Жеті атаны ата
Мақсаты
- Оқушылардың бойында салт-дәстүрге деген сүйіспеншілікті одан әрі дамыту, оны әрдайым құрметтеуге баулу.
- Оқушылардың білім деңгейін байқау.
- Өз отбасын, Отанын сүюге, әдепті болуға бағыт-бағдар беру.
Топтарға бөлу
Кіріспе
Құрметті ұстаздар, сайысқа қатысатын ұландар! Бүгін 2–4-сынып оқушылары арасында өткізілетін «Алтын сақа» ойын-сайысын тамашалайсыздар. Бұл сайысқа әр сыныптан ұлттық намысын топпен бірге көрсете алатын оқушылар қатысады.
Қазақ халқы ежелден салт-дәстүрін қастерлеген. Сол құндылықтарымыз бүгінге дейін ұмытылмай сақталып келді. Ендігі жалғастырушы — келешек жас ұрпақ. Салт-дәстүрді жалғастырушы ұландарға сәттілік тілейміз!
Әділ бағасын беретін қазылар алқасымен таныстыру — сайыстың маңызды бөлігі.
Сайыс бағдарламасы
- Топты таныстыру
- Топ басшыларының құттықтауы
- «Жалғасын тап»
- «Кім шапшаң?»
- Мәтін мазмұнына сай мақал-мәтел айту
- «Кейіпкерге хат»
- Киелі сандарға байланысты сұрақ-жауап
- «Құпия хаттарға жауап бер»
- «Сиқырлы ұяшықтар»
- «Поэзия минуты»
- Қорытынды
Олай болса, өзіміз білетін ұлттық ойын түрлерін ортаға салып, сайысты бастайық.
Кезеңдер мазмұны
І кезең: Топты таныстыру
Әр топ өз атауын, ұранын және топ мүшелерін қысқаша таныстырады.
ІІ кезең: Топ басшыларының құттықтауы
Топ жетекшілері сайысқа қатысушыларға жігер беріп, жылы лебізін білдіреді.
ІІІ кезең: «Жалғасын тап»
Ойын шарты: Жүргізуші мақалдың алғашқы жолын айтады, келесі жолын топ жалғастырады.
- Өз үйім... (өлең төсегім)
- Батыр туса — ел ырысы, (жаңбыр жауса — жер ырысы)
- Асыл тастан шығады, өнер жастан шығады.
- Отан... (оттан да ыстық)
- Ғылым — теңіз, (білім — кеме)
- Оқу — инемен... (құдық қазғандай)
- Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ...
IV кезең: «Кім шапшаң?»
Ойын шарты: Жүргізуші жаңылтпаш айтады. Қай топ жаңылмай, мүдірмей әрі жылдам қайталаса — сол топ жеңеді.
Екеуінің жасы шамалас,
Бірінің шашы — қара шаш,
Екіншісінің шашы — ақ шаш аралас.
Жаңылтпаш жатта,
Жаңылмай жатта.
Жатқа жатта,
Жаттамай жатта.
Шеше, шеше, неше кесе
Сынды кеше.
V кезең: Мәтін мазмұнына сай мақал-мәтел айту
Тапсырма: Мәтінді мұқият тыңдап, мазмұнына сай мақал-мәтел айту. Яғни, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» табу.
«Алты түлкі»
Ертеде алты түлкі дос болыпты. Біреуінің құйрығы шолақ екен. Құйрығы ұзын бес түлкі оны келемеждеп күле береді. Сонда шолақ түлкі оларды «бір жақсы ойынға» шақырып, қарағайға байлап қояды да: «Бүркіттер келе жатыр» деп өзі қаша жөнеледі. Бес түлкі қашамын деп құйрықтарын үзіп, бәрі шолақ болып қалады. Содан кейін ешқайсысы мазақтап күлмейтін болыпты.
Түйін: Күлкі мен келеке — біреуге зиян келтіруі мүмкін.
«Атасы мен немересі»
Ата қартайып, көзі мен құлағы нашарлайды, қол-аяғы қалтырап, ішкен тамағын төгіп алатын болады. Баласы мен келіні оны ұнатпай, алдына жаман дастарқан жайып, жаман ыдыспен бөлек тамақтандырады. Бір күні немересі ағаш жонып отырғанын әкесі көріп, не істеп жатқанын сұрайды. Сонда бала: «Сендер қартайғанда, тамақты осы ыдысқа құйып беремін» дейді. Мұны естіген әкесі ұялып, атасын бөлек отырғызуды қояды.
Мақал: Әкеңе не қылсаң, алдыңа сол келер.
«Шибұт, Қылмойын, Қарынбас»
Қарынбас, Қылмойын, Шибұт — үш жолдас бір тоқты ұрлап сояды. Қарынбасқа қарынды төгіп келуді тапсырады. Далада шыбын үймелеп, Қарынбас басындағы шыбынды қағамын деп, басын ұрып алып мерт болады. Оны көрген Шибұт «Әттеген-ай!» деп санын соққанда, ши бұты шырт етіп өзі де жан тапсырады. Екеуін көрген Қылмойын «Ойбай, бауырым-ай!» деп айқайлағанда, қыл кеңірдегі үзіліп кетеді.
