Қош болыңдар, балалар

Сынып жетекшісі

Жаназилова Айнагүл Маратовна

1 «А» сыныбы

Тақырыбы

Қош бол, Әліппе!

Форматы

Мерекелік қойылым, өлеңдер, ән-билер, көріністер

Мақсаты

  • Оқушылардың сауат ашу пәні бойынша алған білімдерін тиянақтау, өнерлерін ата-аналарға көрсету.

  • Эстетикалық талғамын тереңдету, өзін-өзі басқару дағдыларын дамыту, ана тілін сүюге және қастерлеуге тәрбиелеу.

  • Әр оқушының іс-әрекеті арқылы икемі мен қабілетін көрсету, шығармашылық мүмкіндігін ашу.

  • Елін, Отанын сүюге және оны қорғай білуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер мен дайындық

Сахна безендірілуі

  • Шарларға жапсырылған қима әріптер мен цифрлар
  • «Әліппе» оқулығының мұқабасы (үлкейтілген нұсқа)
  • Шардан жасалған бағаналар
  • Ертегі кейіпкерлерінің костюмдері
  • Дауысты/дауыссыз дыбыстарға арналған қызыл және көк «үйшіктер»
  • «1 А сыныбы» жазуы

Медиа материалдар

  • Сынып өмірінен слайдтар
  • Бейне таспа: мектеп туралы кіріспе бейнеролик
  • «Қайырлы таң, Ақтөбе» бағдарламасынан үзінді

Іс-шара барысы

I бөлім. Қойылым: «Алғашқы қоңырау»

Сахналық пролог

Сахнада оқушылар мен мұғалім тұрады. Экранда Сымбат жеке мектебі туралы бейнебаян көрсетіледі. Мұғалімнің қолында «1 А сыныбы» деген кесте. Ортаға баласын жетектеген ата-ана шығады.

Автор

Жеті жасар баласын,
Жетпістегі шал жетектеп.
Келе жатыр көшеде:
«Қайда әлгі мектеп?» — деп.

Ата

Балам, балам, жақсы бол,
Міне, сенің мектебің.
Сабағыңа зейін сал,
Ақылды бол, тентегім.

Мұғалім

Сәлеметсіз бе! Менің аты-жөнім — Айнагүл Маратовна. Мен сіздің балаңызды оқытатын алғашқы мұғалімі боламын.

Ата-ана

Ал, енді мынау — менің балам! Баламды сізге тапсырдым. Білімді, сауатты азамат етіп шығарады деп сенемін!

Мұғалімнің тілегі

Күндерің өтер осында әр,
Сыныптас ұл-қыз — досың бар.
Ел-жұрттың ақтап үмітін,
Оқуды үздік оқыңдар!

«Ал, балалар, жүріңдер білім әлеміне!» — бәрі сахнадан шығады.

1-жүргізуші

Қыркүйектің ақ таңы,
Атып келе жатты әні.
Ұстаздар мен шәкірттің,
Қауышатын шақтары.

Ішінде бір кеменің
Өткізетін белеңін.
Дәл бүгіннен басталар
Іздеу білім тереңін.

2-жүргізуші

Қалықтайды құс аппақ,
Бала жүр гүл құшақтап.
Алғаш келген шәкіртті,
Мектеп жатыр құшақтап.

Жүздерінде — қуаныш,
Жүрегінде — жұбаныш.
Келе жатқан шәкірттің,
Барар жолы тым алыс.

Таудай болып талабы,
Үркектемей жанары.
Шәкірт енсін мектепке,
Құтты болып қадамы!

1-жүргізуші

Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Хош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,
Әліппемен қоштасу тойымызға.

2-жүргізуші

Армысыздар, аналар!
Бармысыздар, балалар!
Сөзіме құлақ салыңыз,
Бір серпіліп қалыңыз.
Әліппеге арналмақ
Бүгінгі жыр-әніміз.

II бөлім. Слайдтар мен бейнеүзінділер

Презентация

3-жүргізуші

Қыркүйекте келдім де,
Сыныпқа кірдім қуанып.
Қарсы алды ұстаз мейіріммен,
Қадамымды құп алып.

Біз Сымбат мектебінің 1 «А» сыныбында үш ай оқыдық. Осы уақыт ішінде Айнагүл апай бізді білім нәрімен сусындатты. Енді назарларыңызға осы оқу кезеңінен шағын презентация ұсынамын.

  1. 1-слайд

    Мектепке алғаш келген сәтімізден көрініс.

  2. 2-слайд

    Оқу мен жазуды үйреткен сүйікті «Әліппе» сабағы.

  3. 3-слайд

    Математика: санау және есеп шығаруды үйрендік.

