Қазақ салтында шай құю тек қыз - келіншектің еншісіне тиіс нәрсе

Күрең шай

Қазақ дастарқанында шайдың орны бөлек. Шай ішу қазақ халқының өмірінде байырғы дәстүр-салтпен етене ұштасып жатыр. Қазақша шай десе, көз алдымызға екі иығынан буы бұрқырап, қайнап тұрған сары самаурын, алтын түстес жез шәйнек, хош иісі аңқыған ақ құмандағы шай, кең дастарқандағы қызыл күрең бауырсақ, ақ ірімшік, құрт, қарт, тәттілер, қаймақ пен балдың дәмі араласқан қою шай елестейді.

Шай құю — қыз-келіншекке тән өнеге

Қазақ салтында шай құю — қыз-келіншектің еншісіндегі іс. Шай жасау мен шай құюдың өзі — өнер. Қонақ аз отырып, көп сынайды: қазақта қыз-келіншектің көргенділігін, мәдениетін және үй ішіндегі тәрбиесін шай үстінен бастап бағалау бар.

Ұстамдылық

Шайды өз мәнінде, байыппен құю.

Ибалылық

Қонаққа құрметті ықыласпен ұсыну.

Көргенділік

Дастарқан әдебін, қонақ күтуді білу.

Зерделілік

Кесені иесіне жаңылыстырмай ұсыну.

Шеберлік пен ұқыптылық

Кісіге шайды дұрыс, өз жөнінде құйып беру — ұстамды, ибалы, көргенді, өнегелі жанның ғана қолынан келеді. Жас келін ондаған шыныаяққа шайды бір мөлшерде шебер құйып, кеселерді иелеріне ауыстырмай дәл тауып, өздеріне ұсынып отыруы тиіс.

Қонақ шайын ішіп болғанын ишара етсе, тағы да сый-аяқ ұсыну — әдептің бір көрінісі. Ал ондаған шыныаяқ пен кесені иелеріне ауыстырмай беру — бір жағынан зерделілік, екінші жағынан гигиеналық ұқыптылық екеніне дау жоқ.

Шайдың бабын білу: Мұхтар Әуезовтің ескертпесі

Шай құю мәдениеті туралы сөз қозғалғанда, ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің Оңтүстік сапарындағы бір оқиға еске түседі. Елдің сый-сияпатына, қонақжайлылығына разы болып жүрген Мұқаң бір үйде шай үстінде сәл қабақ шытып қалады. Сөйтсе, шай құюшы келіншек әуелі кесеге шай құйып, содан соң ғана сүт қосқан екен.

Мұқаңның айтуынша, қазақ шайды бұлай баптамайды: әуелі сүт құйылып, содан кейін шай құйылса, сүт шайға жақсы үйіріледі. Осыны ескерте отырып, ол шай берудің үлкен өнер екенін, тіпті қазақтай шайшыл әрі шайды бабымен ұсынатын елдің сирек кездесетінін айтады.

Әуезовтің ой түйіні — қай елмен салыстырсақ та, ұлттық дастарқанымыздың өз салмағы бар: тең түспесе де, кем түспейді.

Шаймен бірге берілетін ниет

Қазақ шай-су ұсынған адамға өз ниеті мен көңілін қоса береді. Сондықтан, әсіресе жас отау иелері шай беру мәдениетіне ерекше мән беріп, оны лайықты дәстүрге айналдырса — құптарлық іс.