Ағаш адам

Өзін-өзі тану сабағының жоспары

Тақырып

Адам және қоғам

9-сынып

Құндылық

Қиянат жасамау

Әлеуметтік әділеттілік пен жанға зиян келтірмеу арқылы қоғамдағы жауапкершілікті күшейту.

Қасиеттер

  • Әлеуметтік әділеттілік
  • Тірі жанға зиян келтірмеу
  • Жақсы азамат болу

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға адам мен қоғам туралы түсінік бере отырып, «қиянат жасамау» құндылығының мәнін ашу.

Міндеттері

  • 1 Қоғамның адам үшін маңызын жан-жақты аша отырып, әлеуметтік әділеттілік туралы түсінік беру.
  • 2 Оқушыларды жақсы азамат болуға баулу.
  • 3 Оқушыларды тірі жанға зиян келтірмеуге тәрбиелеу.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Амандасу.
  • Оқушыларды түгендеу және назарларын сабаққа аудару.

2) Тыныштық сәті

Жаттығу: «Орманға саяхат»

Назар: Арқаңызды тік ұстап, тынысқа мән беріңіз.

Арқаңызды тік ұстап отырыңыз. Көзіңізді жұмып, терең тыныс алыңыз. Әрбір тыныс алған сайын бойыңызды босаңсытып, сабыр сақтауға тырысыңыз.

Енді орманға серуенге шығамыз. Сынып есігіне жақындап, оны ашқаныңызды, дәлізбен өтіп, далаға шыққаныңызды елестетіңіз. Таза ауаны терең жұтып, шашыңызды желпіген самалдың лебін және бетіңізді жылытып тұрған күн сәулесін сезініңіз.

Орманға қарай жүре бастаңыз. Жолда абай болыңыз: жәндіктерді басып кетпеңіз. Бір минутқа тоқтап, айналаға көз салыңыз. Табиғаттың әсемдігі мен балғындығын сезініңіз.

Гүлдердің біріне жақындап, еңкейіп, оның нәзіктігіне назар аударыңыз. Иісін сезіп, хош иісін кеудеңізге толтыра жұтыңыз. Айналадағы дыбыстарды тыңдаңыз: құстардың үні, жәндіктердің ызыңы, жапырақтардың сыбдыры.

Орманға тереңірек енеңіз: ағаштар биіктеп, қоюлана түседі. Жарық пен көлеңкенің ойынын тамашалаңыз. Осы сәтте өзіңізді қауіпсіз әрі бақытты сезініңіз.

Алаңқайға шығып, бірнеше минут тынығыңыз. Түбіне барып отыратын бір ағашты таңдаңыз. Ағашқа жақындап, діңін құшақтаңыз. Оның қуатын, тіршілік күшін сезінуге тырысыңыз.

Енді діңге арқаңызды сүйеп отырыңыз. Көзіңізді жұмып, терең тыныс алыңыз. Қоршаған әлемнің жым-жырт тыныштығына көңіл бөліңіз. Жеңілдік, тыныштық, қанағат сезімін байқаңыз.

Табиғаттың ғажап екенін, оны сүйіп-қадірлеудің маңызын түсінеміз. Бірде-бір тірі жәндікке зиян келтірмеу үшін қамқор болуды ой елегінен өткіземіз.

Бұл — сіздің «өз ағашыңыз» екенін және кез келген уақытта оған ойша қайта орала алатыныңызды есте сақтаңыз.

Енді мектепке қайтуға дайындалыңыз. Орныңыздан тұрып, айналаға тағы бір рет көз жүгіртіңіз. Келген жолыңызбен кері қайтыңыз, жолдағы жәндіктерді басып кетпеңіз. Міне, мектеп алдына да келдік.

Таза ауаны терең жұтып, есікті ашып, өз орныңызға келіңіз. Осы тыныштық пен қанағат сезімін өзіңізде сақтаңыз. Көзіңізді ашып: «Мен осындамын» деп, жымиып қойыңыз.

3) Үй тапсырмасын тексеру

Оқу: «Туған күн» — З. Жұманова, 121-бет.

4) Дәйексөз

«Егер жақсы өмір сүргің келсе — жақсы адам ізде, ал жақсы адам тапқың келсе — жақсы сөйлеп, жақсылық жаса».
Мақал

Талқылау сұрағы: Мақалдың мағынасын қалай түсінесіздер?

5) Оқиға айту

Әңгіме: «Ормандағы ағаш адамдар»

Қалың ну орманда ағаштан жаралған кішкентай адамдар өмір сүріпті. Олар соншалық көп болғандықтан, ну орманды түгел дерлік басып алыпты. Бір-бірімен айқыш-ұйқыш араласып орналасқаны сондай, түнде олардың арасымен жүру өте қиын екен.

Олардың дауысы — ағаш дауыс, ал ең қорқыныштысы — жүректері де ағаш болыпты. Бұл байғұстар сүйіспеншіліктің, аяушылықтың, қайғы-мұңды бөлісудің, жылаудың, көз жасының не екенін мүлде білмеген.

Қолдарына түскеннің бәрін — құс па, аң ба — аямай өлтіріп, күл-талқанын шығара береді екен.

