Бейбарыстың бейнесі
Сабақ жоспары
Сұлтан Бейбарыс
Білімділік
Шығыс пен Батыстың тоғысқан тұсы болған Мысыр елінің гүлденуіне және мәдениетінің әлемдік деңгейге көтерілуіне ғалымдардың қосқан үлесін түсіндіру.
Тәрбиелік
Бабамыздың өз елінде емес, өзге елде 17 жыл бойы сұлтандық құрып, сол елде құрметке бөленуі — кез келгеннің қолынан келмейтін іс. Оның ерлігі, батылдығы, табандылығы мен қайсарлығын үлгі ету.
Дамытушылық
Қаламға ілікпей, көзге түспей қалған деректерді іздеу — болашақтың ісі. Сонымен қатар газет-журналдарда жарияланған материалды оқып, пайдалы тұстарын бойға сіңірудің маңызын ұғындыру.
Айдар
«Бұрынғы дәстүрді, бұрынғы жасалған ерліктерді білмей, қадірлемей тұрып, жаңа ерліктерге шақыру — бекершілік.» — Бауыржан Момышұлы
Сабақтың түрі мен әдісі
Шығармашылық-ізденіс сабағы.
Көрнекіліктер
- Саяси карта
- Кестелер
- Бейбарыс бейнесі
- Кітап көрмесі
- Бейбарыс ескерткішінің ашылу сәті (видео)
Сабақтың құрылымы
- Ұйымдастыру
-
Жаңа сабақ:
- «Мәмлүк» сөзінің мәнін талдау
- Бейбарыстың балалық шағы
- Қолбасшылық қабілеті
- Мысыр мәдениеті
- Ұлылыққа тағзым
- Бекіту жұмыстары
- Үй тапсырмасы
- Бағалау
Сабақтың барысы: топтық жұмыс
Жаңа тақырып үш топтың көмегімен талданады: 1-топ — тарихшылар, 2-топ — әдебиетшілер, 3-топ — зерттеушілер.
1-топ
Тарихшылар
2-топ
Әдебиетшілер
3-топ
Зерттеушілер
I. «Мәмлүк» сөзінің мәні
Бұл бөлімде «мәмлүк» ұғымының тарихи мағынасы, әлеуметтік орны және Мысыр мен Шамдағы рөлі салыстыра талданады.
Тарихшылардың пайымы
Батыс зерттеушілері мәмлүктерді әскери құрамына қарай бахри және бурджи деп бөледі. Мәмлүктердің арқасында араб-ислам өркениеті моңғол шапқыншылығы мен крест жорықтарының қысымынан аман қалды. 1258 жылы Бағдад халифаты құлағаннан кейін ғылым мен мәдениеттің ірі өкілдері Мысырға қоныс аударып, Каир мен Дамаскінің аймақтағы рухани орталыққа айналуына ықпал етті.
Әдебиетшілердің пайымы
XIII ғасырда Мысырда билікке мәмлүктер келеді. «Мәмлүк» араб тілінде «иелік етілген», «құл», «бас бостандығы жоқ адам» деген ұғымды білдіреді. Мәмлүктердің көпшілігі моңғол шапқыншылығы кезінде тұтқынға түсіп, Дешті-Қыпшақ даласынан Мысырға сатылған. XIII–XIV ғасырларда Мысыр мен Шамда түркі (қыпшақ) тілін үйренуге үлкен сұраныс туған: мемлекет басында қыпшақ текті сұлтандар отырды. Соның нәтижесінде арабша-қыпшақша сөздіктер мен грамматикалық еңбектер кең тарады.
Зерттеушілердің пайымы
Мәмлүк-қыпшақтар XII–XIII ғасырларда Арабстан аймақтарының әскерінде алдыңғы саптағы жауынгерлер ретінде танылды. Қыпшақ текті мәмлүктер Мысыр мен Шамды шамамен 250 жыл биледі. XIII ғасырда Айюб әулетінің соңғы мұрагері Тұран шах өлтіріліп, мәмлүк мемлекетінің алғашқы билеушісі Айбек болды. Ал мемлекеттің беделін ерекше көтерген тұлға — әл-Мәлик әз-Захир Рукн әд-Дин Бейбарыс.
Негізгі ұғым
Мәмлүк (мамлюк) — бастапқыда «бас бостандығы жоқ адам» ұғымы, кейін қоғам талаптарына сай әскери-әкімшілік дәрежеге айналған атау.
