Әңгімелер арқылы оқушылардың тілдерін дамыту, сөздік қорларын молайту

Қызылорда облысы, Арал ауданы №2 мектеп-интернатының тәрбиешісі: Балманова Ғазиза

Тақырыбы

Шыдамдылық — асыл қасиет

Әдісі

Әңгімелеу, тест

Мақсаты

Шыдамдылық туралы түсінікті кеңейту және оны өмірде қолдануға үйрету. Әңгіме арқылы оқушылардың тілін дамыту, сөздік қорын молайту. Сабыр сақтауға, төзімділікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Интерактивті тақта, слайд

Шыдамдылық туралы ой қозғау

Шыдамдылық деген не? Оны қандай жағдайларда ерекше қажет деп ойлайсыз?

Шыдамдылыққа байланысты қандай мысалдар келтіре аласыз? Өз өміріңізден немесе көрген-білгеніңізден қысқа оқиғалармен бөлісіп көріңіз.

Төмендегі әңгімені тыңдап (немесе оқып), әрі қарай талқылау өз құзырларыңызда: оқиғада қай тұста сабыр сақтау маңызды болды, ал қай әрекет салдарға әкелді?

Әңгіме: «Жазықсыз жазықты»

Жазғы демалыс басталған кез еді. Мақсат есімді жиенім екеуміз ауылға барамыз деп жоспарладық. Шаштаразға кіріп, шашымызды алдырып, қамсыз келе жатқанбыз.

Жолда бір бала артымыздан қалмай қойды. Бізге мазақтай қарап, ыржалақтап күліп, мазамызды алды. Қалжыңдасатын құрдасымыз да, танысымыз да емес. «Қой» десем, әлгі бала қылығын одан сайын үдете түсті.

— Маған айтып жатырсың ба? — десем, ол тіпті есіріп кетті.
— Иә! — деп шиқылдайды.

Бұл аздай, едіреңдеп, дөңайбат көрсете бастады. Біздің «тыныш құтылсақ» деген ниетімізді қорыққанға балаған сияқты. Көтерген жұдырығын қағып жіберіп, сол қолыммен оны бір ұрып қалдым. Ол құлап түсті. Мен әрі қарай жүріп кеттім.

Үйге кіргенім сол еді, Мақсат телефон соқты.

— Дастан, шатақ болып жатыр. Сені полиция іздеп жүр, — деді.

Сенбей, жаңағы жерге өзім бардым. Алыстан бақылап тұрмын. Мақсаттың айтқаны рас екен: жедел жәрдем көлігі де келіп тұр. Мен ұрған баланың миы шайқалыпты. Денем түршігіп, жүрегім дүрсілдеп кетті.

Алды-артыма қарамай қаштым. Бірақ қашқанда қайда барасың? Полиция мені бөлімшеге алып келді. Шырылдап шешем, қабағы түсіп әкем жетті. Олар әйтеуір бір мәмілеге келген сияқты. Күзетші сержант «енді боссың» деп мені қоя берді.

Ата-анам жәбірленушінің аяғына жығылып, айыбын төлеп, әрең кешірім алыпты. Мұны білгенде ұяттан өртеніп кете жаздадым. Не десем де, жағдайды ушықтырған әрекет менікі еді. Ал оны қалай дәлелдейсің? Әлгі бұзақы баланың таяқ жегені рас қой.

Осы оқиға ұзақ уақыт есімнен кетпей жүрді…

Талқылауға сұрақтар

  • Оқиғада сабыр сақтаудың ең дұрыс жолы қандай болар еді?
  • Ашу қысқанда адам нені ұмытып кетеді?
  • Шыдамдылық пен әлсіздіктің айырмасы неде?

Негізгі ой

Бір сәттік ашу кейде ұзаққа созылатын салдарға әкеледі. Шыдамдылық — эмоцияны басу ғана емес, жағдайды дұрыс бағалап, қауіпсіз әрі әділетті шешім таңдай білу.

Қызықты тест: «Сен қандай оқушысың?»

