Тобымыздан дөңгелекке ұқсас заттарды табайықшы
Ұйымдастырылған оқу қызметі: «Геометриялық пішіндер»
Білім саласы: Таным. Оқу қызметінің бағыты: қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру.
Мақсаты
Балалардың ой-өрісін кеңейту.
Білімділік
Геометриялық пішіндерді бір-бірінен ажыратып, дұрыс атап үйрену.
Дамытушылық
Қиялды, болжам жасауды дамыту; қабілеттерін шыңдау; сөздік қорын және қарым-қатынас дағдыларын байыту.
Тәрбиелілік
Ойын арқылы ойлауын, көріп тануын, зейінін және есте сақтау қабілетін дамыту; дербес іс-әрекетке тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
- Шаттық шеңбері
- Түсіндіру, таныстыру
- Сұрақ-жауап
- Ойын, сергіту сәті
Көрнекі құралдар
- Үлгі пішіндер
- Үлестірмелі материалдар
- Тақта
- Мультимедиа
Мотивациялық-қозғаушылық кезең
I. Ұйымдастыру: «Шаттық шеңбері»
Балалар, бүгін ерекше күн. Біздің оқу іс-әрекетімізге қатысу үшін қонақ апайлар келіп отыр. Ендеше, апайлармен сәлемдесейік: «Сәлеметсіздер ме, апайлар!»
Енді апайларға өзіміздің қандай балалар екенімізді көрсетейік:
Біз қандаймыз, қандаймыз —
Шуақты таңдаймыз.
Күлімдеген күндейміз,
Ренжуді білмейміз.
Үлкенге де — «Сіз»,
Кішіге де — «Сіз».
Баршаңызға құрметпен
Бас иеміз біз.
II. Ізденістік бөлім: «Сиқырлы таяқша» саяхаты
Балалар, қараңдаршы: менің қолымдағы жай таяқша емес — сиқырлы таяқша. Бұл таяқша сендерді «Ойнайық та, ойлайық» деген қызықты пішіндер еліне апарғысы келеді. Барғыларың келе ме?
Сұрақтар: • Қайда келе жатырмыз деп ойлайсыңдар? • Аспанда нелер бар?
Қараңдаршы, қандай керемет әлем! Біз пішіндер әлеміне келдік.
Шығармашылық тапсырма: өлең және құрастыру
Өлең
Қызыл, сары, жасыл, көк —
Алуан-алуан пішіндер.
Үшбұрыш — төбесі,
Төртбұрыш — денесі,
Ұзыншақ — есігі,
Мынау, міне — терезе.
«Үй» құрастыру
Балалар, қараңдаршы, мен не құрастырдым?
Сұрақтар: • Үй қандай пішіндерден құрастырылды? • Қай бөлігі үшбұрышқа, қай бөлігі төртбұрышқа ұқсайды?
Рефлексия және бекіту
Пішіндерді табу
Алдарыңдағы үлестірмелі материалдардан менің қолымдағы пішінді тауып беріңдер: үшбұрыш, төртбұрыш, дөңгелек.
Ойын: «Өз орныңды тап»
Балалар пішіндерді ажыратып, тапсырма бойынша өз орындарын табады.
Сергіту сәті
Ал балалар, тұрайық,
Бойымызды жазайық.
Ағаштарша тербеліп,
Кәне, сергіп алайық,
Орнымызды табайық.
Жеке жұмыс: құрастыру
Енді алдарыңдағы пішіндерден не құрастыра алатындарыңды байқап көрейік. Әр бала өз идеясын ұсынып, пішіндерден түрлі бейнелер құрастырады.
Қорытынды
Жарайсыңдар, балалар! Бүгін барлығың оқу іс-әрекетіне белсенді қатыстыңдар.
Пішіндерді ажыратып, дұрыс атай білуді үйрендіңдер. «Ойнайық та, ойлайық» елі сендерге ұнады ма?
Ендеше, осындай көтеріңкі көңіл күймен тобымызға қайтайық. Балаларды мадақтау және бағалау жүргізіледі.
Күтілетін нәтиже
Біледі
Түстерді ажыратып, атай алады.
Түсінеді
Төртбұрыш, үшбұрыш, дөңгелек ұғымдарын түсінеді.
Қолдана біледі
Әртүрлі материалдар мен заттарды пайдаланып, пішіндерден құрастыру жасай алады және ұқсас заттарды табады.
Автор туралы
Атырау қаласы, МКҚК №29 «Нұрсая» бөбекжай-балабақшасы. I санатты тәрбиеші: Қарасаева Гүлнар Жұмабайқызы.
Қысқаша түйін
Сабақ ойын арқылы ұйымдастырылып, балалар дөңгелек, үшбұрыш, төртбұрышты танып, күн мен үй сияқты қарапайым құрастыру жұмыстарын орындады.