Шеберлер тобы

Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебі

Бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі: Әлібекова Нұргүл Орынтайқызы

Сайыс атауы

«Оюмен түстік жарысқа»

Түрі

Сыныптан тыс сайыс-сабақ

Пәнаралық байланыс

Еңбек, ана тілі, ән-әуез

Мақсаты

Оқушыларды қазақтың ұлттық ою-өрнек өнерінің ерекшеліктерімен таныстыру, төл мәдениетін қастерлеуге баулу, сондай-ақ олардың ұшқыр ойы, әсемдік талғамы, белсенді біліктілігі мен шеберлігін дамытуға ықпал ету.

Көрнекі құралдар

  • Сайыс тақырыбы жазылған тақта/плакат
  • Өнер туралы нақыл сөздер жазылған плакаттар

Қолданылатын әдістер

  • Сұрақ-жауап
  • Тест
  • Топпен жұмыс

Сайыс барысы

«Оюмен түстік жарысқа» сайысында екі сынып оқушылары ою-өрнек туралы білімі мен біліктілігін, шеберлігін сынға салады.

Жүргізуші 1

«Оюмен түстік жарысқа» сайысына қош келдіңіздер.

Бағдарлама

  1. 1 «Атымда менің сырым бар» — екі топтың таныстыруы
  2. 2 «Ою ойғанның ойы ұшқыр»
  3. 3 «Кім білгір?» — тест сұрақтары
  4. 4 «Өрнекпен безендіру»
  5. 5 «Ою әнмен әсерлі» — ән байқауы

Жүргізуші 2

Сайысқа қатысушы екі топты ортаға шақырайық:

  • 3 «а» сыныбы — «Шеберлер» тобы
  • 3 «ә» сыныбы — «Жұлдызша» тобы

Халық даналығы: «Өнер — таусылмас азық, жұтамас байлық». Бабалардан қалған ою-өрнек өнерін үйреніп, дамыта түсу — бәріміздің міндетіміз.

Әділқазы алқасы

Әділқазы алқасы таныстырылып, сайыс кезеңдерінің нәтижесін бағалайды.

1-кезең: «Атымда менің сырым бар»

Шарт: топ атауының мән-мағынасын ашу.

«Шеберлер» тобы

Қазақ халқының қолөнер түрлері көп: зергерлік, ағаш пен мүйіз ұқсату, кілем тоқу, киіз басу, ши мен алаша тоқу, кесте тігу, ою-өрнек. Осы мұраны ғасырдан ғасырға жалғастырып, дамытатын — халық шеберлері. Біз де ата мұрасын жалғастырып, шебер болуға ұмтыламыз. Сондықтан тобымыз — «Шеберлер».

  • Шебер біздің әжеміз, шебер біздің атамыз; шебер болған бабам да, біз де шебер боламыз.
  • Бұйымдар мен заттарды сәндеу үшін көрнекті: қиын болса да қиналмай, мен де үйрендім өрнекті.
  • Оя алсаң ою әдемі, үйлессін оған көлемі; бояуымен үндескен, ою әсем түр-түспен.
  • Жұлдызша тобына сәлем беріп, ұл-қызға сәттілік тілейміз: озсын самғап шың-құзға.
  • Оюмен ой бөлісіп, өзіңді таныт қалыспа: шат көңіл, күлкі, қуаныш — достық жеңсін жарыста.

«Жұлдызша» тобы

«Жұлдызша» — қазақтың байырғы өрнек белгілерінің бірі. Ою-өрнек тек көркемдік үшін ғана емес, шартты бейнелер арқылы халықтың өмірге талпынысын да танытқан. Бүгінгі сайыста аспан биігінен жарқырап көрініп, қонақтарға жұлдыз нұрын төгейік; ұлттық өрнектер де жұлдыздардай көбейіп, түрлене берсін, жарығы ешқашан сөнбесін деген ниетпен тобымызды «Жұлдызша» деп атадық.

  • Ерте халық өнерінде өрнек болған — жұлдызша; кеңес кезеңінде де белгі болған — жұлдызша.
  • Өнердегі жұлдызша халық танымын танытқан; оқушы таққан жұлдызша оқу талабын көрсеткен.
  • Жұлдызды таққан атам да — Ері Еңбектің; жұлдызды таққан әжем де — он бір бөбектің берекесі.
  • Ою ойып, оймақтай шеберлікті шыңдайық; білгір болып, білікті болып, тынбайық.
  • Өнерді сүйген ұл-қызға «Жұлдызша» тобынан жалынды сәлем!

