Сұрақ - жауап әдісі арқылы сабақта алған білімдерін бекіту, бағалау
Сауат ашу сабағының жоспары: «М м дыбысы мен әрпі»
Бұл жоспар балаларды М м әрпімен таныстыруға, дыбысты сөз ішінен табуға және оны дауыссыз дыбыс ретінде ажыратуға бағытталған. Сабақ ойын, жұмбақ, көрнекілік және жазу жұмыстары арқылы ұйымдастырылады.
Тақырып
М м дыбысы мен әрпі
Көрнекіліктер
- Кеспе әріптер
- Суреттер
- Әліппе-дәптер
Мақсаттары
Білімділік
- М м әрпімен таныстыру.
- М дыбысын сөз ішінен табуды үйрету.
- М дыбысының дауыссыз екенін түсіндіру.
- М дыбысына мысалдар ойлату арқылы сөздік қорды байыту.
Дамытушылық
- Дидактикалық материалдарды қолдану.
- Ойындар арқылы ойлау, қиял, зейінді дамыту.
Тәрбиелік
- Әдемі, көркем жазуға қол жаттықтыру.
Әдіс-тәсілдер
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу
— Сәлеметсіңдер ме, балалар?
— Сәлеметсіз бе!
Шаттық шеңбері
Шеңбер болып тұрайық,
Алақанды ашайық.
Күннің нұрын алайық,
Жүрекке жылу салайық.
Жиналған жылы шуақты
Бір-бірімізге шашайық.
— Рақмет, балалар!
2) Қайталау
— Балалар, өткен сабақта не өттік? Қай дыбыспен таныстық?
Жауап: Д д дыбысы.
— Ол қандай дыбыс?
— Қандай сөздермен таныстық?
Бүгін біз М м әрпімен танысамыз.
3) Жаңа сабақ
Тыңдалым және дыбысты табу
Мамырда бар, Ақпанда жоқ.
Қамырда бар, ақ нанда жоқ.
— Қай сөздерде М м дыбысы естіліп тұр?
Жауап: «Мамырда», «қамырда».
Дыбыстың сипаты
— М қандай дыбыс деп ойлайсыңдар?
Жауап: Дауыссыз дыбыс.
Неліктен? Өйткені еріндеріміз бір-біріне тиіп, дыбыстың шығуына кедергі жасайды.
Суреттермен жұмыс
- Тақтадағы суреттерді атау.
- Сөздерді буынға бөлу.
- Сөйлем құрау.
Ертегі кейіпкері қонақта
— Балалар, Мақта қыз дегеніміз кім?
Жауап: Ертегі кейіпкері.
Мақта қыздың сөзі
— Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен сендерге ертегілер елінен тапсырмалар алып келдім. Орындасаңдар, жұлдызшалар беремін.
1-тапсырма: Жұмбақ шешу
1-қатар
Инеліктің апасы,
Ызыңдаған дыбысы.
Шақса белгі салады,
Қаныңды да сорады.
Жауабы: маса.
2-қатар
Қыста жылт-жылт етеді,
Қолдан суық өтеді.
Күн жылынып жылбырап,
Су боп ағып кетеді.
Жауабы: мұз.
3-қатар
Мұртын сипап тілімен,
Бетін сусыз жуады.
Тышқанды аңдып түнімен,
Көзі оттай жанады.
Жауабы: мысық.
2-тапсырма: «М» әрпін тап
Әріптер жазылған карточкалардан М әрпін тауып, көк түспен бояу.
3-тапсырма: Конверттегі суреттер
Жасыл, сары, қызыл конверттерден қалаған түсті таңдап, ішіндегі суреттерді атап, буынға бөліп, сөйлем құрау.
4-тапсырма: Жазу жұмысы
Сауат ашу дәптерінде М м әрпін үлгі бойынша таза, көркем етіп жазу.
Тапсырмалар орындалған соң Мақта қызбен қоштасу.
— Рақмет саған, Мақта қыз! Әкелген тапсырмаларың өте қызықты болды.
4) Сергіту сәті
«Қара жорға» әуенімен билеп, әртүрлі қимыл-қозғалыстар жасау.
5) «Ұшты-ұшты» ойыны
Ойын арқылы зейінді шоғырландыру, тыңдай білу дағдысын бекіту.
6) Қорытындылау
— Балалар, бүгін қандай дыбыспен таныстық?
— Мақта қыздың тапсырмалары ұнады ма?
Сұрақ-жауап әдісі арқылы сабақта алған білімді бекіту, қорытынды жасау және бағалау.