Жаңа сабақ бекіту

Сабақтың тақырыбы

Дыбыс. Дыбыстың сипаттамалары.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушыларға дыбыс, дыбыстың ортада таралуы және оны сипаттайтын шамалар туралы түсінік беру; дыбыстың табиғаттағы және тұрмыстағы көздерін, акустикалық түрлерін түсіндіру.

Дамытушылық

Білім деңгейін, білім мазмұнының тұрақтылығын және оны меңгерудегі іскерлік пен дағдыны бақылау; еріктілік пен белсенділікті дамыту.

Тәрбиелік

Адамгершілікке, еңбексүйгіштікке баулу және шығармашылық қабілеті дамыған азамат тәрбиелеу.

Сабақтың ресурстары мен форматы

Көрнекіліктер

  • Физика (9-сынып) оқулығы
  • Физикадан дидактикалық материалдар
  • Слайдтар
  • Камертон
  • Музыкалық аспаптар: баян, домбыра, гитара
  • Плакаттар

Сабақтың түрі мен әдістері

Сабақтың түрі: аралас сабақ.

Әдістер: әңгіме, сұрақ-жауап, демонстрация, логикалық сұрақтар.

Сабақтың құрылымы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу
  • Оқушыларды түгендеу
  • Назарын сабаққа аудару

2) Үй тапсырмасын тексеру және қайталау

  • Теориялық білімді тексеру
  • Практикалық тапсырмаларды тексеру
  • Есептерді тексеру

3) Жаңа материалды меңгерту

Жиілігі 16 Гц-тен 20 000 Гц-ке дейін болатын механикалық толқындар адамда дыбыс әсерін тудырады. Сондықтан мұндай толқындарды дыбыс толқындары немесе акустикалық толқындар (грек. akustikos — «дыбыс») деп атайды.

20 000 Гц-тен жоғары толқындар — ультрадыбыс.

16 Гц-тен төмен толқындар — инфрадыбыс.

Бұл жиіліктердегі дыбыстарды адам құлағы қабылдамайды. Алайда кейбір тіршілік иелері 20–30 мың Гц аралығындағы тербелістерді сезе алады (мысалы, жарқанаттар — 21 мың Гц-ке дейін, дельфиндер — 28 мың Гц-ке дейін).

Дыбыстың таралу шарты

Дыбыс таралуы үшін дыбыс көзі мен қабылдағыштың арасында серпімді орта болуы керек. Ауасы жоқ бостықта дыбыс толқындары таралмайды, себебі тербелісті жеткізетін бөлшектер жоқ.

Дыбыс әртүрлі ортада тарала алады және әр ортада белгілі бір жылдамдықпен таралады.

Дыбысты сипаттайтын негізгі шамалар

Дыбысты қабылдау ерекшеліктеріне байланысты мына шамалар қолданылады: дыбыс қаттылығы, тонның биіктігі, тембр.

Қаттылық

Дыбыс қаттылығы дыбыс шығаратын дененің тербеліс амплитудасына тәуелді.

Қаттылық деңгейі логарифмдік шкаламен өлшенеді: адам еститін диапазон шамамен 0–140 дБ.

Тон биіктігі

Белгілі бір жиіліктегі дыбыс толқынын тон деп атайды.

Жиілік төмен болса — тон төмен; жиілік жоғары болса — тон биік.

Тембр

Тембр — дыбысқа өзіндік «бояу» беретін сапа; ол адамның дауысы мен музыкалық аспаптың үнін бір-бірінен ажыратуға мүмкіндік береді.

Децибел (дБ) туралы

Децибел (дБ) — қаттылық бірлігі белдің (Б) ондық үлесі: 1 Б = 10 дБ. Бұл атау телефонның дамуына үлес қосқан А. Беллдің құрметіне енгізілген.

Музыкалық дыбыс, шу және камертон

Камертон — доға тәрізді, қысқа сабы бар металл құрал; оның көмегімен тұрақты жиіліктегі музыкалық дыбыс алуға болады.

Камертон немесе басқа гармоникалық тербеліс жасайтын денелер шығаратын дыбыстар музыкалық дыбыстар деп аталады.

Шу — әртүрлі жиіліктегі дыбыстардың ретсіз қабаттасуы.

Доплер эффектісі

Кейде жақындап келе жатқан көліктің сигналы жіңішкере естіліп, алыстап бара жатқанда жуан естілетінін байқаймыз. Бұл құбылыс физикада Доплер эффектісі деп аталады.

Себебі дыбыс тоны жиілікке тәуелді: дыбыс көзі жақындағанда қабылданатын жиілік артады, алыстағанда кемиді.

Доплер эффектісі жарық толқындарына да тән және қазіргі техникада кең қолданылады. Мысалы, радар құралдары көліктің жылдамдығын анықтауда осы принципке сүйенеді.

4) Жаңа сабақты бекіту

Ауызша сұрақтар

  1. 1 Көшпенділер жау әскерінің жақындағанын қайдан білген?
  2. 2 Қару-жарақтан оқ атқанда неге дыбыс шығады?
  3. 3 Қамшыны кенеттен сермеп қалғанда неге дыбыс шығады?
  4. 4 Күндізгіге қарағанда түнде дауыс неге қаттырақ естіледі?
  5. 5 Киіз үйдің ішінде дауыс неге қатты шықпайды?
  6. 6 Ұшқанда қайсысы қанатын жиірек қағады: маса ма, әлде шыбын ба?

Тәжірибелік сұрақтар

  1. 1 Октаваның басындағы «до» нотасы мен октаваның соңындағы «до» нотасының айырмашылығы неде?
  2. 2 Домбыраның ойығын (көзін) қағазбен жауып тастасақ, неге дыбыс бәсең шығады?
  3. 3 Камертонның бір тармағына сақина бекітсек, дыбыс неге бәсеңдейді?
  4. 4 Дыбыс көзіне (дыбыс шығарып тұрған ұялы телефонға) өзіміз жақындасақ, дыбыс қалай естіледі?

5) Үй тапсырмасы, қорытындылау және бағалау

  • Үй тапсырмасын беру
  • Сабақты қорытындылау
  • Оқушыларды бағалау