Сабақтың жүрісі
Сабақтың тақырыбы
Қазақтың бас ақыны — Абай (9-сынып)
Сабақтың түрі
Жаңа сабақты меңгерту, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру.
Бағалау
Мұғалімнің жеке бақылауы негізінде бағалау.
Сабақтың нақылы
«Құмарланып, жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл — жанның тамағы еді.»
Абай, 7-қарасөз
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Оқушыларға халқымыздың біртуар перзенті — ұлы ағартушы, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абайдың өмірі мен тегі, ағартушылық қызметі, әдебиетке келуінің рухани қайнар бастаулары туралы түсіндіру. Өмірінің маңызды кезеңдерін талдап, тың деректермен таныстыру.
Дамытушылық
М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы ақын өмірінің жарқын беттерін таныта отырып, білім сабақтастығын күшейту; оқушылардың ауызша және жазбаша тіл мәдениетін дамыту.
Тәрбиелік
Дара тұлғаның өнегелі әрі өсиетті өмірі арқылы адамгершілікке, білімге, өнерге ұмтылуға және ана тілін қадірлеуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер мен әдіс-тәсілдер
Көрнекілігі
- Электронды оқулық, презентация, интерактивті тақта
- Абай шығармаларының жинағы
- Баспасөз материалдары, танымдық жинақ папка
Әдіс-тәсілдері және стратегиялар
- Сұрақ-жауап, түсіндіру, талдау
- СТО стратегиялары: РАФТ, «Ойлану баспалдағы», «Дөңгелек үстел», «Үш қадамнан тұратын сұхбат»
- Пәнаралық байланыс: тарих
Сабақтың барысы
-
1) Ұйымдастыру
Сыныптың оқу әрекетіне дайындық деңгейін анықтау, сабақ мақсаты мен күтілетін нәтижелерді қысқаша нақтылау.
-
2) Үй тапсырмасын тексеру
Тексеру бағыттары
- Ы. Алтынсарин әңгімелері бойынша сұрақтар
- РАФТ стратегиясы бойынша жұмысты тексеру
- «Ойлану баспалдағы» стратегиясы арқылы қорытындылау
РАФТ үлгісі
- R (Рөл)
- Оқушы
- A (Аудитория)
- Ыбырай
- F (Формат)
- Хат, арнау, өлең
- T (Тақырып)
- Алғыс, ризашылық, өсиет
Күтілетін нәтиже: үй тапсырмасын тексеру, өткен сабақты қорытындылау.
-
3) Жаңа сабаққа кіріспе байланыс
Абай Ыбырайды жақсы білген. Кейін Абай өзі қадірлегендіктен, оның қолжазбаларының ішіне Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларынан жасаған аудармаларымен бірге Ыбырай өлеңдері де үнемі қатар көшіріліп жазылып отырған. Бұл — Абайдың өз тапсыруымен орындалғаны да мүмкін.
«Ыбырайдың әрқашан Абай атымен бірге жазылып, жатталып, таратылып жүруі — бұл екеуінің үні бар, үміті бар, арман бағыты және болашақ тағдыры бір ақын екендіктерін танытушы еді.»
М. Әуезов. 20 томдық шығармалар жинағы, 19-том (1985), 246-б. 3.1) Бейнематериал
Абай өміріне қатысты қысқаметражды бейнефильм арқылы негізгі кезеңдерді шолып шығу.
-
3.2) Жаңа сабақ мазмұны: Абай туралы негізгі деректер
1) Дүниеге келуі, ортасы, ата-тегі
Абай Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетіне жатады.
Шежіре (қысқаша)
- Кішік → Әйтек → Олжай → Айдос, Қайдос, Жандос (Жігітек)
- Ырғызбай → Өскенбай → Құнанбай → Абай (Ибраһим)
Түйін пікірлер
-
«Құнанбайдың кім екенін білмесек, Абайды тану қиын.»
М. Әуезов
-
«Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Қазақтарға қатысты Ресейлік жарғыны бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би...»