II. Бейбарыстың балалық шағы
Тарихшылар
Макризи дерегінде Бейбарыстың қыпшақ даласында туғаны, көзі көгілдірлеу болғаны айтылады. Бір көзінде сүйел болғаны да жазылады. Сол ерекшелігіне байланысты бала кезінде Дамаскіде 800 динарға сатылғаны көрсетіледі. Сипаты: өңі қоңырқай, даусы ашық, мінезі отты, жігерлі адам болған.
Әдебиетшілер
Бейбарыс — мәмлүктер билеген Египеттің төртінші сұлтаны (1260–1277). Кей деректерде әкесі — Жанақ, анасы — Әйек деп беріледі. Ол 10 жасында Дамаскіде 800 дирхемге сатылғаны айтылады.
Зерттеушілер
Кей деректер Бейбарыстың қыпшақ елінен, алшын тайпасынан, беріш руынан шыққанын атап өтеді. Шыңғысхан шапқыншылығына дейін қыпшақтар Сарыарқаның солтүстік-батысынан бастап Сырдың төменгі ағысы, Маңғыстау, Еділ–Жайық аралығына дейінгі кеңістікте қоныстанған. Бұл бірлестік тарихта Дешті-Қыпшақ атауымен белгілі. Бейбарыс қыпшақ қызы Тәж-Бақытқа үйленгені, одан Сайд хан Мұхаммед пен Ахмет атты егіз ұлдары болғаны да айтылады.
III. Қолбасшылық қабілеті
Тарихшылар
Орта ғасыр мұсылман елдерінде сунниттер мен шииттер арасындағы ұзақ тартыстар болғаны белгілі. Биліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шетелдіктерден арнайы жасақтар құрылып, оның қатары тұтқынға түскен түрік және шығыс халықтарының жастарымен толықтырылып отырды. Деректерде Бейбарыстың крест жорықтары кезінде қолбасшы ретінде танылғаны, сұлтандық тұсында Египет пен Сирияның қуатты мемлекетке айналғаны, крестшілерді талқандап, моңғол басқыншыларына тойтарыс бергені айтылады.
Әдебиетшілер
Бейбарыстың тағдыры туралы айтылатын бір нұсқада оны Дамаск шаһарбасы сатып алып, кейін жақын жанашырлық танытқандардың қамқорлығымен еркіндікке қол жеткізгені баяндалады. Жас мәмлүк көшпелі бәдәуилердің көмегімен қарақшылармен қақтығыста жеңіске жетіп, беделі артып, билікке көтеріледі.
Зерттеушілер
Бейбарыс 17 жыл бойы Египет пен Сирияны крест жорықтары мен моңғол шапқыншылығынан қорғап, бытыраңқы ұсақ иеліктерді ірі саяси бірлік деңгейіне көтергені айтылады. Дегенмен деректерде оның билігі күдікшілдік пен қаталдықпен де астасқаны, сарай ішіндегі қауіп-қатердің күрделі болғаны көрсетіледі. Сондай-ақ оның қаза болуына у берілді деген нұсқалар кездеседі; өлімінен кейін билік үшін күрес күшейгені баяндалады.
Негізгі ұғым
Халифат — бірнеше мемлекеттің бірігуінен қалыптасқан ірі саяси құрылым (империялық сипаттағы бірлестік).
IV. Мысыр мәдениеті мен өрлеу дәуірі
Тарихшылар
Бейбарыс таққа отырғаннан кейін қалалардың қорғанысын күшейтіп, қамал-мұнаралар салдырды, жол бойына бекеттер мен айлақтарға шырақ орнаттырды. Әр қалада тұрақты әскер ұстап, тәртіпті нығайтып, ұры-қары мен қарақшылықты тыйғаны айтылады. Шөлейт жерлерге канал қаздырып, су құбырларын жүргізіп, көпірлер салдырды. Саудагерлерге жол ашып, мешіттер тұрғызды.
Әдебиетшілер
Мәмлүктер кезеңі Мысыр мен Шам үшін аса жоғары дәуірлеу заманы болды. 1258 жылғы Бағдадтың күйреуінен кейін көптеген ғалымдар Мысырға қоныс аударып, ғылым-білім орталығының Каирге ауысуына ықпал етті. Қыпшақ тіліне қызығушылық артып, соның нәтижесінде сөздіктер, грамматикалық оқулықтар және түрлі анықтамалық еңбектер жазылды.
