Ақбөкен сахараның бота көзі, Атты екен қандай мерген көзі қиып

Сәкен Сейфуллин өлеңі
Ақсақ киік
Арқаның Бетпақ деген даласы бар,
Бетпақ - шөл, ойлы - қырлы панасы бар.
Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ өсіп - өнген
Жәндіктің киік деген баласы бар.

Бетпақта қысы - жазы ел болмайды,
Ел - жайлау, өзен яки көл болмайды.
Бұтасы қу баялыш, қара жусан,
Көгала бетегелі бел болмайды.

Бетпақтың көлденеңі сегіз көштік,
Сайланып қыс ішінде талай көштік.
Азамат, ат пен айғыр, атан ғана
Шыдар деп қоста отырып, талай дестік.

Бетпақта елсіз - көлсіз өсіп - өнген,
Жалғыз - ақ құлан, киік шөлге көнген.
Қазақтың малдарындай қыбырласып,
Әр ойдан топ - топ болып жусап өрген.

Жалғыз - ақ ел жылында көшіп өтер,
Асығып қар суымен "несіп етер".
Қаптасып, көшкен елмен дамыл алмай,
Мергендер аң ауласып кәсіп етер.

Мергендер дамыл алмай киікті атқан,
Ауылды қан сасытып топырлатқан.
Киікті ойлай ма екен таусылар деп,
Азайып бірте - бірте келе жатқан!..

Бетпақтың көкпек, жусан, шөбі сұйық,
Сол шөпті қорек қылған байғұс киік.
Таңы - аппақ, екі көзі мөлдір қара,
Тигендей емес адам көзі қиып.

Киікті қазақ және дейді бөкен,
Бетпақты бұл бейшара қылған мекен.
Бөкенді атып мерген өлтіргенде,
Жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?

Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Өзге аңға жануарды тең көрмедім.
Көздері мөлдіреген ақбөкенді
Адамның баласынан кем көрмедім.

Қап - қара екі көзі мөлдіреген,
Әдемі екі танау желбіреген.
Елеңдеп жас балаша жалтаңдайды,
Жел түрткен жусаннан да селдіреген.

Азайды соңғы кезде байғұс бөкен,
Мың - мыңнан баяғыда өреді екен.
Бұл күнде келе жатқан жолаушыға,
Кез келеді анда - санда саяқ - некен.

Кей қазақ әдет қылған киік атып,
Мүйізін пайда қылып, шетке сатып.
Сандалған бір киікке ұшырастым,
Бір жылы Бетпақ шөлде келе жатып.

Бетпақта келе жатты ақсақ киік,
Сандалып қаңғырақтап басын иіп.
Пана іздеп шыбын жанға сүйретіліп,
Мергеннің кеудесіне оғы тиіп.

Тамады қара жерге аққан қаны,
Қиналып ентігеді шыбын жаны.
Боялып ақ денесі қызыл қанға,
Келеді әлі кетіп жығылғалы.

Қиырсыз, Бетпақ дала... қураған шөл...
Жалғыз - ақ сырғандайды қоңылтақ жел.
Меңіреу... тірі жан жоқ... жып - жылмағай.
Ел қайда? Ел алыста - шулаған ел!

Сандалып келе жатты ақсақ киік,
Бір тоқтап, анда - санда әлін жиып...
Ақбөкен сахараның бота көзі,
Атты екен қандай мерген көзі қиып?

Келеді қаңғалақтап жалғыз өзі,
Тілі жоқ, құр жүректе айтар сөзі.
Шағады шыбын жанның қиналғанын
Жалғыз - ақ мөлдіреген екі көзі.

Жапанда еш сая жоқ шыбын жанға,
Моншақтап жерге тамған қызыл қанға.
Жапанда басын сүйер тірі жан жоқ,
Әл кетіп сорлы киік жығылғанда!..

Бота көз сахарада қына терген,
Кім екен жапан түзде сені көрген?
Аяныш сезімі жоқ бір қазақ - ау,
Дәл көздеп жүрегіңе атқан мерген!..

ШҚО, Тарбағатай ауданы, Тұғыл ауылы,
Ш. Уалиханов атындағы орта мектептің
9 сынып оқушысы Рашитова Рашиля



Ұқсас жұмыстар

БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Қазақ фольклористикасы - Сәкен Сейфуллин
Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы
Сапарғали Бегалин
Ілияс Жансүгіров. КҮЙШІ (Поэма)
Қазақтың ақын жыраулары
Бастауыш сынып оқушыларына оқу – тәрбие процесінде экологиялық тәрбие беру мәселелері
СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫЛАРЫНЫҢ БІРІ
Әдеби тілде ұшырасатын сөздердің мағыналық айырмашылықтары
Солтүстік Қазақстандағы аңшылық аңдар биологиясы
Төлем көзінен салық салынбайтын табыстар
Қабатты гидравликалық жару және ұңғылардың түптік аймаққа әсер ету
Ақтөбе қаласы бойынша салық және басқа да міндетті төлемдердің бюджетке түсуін талдаудың ақпараттық жүйесін тұрғызу
Ақша қаражаттарының қоры қаржы қатынастарының материалдық-заттық көрінісі ретінде
Объектіден ақпараттың техникалық арналар арқылы сыртқа кетуі және оған қарсы іс-шаралар
Арал өңірі қазақтарының ХIХ ғасырдағы Хиуа хандығы мен Ресейге қарсы ұлт – азаттық күресі
Банктің корпоративтік клиенттерімен жүргізетін операцияларын басқарудың Ақпараттық жүйесін тұрғызу
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбектері тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көзі (1990-2006 жж.)
Шетелдік және отандық журналистикадағы ақпараттық технологиялардың қолданылу ерекшеліктер
Азаматтық және еңбек құықтары