Шәкірттің білімді болуы - ұстаз қолында

Ұстаз жауапкершілігі және білім беруді жаңарту

«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында».— Н. Ә. Назарбаев

Еліміздің ертеңгі болашағы — жас ұрпақ. Сондықтан оларға терең әрі сапалы білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін құрастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Қазақстанда орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына жүйелі өзгерістер енгізілуде.

Жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілетін дамыту, белсенділігін арттыру, білімге деген құштарлығын ояту және алған білімін өмірде қолдана білуге бағыттау — ұстаздың басты міндеті. Сонымен қатар оқушылардың отансүйгіштік қасиетін нығайту да маңызды. Өйткені мектептің әр күні ғылыми жаңалықтармен, терең әлеуметтік өзгерістермен үндесіп жатыр.

Бұрын оқу үдерісінде мұғалім басты рөл атқарса, бүгінде мектептің нәтижесі оқушының іс-әрекеті мен жетістігі арқылы бағаланады. Қазіргі заманда «нені оқыту» ғана емес, «қалай оқыту» әлдеқайда маңызды. Сабақ барысында оқушының іздену және зерттеу дағдыларын қалыптастырып, пәнге қызығушылығын арттыратын әдістер мен тәсілдер жеткілікті.

Негізгі басымдық

Мұғалімнің басты мақсаты — оқушылардың функционалдық сауаттылығын және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамыту.

Үйреніліп жатқан белсенді әдіс-тәсілдерді дәстүрлі әдістемелік жүйемен толықтай салыстыруға келмейді. Жаңа сабақ құрылымын жоспарлау барысында қолданылатын тәсілдер оқушылардың ынтымақтастықта жұмыс істеуіне, ойын еркін жеткізуіне және шығармашылық қабілеттерін дамытуына нақты ықпал ететініне көз жетеді.

Бұл өзгерістер әр мұғалімнің шеберлігін шыңдап, жас ұрпақтың білімінің нәтижелі болуына бағытталған жүйелі жұмысты ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында алған теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру — менің кәсіби міндетім.

Құзыретті мұғалімнің ұстанымы

  • Оқушының жеке тұлғалық ерекшелігіне мән беру
  • Оқуға ынта мен жауапкершілікті қалыптастыру
  • Сыни ойлау, қарым-қатынас, ынтымақтастық дағдыларын дамыту

Жаңартылған білім беру бағдарламасының нәтижесінде тәуелсіз ойлайтын, ғылымға қызығушылығы оянған, білім алуға бейім, өзіне сенімді, жауапты, сыни тұрғыдан ойлай алатын және өзгелермен тіл табыса білетін оқушылар қалыптасады деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, бұл бағдарламаның жаңашылдығы әр ұстаздан шығармашылық көзқарасты, заманауи технологияларды саналы меңгеруді және кәсіби шеберлікті үздіксіз жетілдіруді талап етеді. Білімнің шексіз мүмкіндіктерін орынды әрі тиімді жүзеге асыру — тиянақты еңбектің нәтижесі.

ХХІ ғасыр талабы

Бүгінгі міндеттерді сапалы жүзеге асыру арқылы Қазақстанның дамуына өз үлесімізді қоса аламыз. Шәкірттің білімді болуы — ұстаздың қолында. ХХІ ғасыр — білімділер ғасыры. Сондықтан ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты, парасатты ұрпақ тәрбиелеу қажеттігін бір сәтке де естен шығармауымыз керек.