  4. 4-слайд

    Жақсы оқу үшін дұрыс тамақтану керек: біздің асхана.

  5. 5-слайд

    Алғашқы сайысымыз — «Көңілді старт»: ата-аналар, ұстаздар және оқушылар қатысқан жарыс. Ата-аналар атынан Нұрдәулеттің әкесі — Шералы ағай қатысты.

  6. 6-слайд

    «Толағай» отбасылық сайысы: Дамир ата-анасымен қатысты.

  7. 7-слайд

    «Ас атасы — нан»: наубайханаға саяхат жасап, нанның жасалу жолын көрдік.

  8. 8-слайд

    Баспаханаға саяхат: газет-журналдың қалай шығатынын көріп, қызыққа баттық.

  9. Бейнеүзінді

    Осы уақыт аралығында телеарнаға да түсіп үлгердік: «Қайырлы таң, Ақтөбе» бағдарламасынан үзінді.

III бөлім. Сазды-әуенді бағдарлама

Өлең • Ән • Хор

Ән

Ақмади Айымның орындауында: «Бал балалық»

Хормен

Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не?

Болашаққа жол ашар —
Ол сүйікті Әліппе!

1-оқушы — Албина

Ең алғаш қолға алғанда Әліппені,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін сыры жұмбақ бұл кітаптың,
Ұстазым маған кілтін алып берді.

2-оқушы — Дамир

Оқуды көп ойладық,
Қызығына тоймадық.
Әріптерді үйреніп,
Сауат ашып тойладық.

3-оқушы — Аяулым

Бәрімізді сүйіп өткен,
Балаларға үйреткен.
Әліппе мен ұстазға,
Бас иеміз құрметпен.

Барлық әріп бағалы,
Айтсақ әділ бағаны:
Әріпсіз сөз болмайды,
Буын онсыз толмайды.

4-оқушы — Әлихан

Кеудемнен сезім селі ақтарылсын,
Болармын күні ертең мақтанышың.
Білім алып, тер төгем, еңбек етем,
Ата-ана сеніміңді ақтау үшін.

5-оқушы — Айкен

Ата-анамнан кейінгі
Екінші адам өмірде —
«Бала бол!» деп зейінді
Мейір құйған көңілге.

Тәрбиелі, білікті —
Ол ұстазың сүйікті.
Тентек, сотқар баланы
«Адам» қылып шығаратын —
Тәрбиелі, саналы
Ол ұстазың сүйікті.

Хор

«Мұғалім — ол біздің …»

Жүргізуші: «Олай болса, ортаға Әліппені шақырайық!»

Сахнаға «Әліппе» кейіпкері шығады

Оқушылар әріптер әлеміне саяхат жасап, тапсырмалар орындайды.

Интерактив

Әліппе

Армысыздар, жас достар! Армысыздар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар Әліппең келді ортаға.

Білім деген ғажаптың Әліппесін меңгерген
Келешегі қазақтың басталады сендерден.

Жақсы білім — көрімдік болсын бізге, халайық!
Не үйреніп, не білдік — кәне, ортаға салайық!

Әріптермен сөз құрау

Сұрақ

«Сендер қай мектепте оқисыңдар?»

Оқушылар әріптерден «СЫМБАТ» сөзін құрайды.

Сұрақ

«Сендер меннен нені үйрендіңдер?»

Оқушылар «оқу» және «жазу» сөздерін құрайды.

6-оқушы — Айым

Таныстырған қырық екі әріппен,
Қош бол, менің сүйікті Әліппем.
Сенің арқаң оқи, жаза білгенім,
Сауатты адам қатарына кіргенім.

7-оқушы — Мәди

Халқымның дана тілі бар.
Әліппені білген соң,
Білімнің жолын ұғынар
Сүйікті менің Әліппем.
Өзіңмен қимай қоштасам.

8-оқушы — Мәдина

Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.

9-оқушы — Нұрдәулет

Әліппе, сауатыңмен санамды аштың,
Достарыммен теңдес араластым.
Үйреніп әріптер мен әңгімені,
Күн сайын алға қарай қадам бастым.

10-оқушы — Әлисұлтан

Әліппе, жарты жылдай жолдас болдың,
Ана тілге әкеліп жалғастырдың.
Әр әріпті қостырып, сөзін құрап,
Хат танытып, алғаш сен көзімді аштың.

Қош болып тұр, Әліппе, анамдайсың,
«Жақсы бол!» деп біздерге алаңдайсың.
Мен үйреткен әріптің құдіретімен,
«Кірпіш болып қаланғайсың!» — дейсің бізге.