Бір күні орманға бір кішкентай қыз келіп, адасып кетеді. Қыз бір ағаштың түбіне отыра кетіп, жылай бастайды. Мұны көрген бір ағаш адам жақындап келіп: — Мұнда неғып жүрсің? — деп сұрайды. Қыз: — Адасып кеттім.

Ағаш адам қыздың көз жасын көріп: — Ал қолыңдағы не? — дейді. — Жас. — Жас деген не? — Жас жылағанда шығады. — Ал жылау деген не? — Жаның ауырғанда, қайғырып мұңайғанда болады.

Бұл ағаш адамға мүлде түсініксіз еді: ол ешқашан жылап, мұңайып көрмеген ғой. Қызға жол көрсетіп келе жатқанда, қыз: — Ақырын жүрші, жүрегім ауырады, — дейді. Ағаш адам: — Жүрек деген не?

Қыз ойланып: — Адам онсыз өмір сүре алмайды, — дейді. Ағаш адам: — Көрсетші өз жүрегіңді. Қыз: — Ол кеудемде соғып тұр. Ағаш адам: — Ал маған сондай жүрек бола ма?

Қыз әуелі «жоқ» дегендей болып, кейін ойланып: — Мұнда бір жақсы дәрігер бар. Ол жаңа ғана қайтыс болған адамдардың жүректерін жинайды. Сені соған апарайын, — дейді.

Олар дәрігерге келеді. Дәрігер: — Сендерге не керек? — деп сұрайды. Ағаш адам: — Мен адамдардікіндей мейірімді жүрек алғым келеді. Дәрігер: — Қатігез жүрек керек емес пе? Ағаш адам: — Жоқ, дәрігер мырза. Тек мейірімді жүрек керек. Қатігездікте өмір сүру қорқынышты.

Дәрігер сөреден шыны банка алып, ағаш адамға ұсынады: — Міне, нағыз мейірімді жүрек. Болмашы айғай-шуды сезсе де дірілдейді, өйткені ол бәрі үшін ауырады, бәрін аяйды.

Ағаш адам қуанып: — Иә, дәл маған керегі — осы! Дәрігер: — Өкінбейсің бе? Бұл жүрекпен көп қиналасың, қасірет шегесің. Ағаш адам: — Түсінемін. Дегенмен өкінбеймін.

Дәрігер оның кеудесін ашып, адамның мейірімді жүрегін салып береді. Ағаш адам орманға қайтып, өз туыстарымен өмір сүре бастайды. Бірақ бауырларының жасап жүрген қиянатын, қорқынышты істерін көрген сайын іші күйіп, жаны ауырады.

Олар бір-бірін сындырады, жояды, әлсіздерді ұрып-соғады, қорғансыздарға зорлық-зомбылық көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, қиянаттан басқаны білмейді.

Мейірімді жүрек иесі күн сайын: — Сендер не істеп жүрсіңдер? Неге сонша қатігезсіңдер? Неге жүректеріңде бір тамшы аяушылық жоқ? — деп налиды.

Сонда бір қарт ағаш адам: — Бәрі үшін ауыра алмайсың. Бәріне бірдей көмектесе алмайсың. Біреу үшін ауырып, бәріне жаның аши берсе, өзің ұзақ өмір сүрмейсің, — деп ұрсады.

Жаны қиналған мейірімді жүрек иесі бір ағаштың түбіне барып, қатты өксіп жылайды. Сол сәтте ол тоңып, үсіп қалуға шақ тұрған бір баланы көріп қалады. Балада тіршілік белгісі білінбейді. Ол баланы жұлқылап: — Тұр! Әйтпесе үсіп қаласың! — деп айқайлайды. Бірақ бала қозғалмайды.

Осы кезде ағаш адамдар жиналып, мұны мысқылдап күледі, мазақ етеді. Олардың қатігездігіне қарап, мейірімді жүрек иесінің жүрегі одан сайын ауырады.

Баланы аяғаны мен бауырларының қиянатына күйінгені соншалық, оның жүрегі лаулап жана бастайды. Жалыны қолдарына жетіп, сол жылумен тоңған баланы жылытады. Өзі жана береді, жана береді; ал бала жылына береді, жылына береді.

Әбден жылынған бала орнынан тұрып, орманнан шығып кетеді. Ал мейірімді жүрек иесі жанып-жанып, ақырында тек басы ғана қалады.

Бауырлары: — Осынша түгің қалмай жанғанда тапқан пайдаң не? — деп сұрайды. Ол: — Өз жылуыммен біреуді тірілтіп барып өлген — мен үшін қасиетті іс, — дейді.

Бауырлары: — Ендеше, неге жылайсың? Ол: — Мен сендерді аяп жылаймын, — деп көз жұмады.

Талқылау сұрақтары

  1. 1 Адасқан қыз бен ағаш адам не туралы әңгімелесті?
  2. 2 Ағаш адам қандай шешімге келді және неліктен?
  3. 3 Оқиға кейіпкерлерінің бойынан қандай құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді байқадыңыздар?

Ақпарат

Білім беру ұйымы
Е. Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектебі КММ
Мұғалім
Маликова Т. М.

Тақырып: «Адам және қоғам».