Көмектес септігі
Сабақ тақырыбы: Көмектес септік
Бұл сабақта оқушылар көмектес септіктің мәнін түсініп, оған қойылатын сұрақтарды, жалғауларын және сөйлем ішінде дұрыс қолданылуын меңгереді. Жұмыс түрлері топтық талқылау мен ойын элементтері арқылы ұйымдастырылады.
Сабақ мақсаттары
Білімділік
Көмектес септік туралы түсінік беру, сұрақтарымен таныстыру, жалғауларын меңгерту, көмектес септіктегі сөздердің жалғауын ажырата білуге үйрету.
Дамытушылық
Топпен жұмыс істеу, ойлау, есте сақтау, зерделеу қабілеттерін дамыту; сөздік қорын байыту; сауатты жазу және сөйлеу дағдыларын жетілдіру.
Тәрбиелік
Сауаттылыққа, дұрыс әрі мәдениетті сөйлеуге, жылдамдыққа, ұқыптылық пен таза жазуға тәрбиелеу.
Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу, сабаққа назар аударту.
- Топқа бөлу.
- Сабақ басталар алдында өлең шумағын тыңдау.
Өлең шумағы
Ал, қанекей, балалар,
Бері қарай қарайық.
Қажет құрал, кітапты,
Алдымызға алайық.
Алаңдамай басқаға,
Сабаққа назар салайық.
Дұрыс жауап шешімін,
Мұқиятпен табайық.
Сұрақ: Қазір қандай сабақ?
Жауап: Қазір қазақ тілі сабағы.
Бүгінгі сабақ ерекше өтеді, себебі сыныбымызға қонақтар келіп отыр. Көк туымыз әрдайым биіктен көрінуі үшін, біз де жақсы оқып, тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлесімізді қосуға тырысамыз.
Мақсат қою кезеңі
Сабақтың тақырыбы мен мақсаты хабарланады. Оқушылардың септік туралы бұрынғы білімдері кеңейтіліп, көмектес септікке қойылатын сұрақтар мен жалғаулар меңгертіледі. Сонымен қатар көмектес септіктегі сөздердің жалғауларын ажыратып, дұрыс қолдану дағдылары бекітіледі.
Үй тапсырмасын тексеру
Керекті сөздер
Білімді жан-жақты тексеру
- Шығыс септіктегі сөздер қандай сұрақтарға жауап береді?
- Шығыс септігінің жалғауларын атаңдар.
Өткен сабақ жақсы меңгерілгені байқалады.
Қызығушылықты ояту: пікір алмасу
Сұрақ
Қазір қай мезгіл?
Жауап: Қыс.
Сұрақ
Қыста ауа райы қандай болады?
Жауап: Суық, боранды, қар жауады.
Сұрақ
Қыста қандай спортпен шұғылданасыңдар? Қысқы спорт түрлерін атаңдар.
Жауап: Шаңғы, коньки, хоккей, шана.
Тақырыптық байланыс: Қысқы Универсиада
2017 жылы XXVIII қысқы Дүниежүзілік универсиада 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өтті. Алдын ала мәлімет бойынша, жарысқа 50 елден 5 мыңнан астам студент қатысып, шамамен 3 мыңға жуық еріктіні жұмылдыру жоспарланды. Универсиада аясында спорттың 13 түрінен (8 міндетті, 5 қосымша) жарыстар өткізілді.
Универсиаданың тұмары ретінде сұңқар таңдалды. Ол жылдамдықты, жеңілдікті, күш-қуатты және жеңіске деген ұмтылысты бейнелейді. Ұраны ретінде «Қанатыңды кең серпі!» тіркесі ұсынылды.
Бәріміз осы жарыста қазақстандықтарға жанкүйер болайық!
Тапсырма: сөздерді септеу
«Жанкүйер», «жеңіс», «жарыс» сөздерін септеңдер (топпен жұмыс).
Мысал: «жанкүйер»
Атау: жанкүйер
Ілік: жанкүйердің
Барыс: жанкүйерге
Табыс: жанкүйерді
Жатыс: жанкүйерде
Шығыс: жанкүйерден
Көмектес: жанкүйермен
Ескерту: көмектес септік формасы осы сабақтың негізгі тақырыбы ретінде жеке қарастырылады.
Жаңа материал: Көмектес септік
Ой қозғау
Сұрақ: «Жәрдемдес», «қол ұшын бер» дегенді басқаша қалай айтуға болады?
Жауап: «Көмектес».
Демек, бүгінгі тақырыбымыз — көмектес септік.
Топтық жұмыс: «Септіктің жеті ұлы» ертегісі
Ертегіні тыңдап, ішінен септік жалғаулары бар сөздерді табыңдар. Қай топ көп сөз тапса, сол топ көбірек ұпай жинайды.
Ерте, ерте, ертеде қазақ тілі елінде, зат есімнің жерінде «Септік» деген қария өмір сүріпті. Оның жеті ұлы болыпты: Атау, Ілік, Барыс, Табыс, Жатыс, Шығыс, Көмектес.
Бір күні қария балаларын шақырып алып: «Балаларым, сендер талаптысыңдар, ертеңдеріңді ойлайсыңдар. Сондықтан бір апта уақыт беремін: жан-жақты бақылап, өмірге керек құралдарыңды тауып келіңдер», — депті.
Уақыт өтіп, балалар қайта оралыпты. Әкесі: «Қане, олжаларыңды көрсетіңдер», — дейді. Сонда әрқайсысы өз сұрағын айтыпты:
Атау: кім? не?
Ілік: кімнің? ненің?
Барыс: кімге? неге?
Табыс: кімді? нені?
Жатыс: кімде? неде?
Шығыс: кімнен? неден?
Көмектес: кіммен? немен?
Кейін олар өз жалғауларын да таныстырыпты:
Ілік: -ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің
Барыс: -ға, -ге, -қа, -ке
Табыс: -ны, -ні, -ды, -ді, -ты, -ті
Жатыс: -да, -де, -та, -те
Шығыс: -нан, -нен, -дан, -ден, -тан, -тен
Көмектес: -мен, -бен, -пен.
Басы салбырап Атау келіпті. Әкесі: «Неге кешіктің?» — дейді. «Ештеңе таппадым», — депті ол. Сонда қария алты баласына қарап: «Сыннан жақсы өттіңдер. Атауды кешіріңдер, ағаларың ғой. Бірлік бар жерде — тірлік бар. Бәрің бірлесіп еңбек етсеңдер, қандай қиындық болса да жеңесіңдер», — депті.
Қорытынды ой: «Бірлік бар жерде — тірлік бар». Сабақта да бірлесе отырып тапсырмаларды орындаймыз.
Дәптермен жұмыс: көркем жазу
Жақсы көмек етеді,
Жаман күліп кетеді.
Жазу барысында әріптердің байланысуына, жоларалық қашықтыққа және тазалыққа мән беріңдер.