Дастархан басындағы дәстүрлер
Тәрбиелік шара туралы
Бұл тәрбиелік шара оқушыларды дастархан басындағы әдепке баулып, үлкенді құрметтеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қазақ халқының салт-дәстүрін тереңірек таныту мақсатында құрастырылған.
Тақырыбы
Берекелі дастархан
Мақсаты
Дастархан басындағы әдептілік туралы әңгімелеу арқылы үлкенді құрметтеуге тәрбиелеу.
Білімділік
Қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптей отырып, дастархан басында сақталатын рәсімдер мен ырым-тыйымдарды түсіндіру және ұлттық тағам түрлерімен таныстыру.
Дамытушылық
Халық педагогикасына сүйене отырып, сәндік қолданбалы өнердегі ою-өрнек үлгілерінің мәнін оқушы санасына жеткізу.
Тәрбиелік
Ұлттық қолөнерді ұғындыру арқылы оқушыны үлкенді құрметтеуге, ізеттілік пен мәдениетті қарым-қатынасқа тәрбиелеу.
І. Ұйымдастыру бөлімі
Үлкенге де «Сіз»,
Кішіге де «Сіз».
Бар адамға құрметпен,
Бас иеміз біз.
І топ
Береке ауылы
ІІ топ
Молшылық ауылы
ІІІ топ
Татулық ауылы
Ой шақыру
Жүргізуші: Ауылдағы ата-әжелеріңізді сағынған боларсыздар?
Ауылдан үлкендер қонаққа келеді. Ауылдан келген қонақтарды қарсы алып, төрге отырғызайық. (Бір апта бұрын оқушылардың ата-әжелері қонаққа шақырылды.)
Жүргізуші: Қазақ халқы — қонақжай халық. Ендеше қонақтарымызға құрмет көрсетейік.
Қонақтарымызды төрге отырғыздық. Енді қандай құрмет көрсетілетінін білгілерің келе ме? Ендеше жұмбақ шешіп, ата-әжелерімізге өнерімізді көрсетейік.
Жұмбақ
Алға жайып тұз-дәмін,
Кең пейілді, арайлы,
Келтіреді үй сәнін,
Осы жерден тарайды.
Ол халқымның ақ жаны,
Жақсы дәстүр маржаны.
Бұл не?
Жауабы
Дастархан
Бүгінгі тәрбиелік шарамыздың тақырыбы — «Берекелі дастархан». Қадірменді қонақтар, берекелі дастархан басына қош келдіңіздер!
Шараның жүру барысы
- 1 Дастархан басындағы дәстүрлер
- 2 «Бала тілі — бал»: дастархан мәзірі
- 3 Ырым-тыйымдар (жауапты үш тілде айту)
ІІ. Дастархан басындағы дәстүрлер
Қазақ халқы қуанышты да, қайғыны да дастархан басында бөліскен. Ас ең алдымен ата-анаға, үлкен кісіге ұсынылады. Өсиет айту, бата беру, достасу — бәрі де дастархан үстінде орныққан.
Сондықтан халық дастарханды «Құттыханның берекесі» деп қасиет тұтады. Дастархан дәмі — киелі. «Оны татып, келісімін бұзса, астың киесі ұрады» деген ұғым бар.
Дастархан үстіндегі негізгі рәсімдер
- Ас қою, ас ұсыну, ас алу, ас қайыру.
- Асқа бата беру.
- Тазалық сақтау, түзу отыру, асты сылпылдатпай ішу.
- Қасықты оң қолда ұстау, асықпай әрі әбден шайнап жұту.
Тамақтану аяқталған соң, әдетте ең үлкен әрі құрметті адам асқа бата береді. Тойларда дастархан жаю — мәдениетті дәстүр.
