Қаталдық бала шектен шыққан кезде ғана қолданылатын түсінікті тұрғыда айтылатын тәрбие

Бала тәрбиесіндегі еврейлер ұстанатын қағидалар

Берік Бейсенұлы

Баланы әр ұлт өзінше тәрбиелейді. Бала күнінде көрген тәрбие өсе келе оның бойына дағды болып сіңеді. Қазақ «тәрбие — тал бесіктен» деп бекер айтпаған. Әрине, баланың бақылауда болғаны жақсы. Ата-ананың өз перзентіне мейірімі шексіз болуы тиіс. Бірақ баланы қадағалаймыз деп, тым қатал ұстап жүрген жоқпыз ба? Басқа халықтар өз балаларын қалай тәрбиелейді? Осыған назар аударып көрдік.

Бала тәрбиесінде кейде артық-кем түсетін жайттар кез келген адамның өмірінде болады. Дегенмен психолог мамандардың пайымдауынша, еврей отбасыларында балаға деген мейірім мен қолдау ерекше айқын көрінеді.

1) Кемсітпеу және баланың абыройын сақтау

Еврей анасы баласын ешқашан кемсітпейді. Бала тәртіп бұзса да, оны сөгіп, ұрысуға асықпайды. Керісінше, «Менің ақылды балам мұндай орынсыз істі қалай жасап қойды екен? Бұл енді қайталанбайды» дегендей, мейірімін білдіріп, баланың өз-өзіне сенімін сақтауға тырысады. «Біздің баланың бойында кемшілік жоқ» деген ұстаным — еврей аналарына тән берік қағида. Әрине, әр жаста кемшілік болуы мүмкін, бірақ олар оны көпшілікке білдірмеуге, баланың қадірін түсірмеуге мән береді.

2) Еркіндік пен талаптың қатар жүруі

Еврей қоғамына тән екі ерекшелік жиі айтылады: баланы еркін ұстау және сонымен бірге нақты талап қою. Еркіндік — арнайы «әдіс» қана емес, ата-ана үшін табиғи қағида, таза ауамен тыныстағандай қалыпты нәрсе. Ал қаталдық тек бала шектен шыққанда, түсінікті әрі нақты түрде қолданылады. Мысалы, бала қателесіп қалса, сол үшін бірден анасының сөзін естімей, алдымен мән-жайды түсіндіру басым болады.

3) Жиі мадақтау және қолдауды жария айту

Еврей анасы баласын жиі мақтайды. Бұл үрдіс сәби кезінен басталады: тіпті шағын ғана жетістікке бола да баланы көтермелеу қалыпты саналады. Мысалы, бала сурет салса, оны «ерекше талант» деп бағалап, ынталандырады. Мұндай мадақтың жұрт көзінше айтылуы да жиі кездеседі — нәтижесінде баланың мерейі өсіп, өзіне деген сенімі бекиді.

4) Алдымен өзің үлгі болу

Еврейлер балаға сөзбен ғана емес, ісімен үлгі болуға тырысады. Отбасындағы ұрыс-керіс, орынсыз әрекет сияқты жағымсыз көріністерді баланың көзіне көрсетпеуге, тіпті сездірмеуге мән береді. Ата-ана өз жауапкершілігін сезіне отырып, баланы да жауапкершілікке баулиды.

5) Балаға әсер ететін негізгі орта — ата-ана қарым-қатынасы

Бұл тәрбиеде балаға ғана емес, әке мен шешенің өзара сыйластығына да ерекше назар аударылады. Егер бала отбасында ата-ананың бір-біріне деген құрметін көріп өссе, кейін өзі шаңырақ көтергенде де жұбайымен сондай дәстүр қалыптастыруға ұмтылады.

6) Тәрбие — баладан бұрын басталатын жүйе

Еврей отбасында бала тәрбиесі сәби дүниеге келмей тұрып басталады деген түсінік бар. Жас отбасының назарын үй мен отбасы құндылықтарына бағыттау маңызды саналады. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тәмсілі де осы ойға жақын.

Кей деректерде тәрбиеге қатысты арнайы жүйе қалыптасқаны, елді мекендер мен қалаларда ата-аналарға арналған курстардың жұмыс істейтіні, сондай-ақ діни қауымдастықтар мен мектептерде бала тәрбиесіне басымдық берілетіні айтылады.

7) Жалқаулыққа жол бермеу және уақытты жоспарлау

Тағы бір жиі айтылатын тұжырым — еврей баласы бос жүріске дағдыланбайды. Ата-ана баланың уақытын жоспарлап, пайдалы істерге бағыттайды: тіл үйрену, математикамен шұғылдану, спорт секциялары сияқты әрекеттер алдын ала ойластырылып қойылады. Соның нәтижесінде бала уақытты тиімді пайдалануға үйреніп, «бәріне үлгеру» өмірлік дағдыға айналады.

Дереккөз: islam.kz