Кім беске дайын

Сабақтың мақсаты мен сипаттамасы

Білімділік

Оқушыларды желімдеу технологиясының негізгі әдістерімен таныстыру және қарапайым бұйым жасату.

Тәрбиелік

Ұқыптылыққа, іскерлікке және тазалыққа баулу.

Дамытушылық

Қауіпсіздік ережелерін тиімді қолдана отырып, желімдеу технологиясымен дұрыс жұмыс істеу дағдыларын дамыту.

Сабақ форматы

  • Сабақтың түрі: дәстүрлі
  • Сабақтың типі: аралас
  • Сабақтың әдісі: түсіндірме–практикалық
  • Стратегиялық әдістер: интерактивті әдістер, СТО

Көрнекіліктер мен құралдар

Көрнекілігі

Слайдтар, ағаш, желім, ара және т.б.

Құралдары

Ара, бұрандалы қысқыш, егеу, сүргі және т.б.

Пайдаланылған әдебиет

  • «Технология» (6–7-сынып).
  • Е. Дүйсенов, А. Балғожаев. «Оқыту үрдісіндегі танымдық және шығармашылық әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану». Қызылорда, 2006.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, түгендеу.
  • Сыныптың тазалығын тексеру.
  • Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

Өзіндік бағалау әдісі

Оқушылар үй тапсырмасына дайындық деңгейін мұғалімнің сұрағына қол көтеру арқылы көрсетеді:

  • Кім «5»-ке дайын?
  • Кім «4»-ке дайын?
  • Кім «3»-ке дайын?
  • Кім мүлде дайын емес?

II. Үй тапсырмасын тексеру: желім түрлері

Тізбектей сұрау әдісі

Бір оқушының жауабы кез келген жерінен тоқтатылып, сұрақты әрі қарай басқа оқушы жалғастырады. Бұл әдіс зейінді шоғырландыруға және байқағыштықты дамытуға көмектеседі.

Негізгі сұрақтар

  • Казеин желімін дайындау жолдары қандай?
  • Өнеркәсіпте тақта түріндегі желімнің сапасы қандай болады?

III. Үй тапсырмасын бекіту: «Кім жылдам?»

Сұрақ-жауап арқылы оқушылардың өткен тақырыпты меңгеру деңгейі анықталады.

Сұрақ

Желім түрлерін атаңдар.

Жауап

Казеин, шел, нитрожелім және т.б.

Сұрақ

Малдың кепкен, майсыз сүйегінен, мүйізі мен тұяғынан әзірленетін желім қалай аталады?

Жауап

Сүйек желімі.

Сұрақ

Шел желімі суды өз көлемінен неше есе артық сіңіреді?

Жауап

6–10 есе.

Сұрақ

Қарағай, шырша, қайыңнан жасалған заттарды желімдеуге арналған желім түрі қандай?

Жауап

Казеин желімі.

Сұрақ

Ылғал тимейтін бөлшектерге ғана қолданылатын желім түрлерін атаңдар.

Жауап

Казеин және шел желімі.

Сұрақ

Сүт ақуыздары негізінде, майы алынған сүзбеден жасалатын желім қалай аталады?

Жауап

Казеин желімі.

Сұрақ

Нитроцеллюлоза мен шайырлардың органикалық еріткіштердегі ерітіндісінен жасалатын желім қалай аталады?

Жауап

Нитрожелім.

IV. Жаңа сабақ: желімдеу технологиясы

Желімдеу ісінің негізінде желімнің ағаш бөлшектеріне сіңіп, таралу процесі жатады. Желімнің жіңішке талшықтары үстіңгі қабаттарды өзара берік байланыстырады.

Желімдеудің сапасына көптеген фактор әсер етеді: желімнің бөлшектерге терең әрі біркелкі сіңуі, желімделетін беттердің өте тығыз жанасуы, ағаштың дымқылдығы, желімнің сол сәттегі күйі мен сапасы, пресстегі қысым күші, сондай-ақ пресстен шыққаннан кейінгі төзімділік уақыты.

