге ұмтылады.
Адам сұлулықты табиғат арқылы да, өнер арқылы да сезіне отырып, өз өмірін сұлуландыру өз қолында екеніне шүбә келтірмейді.
V. Семантикалық карта
Салалас құрмалас сөйлемнің түрлерін және олардың белгілерін жүйелеу үшін семантикалық карта толтырылады.
I топ
Салалас құрмалас сөйлем (семантикалық карта)
Жүктеу/таратпа материал ретінде ұсынылады.