Тосты бәрі құлағын
Сабақ туралы мәлімет
Мектеп
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тасшағыл ауылы, Т. Амандосов атындағы орта мектеп.
Мұғалім
Бастауыш сынып мұғалімі — Нұргүл Жалғасова Құлмановна.
Сабақтың тақырыбы
«Жеңіс туы желбіре»
Көрнекілігі
Слайд (презентация).
Сабақтың мақсаты
-
Оқушыларды адамгершілікке, Отанды сүюге және қорғауға баулу.
-
Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық тәрбие беру.
-
Ұлы Отан соғысы және қазақстандықтардың ерлік істері туралы түсінігін кеңейтіп, ой-өрісін дамыту.
-
Үлкендерді сыйлауға, ардагерлерді қадірлеуге тәрбиелеу.
Сабақтың жүру барысы
Тарихи кіріспе
1941 жылы 22 маусым күні таңғы сағат 4:00-де бейбіт жатқан елге Германия тұтқиылдан соғыс ашты. Суық хабар сол күні байтақ елімізге, әр өңірдегі ауыл-селоға тез тарады. Ер азаматтар асығыс майданға аттанды, кейбірі өз еркімен сұранып кетті.
Қасиетті жеріміз, бейбіт халқымыз бұрын-соңды болмаған ауыр апатқа ұшырады. Жауынгерлер қасық қаны, шыбындай жаны қалғанша шайқасты. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ: соғыс 50 миллион адамның өмірін жалмады.
Биыл осы алапат соғыстың жеңіспен аяқталғанына 66 жыл толып отыр. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды. Қан майданда мерт болған ерлердің рухына және бүгін арамызда жүрген ардагерлерге бас иіп, тағзым етейік.
1 минут үнсіздік
Дәл осынау жадыраңқы жай күні,
Болса дағы қай ғасырдың қай жылы,
Ұлы Отаным басым иіп бір минут,
Есіне алмақ сол бір апат қайғыны.
(1 минут үнсіздік)
Мерекелік жыр шумақтары
Бүгінгі күн — көптен күткен салтанатты күн,
Зымыраған уақыттың қанатында — жеңістің 66-шы көктемі жетті.
66 жыл бейбіт көктем таң атқалы,
66 жыл шуақты күн таратты әнін.
66 рет көктемде содан бері
Ашылды жеңіс күннің парақтары.
Ару қыздар — алаулап от кешкендер,
Сыздап тұр-ау әлі күн оқ тескен жер.
Қаласыңдар мәңгілік ел есінде,
Ару қыздар — алаулап от кешкендер.
Алаулап от жалындар,
Отқа оранған далалар.
Жарты ғасыр өтсе де,
Естен кетпес сол жылдар.
Қару алған ағалар,
Қырға шыққан аналар.
Жеңу үшін дұшпанды,
Ту көтерді бабалар.
Бақытты өмір күн үшін, мәңгі тыныш түн үшін,
Қан майданда елім қан кешіп, ұлы жеңіс орнатты.
Қазақтың атын, халықтың атын асқақтатты!
Жасасын Жеңіс! Бақытты елім күле бер!
Тәуелсіз болып болашағыңа нық қадам баса бер!
Соғыс болмасын! Соғыс болмасын! Соғыс болмасын!
Соғыс туралы естелік
Бұлт түнеріп аспаннан, талай көзден жас тамған.
Тұтқиылдан жау тиіп, қырғын соғыс басталған.
Соғыс жалмап аға-іні, бауырды,
Зар жылатты тыныш жатқан ауылды.
Жалғызынан айырды ананы,
Әкесінен айырды баланы.
Ән
«Ел қорғауға әзірміз»
Қазақстандықтардың үлесі
Бұл соғыста Кеңес Одағының басқа республикаларымен бірге Қазақстан да жан аямай шайқасты. Даңқты қарулы күштердің және еңбек армиясының құрамында 1 870 000 қазақстандық болды.
Туған жер, өскен орта — байтақ дала,
Махаббат, ыстық жүрек — құмарлана.
Сүйеді Төлегендей ер баласын,
Батырлыққа баулыған Отан-ана!
Ерлік есімдері
Ажал боп төнген жауына — дауылды көктің қыраны,
Оралды Алатауына ерліктің өжет бір әні.
Таңғалтқан батырлығымен — тарланбоз Талғат ағамыз.
Қазақтың қайсар қызы Мәншүк Мәметова елін қорғап, ерлік көрсетті. Ол туған жерін, анасын қатты сағынған сәттерінде анасына сағыныш хаттарын жиі жазған. Бұл — 1943 жылдың күзі еді.
Мәншүктің хатын оқу
Оқушы Мәншүктің анасына жазған сағыныш хатын оқиды.
Ән
«Батыр бала»
Тыныштық туралы үндеу
Тыныштық! Жаса, тыныштық!
Осы бізге тым ыстық.
Көркейе берсін еліміз,
Көбейе берсін ырыс-құт.
Бақытты болсын балалар — соғысты сүймес адамдар.
Өркендей берсін қалалар,
Гүлдене берсін далалар.
Жеңіс туралы толғау
Жеңіс — жақсылықтың сыңары,
Жігерленген құштарлықтың құралы.
Күрескердің арманы мен ұраны,
Қуаныш пен мерекенің шуағы.
Баланың сұрағы
Ойлап-ойлап тұрдым көп, сұрақ қойдым білгім кеп:
«Қуанышты мереке — Жеңіс күні қай күн?» — деп.
Атамнан да сұрадым, әкемнен де сұрадым,
Ағамнан да сұрадым, анамнан да сұрадым.
Тосты бәрі құлағын: «Дұрыс», — десті сұрағың.
«Бейбіт күннің бәрі де Жеңіс күні, шырағым!»
Әндер
- «Қазақтың қос шынары»
- «Әрқашан күн сөнбесін»
- «Ақ көгершін»
Қорытынды
Жер жүзіне нұр шашып Жеңіс күні,
Жақсы үміттің шырағы жанды міні!
Аспан бетін қаптаған қара тұман серпіліп,
Зұлымдықтың сөнді түні!
Жер бетін қан сасытқан соғыс бітті,
Жер бетінен жамандық мүлдем кетті.
Жеңістің жарқын күнін жыр қыламыз,
Аспандатып жырлаймыз жақсылықты.