Мақал: Ұрлық — түбі қорлық.
VI кезең: «Кейіпкерге хат»
- Мұхтар Әуезовтің «Жетім» әңгімесіндегі басты кейіпкер Қасымға хат жазу.
- Шерхан Мұртазаның «Интернат қоймасы» шығармасындағы Атамырзаның айтағына ерген Серікке хат жазу.
VII кезең: Киелі сандарға байланысты сұрақ-жауап
- Жеті атаны ата. (әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жұрағат)
- Қазақша ай аттарын ата. (наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан)
- Қазақстан Республикасының Ата заңы қай жылы қабылданды? (1995 ж., 30 тамыз)
- Әнұранның авторлары. (Ш. Қалдаяқов, Ж. Нәжімеденов, Н. Назарбаев)
- Қазақтың ұлттық аспабында орындалатын әуен қалай аталады? (күй)
- Үш жұртты ата. (өз жұртың, қайын жұртың, нағашы жұртың)
- Қазақша апта күндерін ата. (дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі)
- Қазақстан халқы өзінің тұңғыш Президентін қашан сайлады? (1991 ж., 1 желтоқсан)
- Қазақстан Туының авторы. (Ш. Ниязбеков)
- Ән орындайтын адамды қалай атаймыз? (әнші)
- Үш арсызды ата. (ұйқы, күлкі, тамақ)
- Елтаңбамыздың авторларын ата. (Ж. Мәлібеков, Ш. Уәлиханов)
- Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін қашан алды? (1991 ж., 16 желтоқсан)
- Қазақ үйдің бөліктерін ата. (кереге, уық, есік, шаңырақ)
- Мал сүтінен жасалатын тағамдарды ата. (құрт, май, ірімшік, сүзбе)
VIII кезең: «Құпия хаттарға жауап беру»
Құрметті достар! Менің көршімнің бір баласы бар. Өзі өтірікші, бетке айтып өтірік айта салады. Маған күнде келіп ойнағысы келеді. Мен өтірік айтқанды ұнатпаймын. Менің онымен ойнағаным дұрыс па?
Құрметті оқырмандар! Менің бір досым бар. Өзі мақтаншақ: ойнаған кезде үй-ішін айтып, алған ойыншықтарын көрсетіп мақтанады. Өзінен кіші балаларды үнемі ренжітеді. Мұнысы маған ұнамайды, бірақ ойынды өте жақсы ойнайды. Мен онымен дос болайын ба?
Құрметті достар! Менің бір сыныптасым бар. Ол үнемі сыныпқа телефон алып келіп, бізге көрсетіп мақтанады. Мен де сондай телефон алғым келеді, бірақ оны алатын ақшам жоқ. Маған не істеген дұрыс?
IX кезең: «Сиқырлы ұяшықтар»
Математика
- 1 жұмыртқа пісіруге 5 минут қажет. 4 жұмыртқа пісіруге қанша минут қажет?
- Ұзындығы 4 м, ені 2 м, биіктігі 3 м. Бөлменің көлемін тап.
- 1 сыйлықты орауға 70 см жылтыр қағаз керек. 9 сыйлыққа неше метр керек?
- Әлібек 1 айда 7 қызықты ертегі оқыды. Ол 1 жылда қанша кітап оқиды?
- Ең үлкен 4 таңбалы санға 1 қоссақ, неше болады?
Қазақ тілі
- Заттың ісін, қимылын білдіретін сөздерді қалай атаймыз?
- Қазақ тілінде неше септік бар?
- Түбір дегеніміз не?
- Мал сөзінің алғашқы дыбысын өзгерт.
- Жалғауы жоқ септікті ата.
Ана тілі
- Қала аттарын әліпби ретімен ата. (Қарағанды, Көкшетау, Алматы, Шымкент)
- «Ақжолтай» атанған батыр кім?
- Жасында Төле бидің түйесін баққан хан кім?
- Мәншүктің соғыстағы қаруы қандай болды?
- Құрманғазының анасы кім?
X кезең: «Поэзия минуты»
Тапсырма: Бүгінгі сайыс тақырыбына байланысты бір шумақ өлең құрастыру.
XI кезең: Қорытынды
Қазылар алқасы әр сыныптың ұпайларын жариялайды. Сөз кезегі тәрбие ісінің меңгерушісі А. Баспаевқа беріледі:
«Құрметті балалар, бүгін сендердің талапты екендеріңді, салт-дәстүріміздің лайықты жалғастырушылары екендеріңді көріп, қуанып отырмыз. Талаптарыңа нұр жаусын!»
Автор туралы мәлімет
- Өңір
- Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Басықара ауылы
- Мектеп
- № 182 мектеп, бастауыш сынып
- Мұғалім
- Мырзатаева Жаңыл Абдрахманқызы