А. Янушкевич
Оқу материалы (аудио/тыңдалым)
«Абай жолы» электронды оқулығы, 1-кітап, 1-диск, «Қайтқанда» тарауы: 20:30–22:00 — «Бала Абай мен Құнанбай».
2) Есімдері мен аталу себептері
- Ибраһим — азан шақырып қойған аты.
- Абай — әжесі Зере мен анасы Ұлжан қойған еркелету аты.
- Телғара — бала күнінде екі ананың ортасында тел өскеніне байланысты жеңгелері қойған ат.
3) Білім алуы
- Ғабитхан ауыл молдасынан сауат ашуы
- Семейдегі Ахмет-Риза медресесі
- Семейдегі приход мектебі (Приходская школа)
4) Әдебиетке келуінің рухани қайнар бастаулары
1. Халықтық дәстүр
Қазақтың ауыз әдебиеті мен ұлттық сөз өнерінен сусындаған терең дәстүр.
2. Шығыс классикасы
Араб, парсы, түрік тілдеріндегі классикалық поэзия. Араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қисса үлгілерімен танысады. Низами, Науаи, Сағди, Қожа Хафиз, Физули сынды ірі ақындардың мұрасына ден қояды.
3. Орыс және Еуропа мәдениеті
Орыс мәдениеті арқылы Еуропа ой-өркениетіне жақындайды. 1870-жылдары Петербургтен Семейге айдалған орыс ғалымы әрі қоғам қайраткері Евгений Петрович Михаэлиспен танысады; 1880-жылдары орыс демократтары Н. И. Долгополов және А. А. Леонтьевпен араласады. Бұл орта Абайдың қоғамдық-әлеуметтік көзқарасының қалыптасуына ықпал етеді.
Оқу материалы (аудио/тыңдалым)
«Абай жолы» электронды оқулығы, 2-кітап, 3-диск, «Еңісте» тарауы: 20:50–23:00 — Гоголь кітапханасында Михаэлиспен танысу көрінісі.
5) Шығармаларының негізгі үш арнасы
- Өз жанынан шығарған төл өлеңдері
- «Қарасөздер» деп аталатын прозалық мұрасы
- Орыс тілінен жасаған аудармалары
6) Тұңғыш өлеңі туралы дерек
Ел аузындағы нұсқа
Абайдың шамамен 10 жасында ауызша шығарған тұңғыш өлеңі ретінде мына жолдар айтылады. Аңыз бойынша, Абай өз ауылының түйелерін аралап жүргенде екі салт аттыға кездесіп, олардың біреуі төркінінен жауыр айғыр жетектеп келе жатқан әйел екенін аңғарады. Сол сәтте әзіл-әжуа түрінде суырып салып айтқан өлеңі ел ішінде тараған.
«Кім екен деп келіп ем түйе қуған,
Қатын ғой күлдәрімен белін буған.
Төркініңнің бергені жауыр айғыр,
Бауырыңды... бірге туған.»
Өлең құрылымы: қара өлең ұйқасы, 11 буын, 4 тармақ, 1 шумақ.
Күтілетін нәтиже: деректерді жүйелеп, біртұтас мәтін құрастыру; мазмұндау арқылы жаңа материалды меңгеру; түсінбеген тұстар бойынша сұрақ қоя білу.
-
4) Талдау және бекіту (ой-толғаныс)
4.1) «Дөңгелек үстел»
Әр оқушы қысқаша пікір білдіріп, Абай тұлғасының бір қырын дәлелмен атап өтеді.
4.2) «Үш қадамнан тұратын сұхбат»
Жұптық сұхбат арқылы негізгі ұғымдарды нақтылау, тың деректерді бір-біріне түсіндіру және қорытынды пікірді ортаға салу.
-
5) Мұғалім қорытындысы
Абайдың өмірбаяны, рухани қалыптасу арналары және шығармашылық жүйесі бойынша негізгі тұжырымдарды жинақтау; сабақ мақсатының орындалуын бағамдау.
-
6) Үй тапсырмасы
- Оқулық бойынша 1 және 5-тапсырма
- 191–194-беттерді оқу және мазмұндау