Маңызды өлшемдер

  • Желім қабатының қалыңдығы шамамен 0,1 мм болуы керек.
  • Ең жоғары беріктік ағаш дымқылдығы 12–15%-дан аспағанда байқалады.
  • Ағаш дымқылдығы 8–10% болғанда желім өте жақсы ұстайды, себебі ағаш желім құрамындағы суды бойына тартады.

Желімделетін беттердің аздап кедір-бұдыр болуы тиімді: бұл желім жанасатын аумақты ұлғайтып, байланыс беріктігін арттырады.

Қауіпсіздік ережелері (желімдеумен жұмыс кезінде)

  1. 1Желімді қажетті жеріне ғана, аз мөлшерде жағыңдар.
  2. 2Көлемді затты желімдегенде, алдымен ортасына жағып, кейін таяқшамен біркелкі таратыңдар.
  3. 3Жолақша немесе ұсақ бөлшектерді желімдегенде аса мұқият болыңдар.
  4. 4Желімделген бөліктің үстіне таза қағаз жауып, сыртынан қолмен сипай басыңдар.
  5. 55–10 минут бойы тегіс әрі салмақты затпен бастырыңдар.
  6. 6Жұмыс соңында қолды міндетті түрде сабындап жуыңдар.

Сарамандық жұмыс

Жұмыс форматы

Жеке жұмыс.

Жұмыс киімі

Фартук, жеңқап.

Қажетті материалдар

Ағаш өңдеуге арналған құралдар жиынтығы.

Жұмыстың мақсаты

Шарбақты және кертікті-тиекті материалдарды құрастырып, бекітуді үйрену.

Құрастыру кезінде бөлшектердің шамамен жартысы өздері кіретін ойықтар мен тесіктерден сәл шығып, көрініп тұруы тиіс. Желім жағылғаннан кейін бөлшектер тиісті орнына қағып кіргізіліп, пресстің астына бастырылады. Бұл кезеңде құрастырудың дәл әрі дұрыс орындалғанына толық көз жеткізу қажет.

Пресстің астында бастыра желімдеу тәртібі

  1. 1Жақсы жонып, қиюластырылған тақталарды таңдап, іріктеңдер.
  2. 2Қалқанда қалай орналасатынын ескере отырып, ретімен қойыңдар.
  3. 3Тиісті жақтарына желімді біркелкі жағыңдар.
  4. 4Бұрандалы қысқыштың көмегімен мықтап бекітіңдер.

V. Жаңа сабақты бекіту: «Сиқырлы торша»

Сұрақ

Желім қабатының қалыңдығы неше мм болуы тиіс?

Жауап

0,1 мм.

Сұрақ

Ағаш материалдарының дымқылдығы неше пайыз болғанда өте жақсы, берік желімделеді?

Жауап

8–10%.

Сұрақ

Желімнің ағаш бөлшектерге сіңіп, таралу процесіне негізделген жұмыс қалай аталады?

Жауап

Желімдеу технологиясы.

Сұрақ

Ағашты желімдегенде бөлме температурасы қанша градус болуы керек?

Жауап

18–25°C.

Сұрақ

Құрал-саймандармен жұмыс істеудегі негізгі қауіпсіздік ережесі қандай?

Жауап

Құрал-саймандардың дұрыстығын алдын ала тексеру.

Сұрақ

Желімді жапсырылатын қабатқа біртегіс жағу үшін қандай құрал қолданылады?

Жауап

Қылқалам.

VI. Бағалау

Оқушылардың теориялық жауаптары мен сарамандық жұмыстағы дәлдігі, қауіпсіздік ережелерін сақтауы және ұқыптылығы ескеріледі.

VII. Үй тапсырмасы: «Идеал тапсырма» әдісі

Әр оқушы өз мүмкіндігі мен қызығушылығына сай үй тапсырмасын өзі таңдайды. Мысалы:

  • Қосымша дерек жинау.
  • Тақырып бойынша сурет салу.
  • Нұсқау картасын (инструкция) жасау.
  • Қарапайым бұйым дайындау.