Ұлттық тағам және денсаулық
Қазақ халқы майлы тағамды, майлы етті жоғары бағалаған. Бұл — қыстың қақаған аязына төтеп беру үшін қалыптасқан тағам мәдениеті. Сонымен бірге қымыз бен шұбатты тұрақты пайдаланған: олардың құрамындағы қышқылдар майдың қорытылуына көмектеседі әрі тез сіңетін сусынға жатады.
Көшпелі тұрмыс пен мал шаруашылығы басым болғандықтан, бау-бақша, көкөніс, жеміс-жидек кең көлемде өсірілмеген. Дегенмен ет пен сүт өнімдері үздіксіз қолданылғандықтан, ағза маңызды дәрумендерді (C, D, B, A, K және т.б.) жеткілікті деңгейде алған.
Көрініс: қол жуу әдебі
Жүргізуші: Рүстем, қонақтардың қолына су құйып жібере ғой.
Рүстем үлкендердің қолына су құйды. Оқушылар үлкендердің аузынан қол жууға қатысты ережелерді тыңдады. Кейін Рүстем Айдананың қолына су құйды, ал Айдана қолын сілкіп жіберді.
Рүстем: Айдана, суды сілкіп шашуға болмайды. Қазақ халқында «Судай араз боласың…» деген ырым бар.
Айдана: Мен ондай ырымның бар екенін білмеппін. Кешіріңіздер!
Жүргізуші: Балалар, су шашып ойнауға бола ма?
ІІІ. «Бала тілі — бал»: дастархан мәзірі
Дарханның атасы ауылдан әжесі беріп жіберген сандықшаны ұсынады. «Ғажайып сандықша» әдісі арқылы оқушылар жұмбақ шешіп, дастархан мәзірін құрастырады.
Тұспалдап айту үлгісі
«Ол ақ, қатты. Әжем ауылдан беріп жібереді. Сүттен кептіріліп жасалады… Ол не?»
Жауабы: құрт.
Осылайша бейнероликтегі тұспал жұмбақтар арқылы дастарханға айран, құрт, бауырсақ сияқты ұлттық тағамдар қойылып, әрқайсысына қысқаша мәлімет беріледі.
Ақыл-нақыл: ас ішу тәртібі
- Тамақты талғаммен, уақытылы әрі мезгілімен ішу керек.
- Тамақ ішіп отырып теледидар көруге немесе кітап оқуға болмайды.
- Ұлттық тағамдар — пайдалы.
- Тамақты шектен тыс көп жеуге болмайды.
- Асты асықпай, әбден шайнап жұту керек.
IV. Ырым-тыйымдар: «Полиглот» ойыны
Сұрақтарға жауап үш тілде айтылады: қазақша, орысша, ағылшынша.
1) Дастарханға бірінші нені қоямыз?
Нан — хлеб — bread
2) Кім отырғанда малдың басын баласына тарту етпейді?
Әке — отец — father
3) Балаға малдың басынан не жеуге болмайды?
Ми — мозг — brain
Қанатты сөздер
- «Тамақты тарта жесең — санаң ашар, көп жесең — ұйқы басар».
- «Таспен атқанды — аспен ат».
- «Дүниеде байлықтың түрі көп, солардың ішіндегі ең негізгісі — нан байлығы».
Қорытынды
Жұмбақ сұрақтар
- 1 Күбіге құйылып, піскен не? (қымыз)
- 2 Ұйытып қойып, ішкенім не? (айран)
- 3 Табаға салып, жапқаным не? (таба нан)
- 4 Үйітіп, қазанға асқаным не? (бас-сирақ)
Жұмбақ сұрақтар (жалғасы)
- 5 Сөреге кептіріп, жайғаным не? (құрт)
- 6 Кілегей шайқап, алғаным не? (май)
- 7 Тұзын көріп, татқаным не? (сорпа)
- 8 Келіге түйіп, ақтадым не? (тары)
Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет!
Атырау облысы, Атырау қаласы, №12 Ф. Досымова атындағы орта мектебі.
Бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің меңгерушісі: Даулетова Айгүл Кенесқызы.