2-кезең: «Ою ойғанның ойы ұшқыр»

Топ мүшелері ою ойып, жылдамдық пен дәлдікті қатар көрсетеді.

Тұскиіз төрде ілінген — оюы қандай әдемі. Өрнегі анық білінген ұлттық бұйым — кәделі.

Қию оңай демеңдер: оған да өнер мен ой керек. Босқа мақтанып жүрмеңдер: қиюға епті жан керек.

3-кезең: «Кім білгір?»

Екі топқа тест сұрақтары беріледі. Топ мүшелері бірлесе отырып жауаптарын белгілейді.

«Шеберлер» тобы — тест

  1. 1) «Сынықмүйіз» оюы нені білдіреді?

    • a) мүйіздің бір сыңарын білдіреді
    • ә) малдың сынған мүйізіне ұқсайды
    • б) бұғының мүйізіне ұқсайды
  2. 2) «Иттабан» оюы қай өрнек түріне жатады?

    • a) өсімдіктік
    • ә) геометриялық
    • б) жануарлық
  3. 3) Геометриялық ою-өрнекке қай ою жатады?

    • a) қошқармүйіз
    • ә) тұмарша
    • б) бүршік
  4. 4) Аспан әлеміне байланысты өрнек қайсысы?

    • a) шұғыла
    • ә) жіліншік
    • б) өркеш
  5. 5) Құстарға байланысты ою-өрнекті ата.

    • a) ботакөз
    • ә) құсқанаты
    • б) балта

«Жұлдызша» тобы — тест

  1. 1) «Қолтықша» оюы нені білдіреді?

    • a) байлықты
    • ә) қонақжайлылықты
    • б) еңбекті
  2. 2) Өсімдіктік ою-өрнекке қай өрнек жатады?

    • a) айшық
    • ә) балдақ
    • б) бүршік
  3. 3) «Ою-өрнек» атауы қай сөзден шыққан?

    • a) живопись
    • ә) натюрморт
    • б) орнамент
  4. 4) Жануар тектес ою-өрнек қайсысы?

    • a) ирек
    • ә) сыңармүйіз
    • б) айшабибі
  5. 5) Жәндіктерге байланысты өрнекті ата.

    • a) өрмекші
    • ә) қосдөңгелек
    • б) өркеш

Ою-өрнек сәні көздің жауын алады: зат өрнексіз болса, мәні де солғындап қалады.

4-кезең: «Өрнекпен безендіру»

Бұл кезеңде қатысушыларға берілген бұйымды ою-өрнекпен безендіру тапсырмасы ұсынылады. Мұнда композиция, түстердің үйлесімі және орындау сапасы бағаланады.

5-кезең: «Ою әнмен әсерлі»

Соңғы кезең — ән байқауы. Әр топтан екі оқушы шығып, өнер көрсетеді.

«Шеберлер» тобы

Оқушылар
Айболат, Айжан
Әні
«Жылайды жапырақ»

«Жұлдызша» тобы

Оқушылар
Шайзада, Ақбота
Әні
«Ертегілер елінде»

Қорытынды және марапаттау

«Оюмен түстік жарысқа» сайысымыз өз мәресіне жетті. Қорытынды сөз әділқазы алқасына беріліп, қатысушы топтар марапатталады.

Ұпай нәтижесі

  • «Шеберлер» тобы 75 ұпай
  • «Жұлдызша» тобы 69 ұпай

Мұғалімнің қорытынды сөзі

Бауыржан Момышұлы атамыз: «Ою-өрнек, құрақ құрау — қазақтың кешегісі, бүгінгісі, ертеңі» — дегендей, ою ойуды үйрену және бұл өнерді жалғастыру — өз қолдарыңда.

  • Жас ұрпақ өмірлі болсын.
  • Тұрмысы көңілді болсын.
  • Ата-анаға мейірлі болсын.
  • Ағайын-туысқа пейілді болсын.
  • Өнер-білімге зейінді болсын.
  • Он саусағынан өнер тамған оюшы болсын.

Қатысушы топтар Алғыс хаттармен марапатталды.