Сүйемін өлеңін жаттау
Сабақ тақырыбы
М. Жұмабаевтың «Сүйемін» өлеңі.
Сабақ мақсаты
Білімділік
Оқушыларға М. Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы әдеби білім беру; «Сүйемін» өлеңінің мазмұны мен идеясын меңгерту.
Тәрбиелік
Оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке баулу; Отанды сүюге, елжандылыққа тәрбиелеу.
Дамытушылық
Әдеби дүниетанымды кеңейту; мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту.
Сабақ сипаттамасы
- Сабақтың типі
- Аралас
- Сабақтың түрі
- Дәстүрлі
- Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап, әңгімелеу, түсіндіру, мәнерлеп оқу
- Көрнекіліктер
- М. Жұмабаевтың портреті, шығармалары, электронды оқулық
- Пәнаралық байланыс
- Қазақ тілі, Қазақстан тарихы
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
- Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын тексеру
- І. Жансүгіровтің «Бөбек бөлеу», «Ағынды менің Ақсуым» өлеңдерін сұрау.
- «Сенің естіген бесік жырың» тақырыбында бесік жырын айту немесе «Туған өлкемнің табиғаты» атты шағын шығарма-суреттеме жазу.
III. Жаңа тақырыпты түсіндіру
Мақсат — Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы әдеби білім беру, ақындық тіл кестесінің ерекшелігін таныту.
«Өлеңнің тілге жеңіл, құлаққа жылы тиюін Абай да іздеген. Абай да сөздің ішін мәнерлеп, тонын сұлу қылуға тырысқан. Бірақ дыбыспен сурет жасауда, сөздің сыртқы түрін әдемілеуде Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ... Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп ашқан күшті ақын — Мағжан екенінде дау жоқ».
Мағжан Жұмабаев: қысқаша өмірбаян
Мағжан Жұмабаев (1893–1938) — ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ең жарқын тұлғаларының бірі. Туған жері — бұрынғы Ақмола губерниясы, Ақмола уезі, Полуденовский болысы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, Мағжан атындағы ауыл).
Төрт жасында ауыл мұғалімінен сауат ашып, 1905 жылы Қызылжардағы медресеге түседі. Мұнда араб, парсы, түрік тілдерін меңгеріп, 1910 жылы үздік аяқтайды. Кейін Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып, татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың қамқорлығын көреді. Сол қолдаудың нәтижесінде 1912 жылы Қазанда ақынның алғашқы «Шолпан» жинағы жарыққа шығады.
Омбы мұғалімдер семинариясын 1916 жылы тәмамдап, қоғамдық іске араласады: Алаш қозғалысына қатысып, «Бостандық туы» газетінде редакторлық қызмет атқарады. 1922–1923 жылдары Ташкентте «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақжол» газетінде еңбек етіп, шығармаларын жариялайды. 1923–1927 жылдары Мәскеудегі жоғары әдебиет-көркемөнер институтында білімін тереңдетеді.
1929 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, «Алқа» ұйымына қатысты деген айыппен 10 жылға сотталады. 1936 жылы М. Горький мен Е. Пешкованың араласуымен босап шыққанымен, 1937 жылы қайта қамауға алынып, 1938 жылы атылды. Қысқа ғұмырында ол қазақ поэзиясына жаңа ырғақ, жаңа әуез, жаңа эстетикалық кеңістік әкелді.
Ақынның шығармашылық болмысы
Мағжан — сыршыл ақын. Ол халық өлеңдерінің ырғақ-әуезін, ішкі рухын терең қабылдап, сезімнің нәзік иірімдерін сөзбен бедерлеуге ұмтылды. Жастық сезімнің лапылын да, азаматтық лириканың күрделі толғанысын да бірдей қуатпен жеткізе алды.