Зерттеушілер
Бейбарыстың Каирдегі сарайы ел басқару дәстүріне сай салтанатты болғаны баяндалады: қызмет иелерінің лауазымы нақты айқындалып, қабылдаулар жүйелі өткізілген. Деректерде оның діндарлығы, қоғамдық тәртіпті қатаң бақылауы, Каирде масайтқыш ішімдікке және есірткіге тыйым салуы, жезөкшелік орындарды жабуы сияқты шаралар да аталады.
V. Ұлылыққа тағзым (қорытынды)
Өмір жолының түйіні
Бейбарыс 1223 жылы дүниеге келіп, 10 жасында ата-анасынан айырылып, құлдыққа сатылған. Өмірдің ауыр сынақтарын табандылығы, қайсарлығы және қыпшаққа тән батылдығы арқылы еңсеріп, 1260 жылғы қазанда 37 жасында таққа отырды. Ол моңғол шапқыншылығы мен крест жорықтарына қарсы тұрып, Сирия мен Египетті қорғады және көрші-алыс мемлекеттермен дипломатиялық байланыс орнатты. Елді 17 жыл 2 ай 12 күн басқарды.
Қайтыс болуы және мұрасы
1277 жылы 54 жасында кенеттен қаза болғаны туралы деректер бар; денесі Дамаскіге жерленген. Мәмлүктер 1250–1517 жылдар аралығында, шамамен 267 жыл билік құрды. Бейбарыс бейнесі кейінгі мәдениетте кең көрініс тапты: 1990 жылы М. Симашконың «Жусан» повесі негізінде түсірілген «Бейбарыс» фильмінде басты рөлді Н. Жантөрин сомдады. Бейбарыс туралы Р. Отарбаев драма жазды, А. Ершуов дастан арнады, суретші Ә. Жантасов бейнесін салды. Атырауда Қ. Хакимов пен Қ. Жарылғаповтың еңбегімен биіктігі 6,5 метр ескерткіш орнатылды. 2000 жылы қыркүйекте 775 жылдық мерейтойына орай ғылыми-практикалық конференция өтіп, республика көлемінде аталып өтті.
Бекіту жұмыстары (тәжірибелік тапсырмалар)
1) «Бес жолды өлең» және «Синквейн»
- Зат есім: Бейбарыс
- Сын есім: көк көзді, бойы ұзын, қайсар, өжет
- Етістік: ел биледі, сауданы дамытты, мұсылмандарға қорған болды
- Тақырыпқа қатысты 4 ұғым: адал, мейірімді, айлакер, қатал
- Синоним: сұлтан
2) Топтастыру стратегиясы
«Бейбарыс» ұғымын төмендегі қырлармен байланыстырып, кластер жасаңыз:
3) Кесте толтыру
| Жылдар | Өмірі | Қолбасшылық қабілет | Қандай елдермен байланыс болды |
|---|---|---|---|
| — | — | — | — |
4) INSERT стратегиясы
Білемін
- Қыпшақ екенін
- Арабтар жаулап алғанға дейін Атырау өңірінде туып-өскенін
Білгім келеді
- Туған-туыстары болды ма?
- Қайда жерленді?
- Әкесі мен шешесі туралы нақты деректер
Үйрендім
- Ерлік жасағанын
- Өжеттігін, сезімталдығын
- Білімділігін, мәдениеттілігін, имандылығын
Жаңа білім
- Фильм түсірілген
- Ескерткіш орнатылған
- Мешіт және өзге де нысандар бар
Үй тапсырмасы
- Бейбарыс жөніндегі өткен материалдарды қайталап, пысықтап келу.
- «Менің қиялымдағы Бейбарыс» тақырыбында әңгіме жазу.
- «Қыпшақтар» тақырыбын қайталау (§20).
Пайдаланылған әдебиеттер
- «Атырау энциклопедиясы» — Бейбарыс туралы мақала.
- «Қазақстан энциклопедиясы».
- «Атырау» газетінің 2000 жылғы жинағы.
- А. Ершуов — «Бейбарыс» (поэма-диалог).
- «Бөрте — Шыңғысханның жұбайы» (кітап).
- Өтеген Жүсіп — «Таңғажайып Бейбарыс».