Күшік пен мысық
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Білім саласы
Әлеуметтік орта, қатынас
Бөлімі
Қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту
Тақырыбы
Күшік пен мысықай — біздің көршілеріміз
Мақсаты
-
Балалардың үй жануарлары туралы білімдерін кеңейту.
-
Үй жануарларының жағдайын бақылауға үйрету.
-
Үй жануарларымен өзін ұстау ережелерімен таныстыру.
-
Адамның жануарларға дұрыс қарым-қатынасы қандай болуы керектігін түсіндіру.
-
Жануарларға қамқорлық жасауға, мейірімділік танытуға тәрбиелеу.
-
Табиғатта қауіпсіз жүріс-тұрыстың қарапайым дағдыларын дамыту.
Әдіс-тәсілдер мен көрнекілік
Әдіс-тәсілдер
- •Таныстыру
- •Көрсету
- •Түсіндіру
- •Қорытындылау
- •Ғажайып сәт
- •Сұрақ-жауап
Көрнекіліктер
- •Суреттер, слайдтар
- •Ойыншық мысық пен ойыншық күшік
- •Дидактикалық ойындар: «Төлдерді ата!», «Бола ма, әлде болмай ма?»
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі: топтық жиын
Шаттық шеңбері
Сәлеметсің бе, Алтын күн!
Сәлеметсің бе, Жер-ана!
Сәлеметсіздер ме, қонақтар!
Сәлеметсіздер ме, достарым!
Сендерді көргеніме қуаныштымын!
Тәрбиеші: «Балалар, сендерді осындай кең, жарық бөлмеде көріп тұрғаныма өте қуаныштымын. Сол қуанышымды, алақанымның жылуын, жайдары күлкімді бәріңе сыйлағым келеді».
2) Ғажайып сәт
Есік қағылып, ішке күшік пен мысықай кіреді. Екеуі де жарақаттанған.
Тәрбиеші: «Сәлеметсіңдер ме? Келіңдер, төрлеңдер. Балалар, бізге қонаққа кімдер келді?»
«Сендерге не болды?» — деп сұрағанда, күшік пен мысықай үнсіз қалады.
Тәрбиеші: «Жарайды, қазір айтуға көңілдерің жоқ сияқты. Мына орындыққа отырыңдар. Балалардың әңгімесін тыңдаған соң, көңілдерің жақсарып қалар».
3) Дидактикалық ойын: «Төлдерді ата!»
Күшік пен мысықайдың көңілін көтеру үшін төлдердің суреттерін (слайд арқылы) қарап, олардың аттарын атаймыз.
Ойыннан кейін балалар төлдер туралы тақпақтарын оқып береді.
4) Сергіту сәті: «Көлеңке»
Көлбең, көлбең, көлеңкем, Көлбеңдеген көлеңкем, Мысық қалай жүреді? Кім көрсете біледі? Мысық былай жүреді, Көлеңкем де біледі. Көлбең, көлбең, көлеңкем, Көлбеңдеген көлеңкем, Күшік қалай үреді? Кім көрсете біледі? Күшік былай үреді, Көлеңкем де біледі.
5) Әңгімелеу: «Бізге не болды?»
Тәрбиеші: «Мысықай, күшік, көңілдерің көтерілген сияқты. Енді айтыңдаршы, сендермен не болды?»
Күшік пен мысықай: «Біз далада ойнап жүрген балаларды көріп, олармен бірге ойнағымыз келіп қастарына бардық. Олар бізбен ойнаған болып, бірде құлағымызды бұрап, бірде құйрығымыздан тартып, қатты жұлқылады. Күшіктің құлағы қатты ауырып, ол байқаусызда балалардың біреуін тістеп алды. Содан кейін балалар бізге тас лақтырып, қуа бастады. Әзер қашып құтылдық».
Тәрбиеші балаларға сұрақ қояды: «Олардың бұл әрекеті дұрыс па? Неге олай ойлайсыңдар?»
6) Қауіпсіздік және әдеп ережелері
Жануарға зиян келтіретін әрекеттер
- •Құйрығынан тарту
- •Құлағын бұрау
- •Көзін шұқу
- •Жүнінен жұлқылау
Мұндай әрекеттер жарақатқа әкеледі және жануар өзін қорғау үшін тістеп немесе тырнап алуы мүмкін.
Көшеде сақ болатын жағдайлар
- •Бөтен ит пен мысыққа жақындамау
- •Қол созып сипамау
- •Тамақ ішіп жатқан жануардың қасына бармау
Тамақ ішіп тұрған жануар өз асына қызғаныш білдіруі мүмкін, сондықтан әрдайым абай болу қажет.
7) Ойын: «Бола ма, әлде болмай ма?»
Тәрбиеші суреттер көрсетеді, ал балалар ондағы әрекеттерді жасауға бола ма, әлде болмай ма екенін анықтап айтады.
Қорытынды: балалар мысықай мен күшікке дұрыс қарым-қатынас жасауды, қауіпсіздік ережелерін меңгереді.
8) Қорытынды ойын: «Ветеринар»
Балалар күшік пен мысықайдың жарақатын «емдеп», оларға қамқорлық көрсетеді және аналарына қайтуына көмектеседі.