Қасиетті сандарды ата
Сабақтың тақырыбы
Сандар еліне саяхат
Мақсаты
- Балалардың тез санау, цифрларды атау және сандарды ретімен қою дағдыларын бекіту.
- Геометриялық пішіндер туралы білімін тереңдету, шығармашылық қабілетін дамыту.
- Ойлау арқылы сөйлеу мәдениетін дамыту, сұраққа толық жауап беруге үйрету.
- Заттарды көлемі бойынша салыстыруға жаттықтыру.
- Топпен жұмыс істеуге, өз ойын дәлелдеуге, достық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі мен әдіс-тәсілдері
Көрнекілігі
Ойыншықтар, кеспе сандар, суреттер, қарындаштар.
Әдіс-тәсілдері
Ойын, есептеу, сұрақ-жауап.
Пәнаралық байланыс
Тіл дамыту, қоршаған орта.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Мұғалім: «Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар!» Балалар қонақтармен амандасып, орындарына жайғасады.
Мұғалім балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін смайлик таратады және ашық сабаққа белсенді қатысуға шақырады.
Тақпақ
Мен талапты баламын,
Дайын дәптер, қаламым.
Есептерді шығарып,
«Бестік» баға аламын.
Мұғалім: «Бүгін математика сабағында Сандар еліне саяхат жасаймыз. Ол үшін не істейміз?»
- Санаймыз.
- Ойланамыз (ойланбай жауап бермейміз).
Саяхат картасы
Жол нүктеден басталады. Алдымызда жол, аялдамалар, орман, тау, аң-құстар бар. Жолдан таймай жүрсек, соңында қамалға жетеміз.
Мұғалім: «Әр аялдамада тапсырмалар күтіп тұрған сияқты. Орындай аламыз ба?»
Балалар: «Орындаймыз!»
Қозғалыс өлеңі
Бір, екі, үш, төрт, бес —
Аяқты басамыз тез-тез.
1-аялдама: Күнді ашайық
Бұл аялдаманы ұзақ уақыт қараңғылық басқан: күнді бұлт торлап тұр. Күннің көзін ашу үшін сұрақтарға толық әрі нақты жауап береміз.
Сұрақтар
- Бір жылда неше мезгіл бар?
- Қоянда неше құлақ бар?
- Қасиетті сандарды ата.
- Жігіттің неше жұрты бар?
- 2 мен 3-тің қосындысы нешеге тең?
Жауаптар
- 4 мезгіл.
- 2 құлақ.
- 7 және 9.
- 3 жұрт.
- 5.
- 1 жылда неше ай бар? 12 ай.
- Қазір қай ай? Ақпан (екінші ай).
- Бір аптада неше күн бар? 7 күн.
- Бүгін аптаның нешінші күні? 2-күні.
Балалардың тапқырлығының арқасында күн ашылып, саяхатымыз әрі қарай жалғасады.
2-аялдама: Орманға жан бітірейік
Екінші аялдама — орман. Ағаштар көңілсіз көрінеді, себебі жапырақтары жоқ. Балалар 1-ден 10-ға дейінгі сандар жазылған жапырақтарды ретімен іледі.
Тапсырма
Жапырақтарды 1-ден 10-ға дейін ретімен орналастыр.
Соңында бірге санаймыз: 1, 2, 3, …, 10.
3-аялдама: Текшебектің хаты
Бұл аялдамада балаларға хат қалдырылыпты. Хат Текшебектен келеді: ол үзік сызықтардың не екенін түсінбей, көмек сұрайды.
Тапсырма
Парақтағы үзік сызықтарды қарындашпен қосып шығамыз. Сонда қандай зат шығатынын анықтаймыз.
Нәтиже
Шаршы, тік төртбұрыш, үшбұрыш, дөңгелек.
Ортақ атауы
Геометриялық пішіндер.
Сұрақ-жауап
- Тік төртбұрышта 4 бұрыш бар.
- Үшбұрышта 3 бұрыш бар.
- Дөңгелекте бұрыш болмайды (шеңбер).
4-аялдама: Өзеннен өту
Алдымыздан өзен шығады. Өзен-көлдерде түрлі балықтар мен басқа да тіршілік иелері болады. Балық бізге тапсырма дайындап қойыпты: есептерді дұрыс шығарсақ, арғы бетке тез өтеміз.
Есептер
Мұғалім есептер береді, балалар жауаптарын қателеспей табады. Мұғалім дұрыс орындауын қадағалайды.
Сергіту сәті
Орнымыздан тұрайық,
Мойнымызды бұрайық.
Қолымызды созайық,
Саусақты ашып-жұмайық.
5-аялдама: «Көршілерін тап» ойыны
Қоян өз көршілерін таба алмай отыр. Біз көмектесеміз.
Ойын шарты
- Балалардың мойнына сандары жазылған алқа (белгі) ілінеді.
- Қоян қолындағы санды көтергенде, мойнында сол саны бар бала ортаға шығады.
- Сол санның екі көршісі (бір кемі және бір артығы) шығып, оң және сол жағына тұрады.
- Ойын осылай жалғасады.
Қамал: Математика ханшайымының сыйлығы
Балалар қамалға жетеді. Есікті «түртіп» кіреміз: балалар партаның бетін үш рет ақырын соғады. Есікті Математика ханшайымы ашады.
Ханшайым: «Сәлеметсіздер ме, балалар! Сендерді көргеніме қуаныштымын! Қамалыма жеткенше көп аялдамадан мұқалмай өттіңдер. Мен тапсырмаларды орындағандарыңды сиқырлы айнамнан бақылап отырдым. Еңбектеріңе рахмет!»
Жұмбақ
Төрт бұрышты, бір ауызды.
Жауабы: сандық.
Сандықтың ішінде балалардың сүйікті тәттілері бар. Сандық апайға табысталып, топта бөлісіп жейді.
Ханшайым балалардың үйге апаратын жолды тез табатынына сенім білдіріп, қоштасады.
Қорытынды: Қонақтармен қоштасу
Мұғалім: «Балалар, қонақтармен қоштасатын кез келді. Орнымыздан тұрайық, қонақтарға қарайық».
Қоштасу өлеңі
Жүректегі жылудан
Қонақтарға сыйлайық.
Бәріміз бірге: «Сау болыңыздар!»
Ескерту: Әр аялдамаға жеткен сайын аялдамадағы тапсырмаларға немесе кездесетін кейіпкерлерге байланысты тақпақ-өлең айтуға болады.