Ақын үшін адам мен табиғат — ажырамас тұтастық. Ол дүниені философиялық тұрғыдан танып, құбылыстың ішкі астарына үңіледі. Сондықтан Мағжан жырларында табиғат көрінісі адамның көңіл-күйімен астасып, бірін-бірі тереңдетіп тұрады.
Мағжанның белгілі туындылары: «Мен жастарға сенемін», «Мен кім?», «Анама», «Қазақ тілі», «Түркістан»; поэмалары: «Батыр Баян», «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы», «Ертегі», «Тоқсанның тобы».
IV. Жаңа сабақты пысықтау
«Сүйемін» өлеңіне шолу
Электронды оқулықтан өлеңді тыңдатып, мазмұны мен идеясына назар аударту.
Өлең мәтіні: «Сүйемін»
Сүйемін.
Күлдей күңгірт шашы бар,
Тоқсан бесте жасы бар,
Көз дегенің — сұп-сұр көр.
Тасбиық санап бүгіліп,
Жерге қарап үңіліп,
Көрме ауыр күрсінер —
Менің бір қарт анам бар.
Неге екенін білмеймін —
Сол анамды сүйемін!
Көзінде көк нұры жоқ,
Аузында жұмақ жыры жоқ,
Жалынсыз, усыз құшағы.
Иірілмейді жыландай,
Сөзі де жоқ құрандай.
Білгені — қазан-ошағы.
Жабайы ғана жарым бар.
Неге екенін білмеймін —
Сол жарымды сүйемін.
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар.
Неге екенін білмеймін —
Сол елімді сүйемін.
Сағым сайран құрады,
Бораны ұлып тұрады,
Қыс — ақ кебін, жаз — сары.
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгі өлік сахарасы —
Сарыарқа деген жерім бар.
Неге екенін білмеймін —
Сол Арқамды сүйемін!
Ақын өлеңді қарт анасына және күнделікті тіршіліктің ағынымен жүрген қарапайым жарына деген махаббаттан бастайды. Бұл — жүрекке жылы, көзге таныс өмір суреті. Ана да, жар да әркімге қымбат екенін қайта еске салады.
Одан әрі ақын туған елі — Алашқа, туған жері — Сарыарқаға деген перзенттік сүйіспеншілігін ашып көрсетеді. Мағжан нені айтса да бейнелеп айтады: дала, жел, боран, сағым — барлығы да ақынның ішкі әлемімен астасып жатады.
V. Жаңа сабақты бекіту
- Өлеңді мәнерлеп оқу.
- «Мен Мағжан туралы не білемін?» тақырыбында әңгіме жүргізу.
- Әдебиет теориясы ұғымдарын жазып алу.
Эпитеттер
- «Күлдей күңгірт шаш»
- «Сұп-сұр көр»
Теңеулер
- «Иірілмейді жыландай»
- «Сөзі де жоқ құрандай»
Метафоралар
- «Жалынсыз, усыз құшағы»
- «Сағым сайран құрады»
Венн диаграммасы бойынша жұмыс
Түйін ұғым: Отан — аяулы, сүйікті.
VI. Сабақты қорытындылау
Сұрақтарға жауап беру арқылы негізгі ойды жинақтау:
- Ақын кімдерді және нені сүйеді?
- Ақынның анасына деген сүйіспеншілігін білдіретін жолдарды тауып, оқыңдар.
- Ақынның жары қай шумақта суреттеледі?
- Алаш туралы ақын не айтады?
- Ақын анасы, жары, елінен басқа тағы нені сүйеді?
- Өлеңнен ақынның қандай қасиеті, сезімі, болмысы танылады?
- Осы негізде Мағжан ақынға қандай баға бересіңдер?
VII. Үй тапсырмасы
- М. Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптан тыс дерек оқып, жаңа мағлұмат айту.
- «Сүйемін» өлеңін жаттау.
- «Анадай асыл бар ма екен!» тақырыбында эссе жазу.
VIII. Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысуы, жауаптарының толықтығы және мәнерлеп оқу шеберлігі бойынша бағалау.