Білімнің негізі бастауышта қаланатынына көз жеткізу
Тәрбие сағаты: «Қош бол, бастауыш!»
Мақсаты
- Білімнің негізі бастауыш сыныпта қаланатынын ұғындыру.
- Бастауыш сыныппен және алғаш қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазымен қоштаса отырып, орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстыру; әр баланың ерекшелігін аша отырып, сәт сапар тілеу.
- Мектепті, ұстаздарды құрметтеуге баулу, білімге құштарлығын арттыру; «Мәңгілік Ел» құндылықтары аясында Қазақстанның патриот ұлы мен қызы болып қалыптасуына тәрбиелеу.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Міржақып Дулатұлының өлең жолдары негізінде
«Бұл оқу тамақ болар қарны ашқанда,
Жол табар қараңғыда адасқанда.
Мал озбас, біле білсең, білім озар,
Ақыры керек болар бір сасқанда», — деп Міржақып ақын айтқандай,
тарыдай болып кіріп, бүгін ақыл-ойы толысқан, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттеріміздің
ұйымдастыруымен өтетін «Қош бол, бастауыш!» мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер!
Қош келдіңіздер, құрметті ата-аналар, қымбатты әріптестер, оқушылар! Бүгін — бәріміз үшін ерекше күн. Өйткені осыдан төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған бүлдіршіндеріңіз бастауышта білім алып, қанаттарын қатайтып, бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.
«Бесіктегі баланың күлгенін көрген — бір мұрат,
Алдына түсіп ананың жүргенін көрген — бір мұрат», — дегендей,
бастауыш сыныпты тәмамдап отырған түлектерімізді ортаға шақырайық!
Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да,
Мұндай күй болған шығар қаншаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық,
4-сынып түлектерін ортамызға!
Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға шығады.
Алдарыңызда тұрған 4-сынып оқушылары осыдан төрт жыл бұрын алты жасар бала еді, ал бүгін — ес біліп, етек жиған шәкірт. Армандасаң да, қиялдасаң да балалық шағың көз алдыңа келеді. Себебі биік асуға бастайтын ғажайып өмір дәл осы бал күлкілі балалық шақтан басталады.
Бүгін біздің бүлдіршіндер өміріне өшпес із қалдырған бастауышымен қоштасып, бір белеске тағы да есейіп өтпек. Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолын табуға жетелеген ұстаздарына және ата-аналарына өз өнерлерін көрсетуге дайын.
Оқушылардың сәлемдесуі
Арсен
Өлең
Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар, ұстаздарым қымбатты!
Мерей
Өлең
Армысыздар, әжелер мен аналар!
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар.
Санжар
Өлең
Армысыздар, өр тұлғалы әкелер!
Қыран құстай балапанын мәпелер.
Бүгін міне бастауышпен қоштасады,
Азамат боп, кешегі сәби-еркелер!
Еркежан
Өлең
Армысың сен, алтын ұя мектебім!
Саған айтар жыр-алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мектебіме арналады бұл әнім!
Хор
«Мектебім» әні
Түлектердің сөзі
Бастауышпен қоштасу сәті
Салих
СөзҚұрметті ұстаздар, аяулы достар, қадірменді ата-аналар! Бүгін біз үшін қуанышқа толы үлкен мереке. Біз төрт жыл бойы білім беріп, ой-санамызды дамытқан, адалдыққа тәрбиелеп, білімнің соқпағынан ғылымның арнасына кең жол ашқан бастауыш сыныппен қоштасқалы отырмыз.
Ділназ
СөзАлдарыңызда тұрған балалар осыдан төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған кіп-кішкентай балдырғандар еді. Енді міне, ойлары да, бойлары да өсіп, егемен еліміздің жарқын болашағын жасау мақсатында орта буынға қадам басып отыр.
Мектепке арналған жырлар
Санжар
Өлең
Мектебім, жылы ұя — бесігім,
Мен үшін күнде ашық есігің.
Білімнің шуағын мол шашқан
Ұстазым, қымбат қой есімің.
Мектебім — сүйікті мектебім,
Бауырыңда түлеймін, көктеймін.
Сен — бұлақ, мен — қайың бүр ашқан,
Өзіңнен нәр алып көктедім.
Еркежан
Жүргізуші сөзіИә, мектебімізге қандай жыр арнасаң да жарасады. Ендеше сыныптастарымыздың бастауыш мектепке арнаған жырларын тыңдайық.
Мерей
Өлең
Мектеп деген — білім кені, жыр кені,
Мектеп деген — ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген — тәрбиеші адамға,
Мектеп деген — даналардың мекені.
Арсен
Өлең
Мектебім — сауат ашқан алтын ұям,
Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.
Баулыған төрт жыл бойы ата-анамдай,
Әрқашан қасиетті атың маған.
Арада өтсін мейлі тағы төрт жыл,
Әр күні балалықтай бір жүрек бұл.
Өзіңе борыштармын өмір бойы —
Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.
Санжар
Өлең
Бастауышым — алтын ұя, бұлағым,
Саған айтар жыр-алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі, мектебім.
Мерей
Өлең
Бастауышым — балбұлағым,
Лаулап жанған шам-шырағым.
Өзің берген біліміңмен,
Самғап ұшар тау қыраным.
Өтті сенде қызық шағым,
Бастауышым — бал бұлағым.
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғаймын.
Естелік жолдар
Алғашқы қадамдар мен сынып ережесі
Салих
Өлең
Жасқана кіріп жарық сыныпқа біз,
Әр бетін Әліппенің күле ашқанбыз.
Мұғалім сабақ өтіп жатқан кезде,
Қайталап атымызды сұрасқанбыз.
Әр үйдің ерке өскен тентегі едік,
Ақылға келе алмадық ерте көніп.
Бойымыз бірте-бірте үйренісіп,
Мектептің ережесін үйрендік кеп.
Автор туралы мәлімет
- Аймақ
- Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Ақсу ауылы
- Мектеп
- Ақсу орта мектебі (КММ)
- Мұғалім
- Раимжанова Гүлшахарат Кодаровна, бастауыш сынып мұғалімі