11-оқушы — Аян

Орындаймыз, Әліппе, ақылыңды,
Жарысқанда жазамын тақымды.
Қандай қиын жұмбақты шешу үшін,
Арттырамын ғылымға құштарлықты.

Әліппе:

Рахмет, балалар! Келесі оқитын пәндерің — «Ана тілі». Оны да жақсы меңгеріңдер. Маған өкпелерің болмаса, енді басқа балаларға барайын. Қош болыңдар!

Барлығы: «Қош бол, Әліппе!»

Дауысты және дауыссыз дыбыстар

Құрметті әріптер, алдарыңызда дауысты және дауыссыз дыбыстардың үйлері тұр. Өз үйлеріңізге жайғасыңыздар!

Қызыл үйшік

Дауысты дыбыстар

Көк үйшік

Дауыссыз дыбыстар

Би

Абдикапул Аянның орындауында: «Қара жорға»

IV бөлім. Сахналық көріністер

Ертегілер

Біз көптеген ертегілерді оқып, олардың қызығына баттық. Енді сол ертегілерімізден сахналық көріністер ұсынамыз.

Көрініс: «Жалқау мысық»

Мәди, Дамир, Әлихан

Көрініс: «Түлкі мен қоян»

Айдана, Албина

Көрініс: «Түлкінің күлкісі»

Айкен, Айым, Мәдина

Көрініс: «Айлакер қоян»

Дамир, Әлигимран, Аян

Көрініс: «Тапқыр қоян»

Нұрдәулет, Аяулым және аңдар

Ән

Рүстемқызы Айдананың орындауында: «Айдана» әні

V бөлім. Сандар әлемі

Санамақ • Есеп

Ортаға сандарды шақырамыз! Санамақтар орындалады, кейін шағын есептер қойылады.

1 — Әлисұлтан

Біздің үйде бір тауық,
Бір жұмыртқа жүр тауып.
Бір сиыр бар қорада,
Бәтіш тәтем жүр сауып.

2 — Албина

Екі аяқпен жүремін,
Екі көзбен көремін.
Екі қолым бар менің,
Екі құлақ, білемін.

3 — Әлихан

Үйімде бар үш қалам,
Үшеуін де ұштағам.
Үш досымды салдым мен,
Үш балыққа ұқсаған.

4 — Аяулым

Төрт дөңгелек арбада,
Төрт аяқ бар малда да…
Тауыса алмай бидайды,
Төрт тышқан жүр қамбада.

5 — Аян

«Бестік» деген бағаны,
Бақыт күнде алады.
Бәрі жақсы көреді,
Беске оқыған баланы.

6 — Дамир

Алақай, дер келді күн,
Алтыдамын мен бүгін.
Алты жасқа келмекші,
Алғы аптада енді кім?!

7 — Айым

Жеті саны киелі,
Жұрттың бәрі біледі.
Жеті жасқа жеткендер,
Жығылмай-ақ жүреді.

8 — Нұрдәулет

Сен де, мен де баламыз,
Сегіз санын саламыз.
Сегіз деген — екі төрт,
Сегіз жаста ағамыз.

9 — Айкен

Тоғыз жасқа келгенім —
Тоғыз жылды көргенім.
Тоғыз жаста тәнті еткен,
Талабымды көр менің!

10 — Мәдина

Он жыл, он жас — он деген,
Он жас кіші ол менен.
Онды жаза аламыз:
Он — тұрған бір нөл менен.

Сұрақтар (Мәди)

  • 5 пен 3-тің қосындысы нешеге тең?
  • 7 мен 5-тің айырмасы нешеге тең?
  • 2 мен 4-тің қосындысы нешеге тең?

Ағылшын тілі

Мектепте ағылшын тілін де меңгеріп келеміз. Куә болыңыздар: ағылшын тілінде ән.

Қорытынды сөздер мен финал

Тілек • Ән

1-жүргізуші

Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға «Ана тілі» аламыз.
Ата-ана, қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне балаңыз!

2-жүргізуші

Бес болсын алар бағамыз,
Біліммен бақыт табамыз.
Өнер-білім көп тоқып,
Өсе берсін санамыз!

Ән

Жұмағалиева Альбина мен Рүстемқызы Айдананың орындауында: «Көк тудың желбірегені»

1-жүргізуші

Құрметті ұстаздар, ата-аналар! Әліппеге арналған сазды-әуенді кешіміз осымен аяқталды!

VI бөлім. Рәсімдік бөлім

  1. 1

    Ата балаларға бата береді.

  2. 2

    Естелік суреттер түсіріліп, сыйлықтар тапсырылады.

  3. 3

    Белсенді ата-аналар марапатталады.