Кейбір оқушылар сабақ үстінде өздерін еркін, көңілді ұстайды. Ал кейбіреулер керісінше іштері пысып, тықыршып, қоңырауды асыға күтеді. Кейде қасындағы, артындағы, алдындағы оқушыларға сыбырлап, қағаз лақтырып, ақыр соңында мұғалімнен ұрыс естиді.

Дегенмен сыныптастарың мен мұғалімге әрдайым жағымды әсер қалдыру — өз қолыңда.

1) Сен күлдіргі әңгімелер білесің бе?

  • A) Иә, көп білемін.
  • B) Білемін, бірақ сабақ үстінде айтуға болмайды.
  • C) Білмеймін.

2) Кез келген өлеңнің бір шумағын жатқа айта аласың ба?

  • A) Иә, айта аламын.
  • B) Айтамын, бірақ сөздерін шатастырып аламын.
  • C) Жаттауға тырысып жүрмін, бірақ қолымнан келер емес.

3) Би билеуге қалайсың?

  • A) Билей аламын.
  • B) Билей алмаймын.
  • C) Тек балабақшада үйренген билерді билеймін.

4) Басыңды жерге қойып тік тұра аласың ба?

  • A) Басыммен де, денемнің басқа мүшелерімен де тұра аламын.
  • B) Біреудің көмегі арқылы ғана тұрамын.
  • C) Бас түгілі аяғыммен әрең жүрмін.

5) Тіліңді мұрныңа дейін жеткізе аласың ба?

  • A) Жеткіземін.
  • B) Тек басқа адамның мұрнына ғана.
  • C) Жаттығып жүрмін.

6) Сен қандай да бір өнер көрсете аласың ба?

  • A) Көрсете аламын.
  • B) Мұғалімнің дауысын салып беремін.
  • C) Білмеймін, байқап көрген жоқпын.

A жауабы көп болса

Сен өте көңілді оқушысың. Мектепте де, үйде де адамдардың көңілін таба білесің. Ойыңа келгенді қысылмай айта саласың. Сыныптастарың сені қатты сыйлайды, тіпті саған ұқсағысы келетіндер де болуы мүмкін. Осы қалпыңды сақтасаң, сыныпта «супер оқушы» атануың ғажап емес.

B жауабы көп болса

Сен сыныптастарыңның алдында біреуден артық та, кем де болып көрінгің келмейді. Әрқашан айтар сөзіңді ойланып барып айтасың. Мұғалімдер сені жасыңа қарағанда салмақты деуі мүмкін, ал сыныптастарың кейде «ешкімді менсінбейді» деп қате түсінуі ықтимал. Сол үшін өзіңнің шынайы болмысыңды көрсетіп, еркінірек ашылғаның дұрыс.

C жауабы көп болса

Сен өте тұйық болуың мүмкін. Сабақ айтқанда абыржып, сасқалақтап қаласың, сыныптастарыңмен де көп ашылып сөйлеспейсің. Кейде өзіңе өзгелердің бәрі сенен артық сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде олай емес: олардың қолынан келгеннің көбі сенің де қолыңнан келеді. Тек өзіңе деген сенімділік қажет.

Темперамент пен мінез туралы талқылау

Әр оқушының сабақтағы мінез-құлқы темпераментімен, өз-өзіне сенімімен, ортаға бейімделуімен байланысты. Кейде көңілділік — белсенділік белгісі, ал тыныштық — байыптылықтың көрінісі. Ең маңыздысы — өз ерекшелігіңді түсініп, оны дұрыс арнаға бағыттай білу.

Талқылауға ұсыныс

  • Темперамент мінезге қалай әсер етеді?
  • Сабыр сақтау дағдысын күнделікті өмірде қалай дамытуға болады?
  • Қиын жағдайда өз эмоцияңды басқаруға көмектесетін 2–3 тәсіл ұсыныңыз.

Қорытынды

Шыдамдылық — өмірдің әр сәтінде қажет қасиет. Ол адамды асығыс шешімнен сақтайды, қарым-қатынасты реттейді, жауапкершілікті арттырады.

Әңгімедегі оқиға бір нәрсені айқын көрсетеді: кейде «дұрыс» болу жеткіліксіз, ең бастысы — өзіңді ұстай білу. Сабыр сақтай алған адам көбіне ең дұрыс жолды да табады.