Балалар бүгін бізде қандай мереке

Мақсаты

Балаларға Жаңа жыл мерекесі туралы түсінік беру, мерекені татулықпен, бірлікпен және достықпен қарсы алуға баулу.

Тақырып

«Жаңа жыл, жаңа жыр»

Негізгі құндылықтар

Татулық, бірлік, достық

Форматы

Ертеңгілік: ән, би, ойын, тақпақ

Жүргізушінің құттықтауы

Сәлеметсіздер ме, құрметті бүлдіршіндер, ата-аналар, қонақтар және балабақша ұжымы! Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Жаңа жылда табыс пен бақыт тілейміз. Жаңа жылдық ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер.

Кіріспе шумақ

Бүгін келді жарқырап,

«Балапан» тобы тағы да.

Би билейді, ән салады,

Жасыл шырша жанында.

Сәлем бізден баршаға,

Құттықтаймыз жар сала.

Бүгін бізде Жаңа жыл —

Қош келіпсің, жасыл шырша!

Шақыру

Ортаға «Балапан» тобының бүлдіршіндерін шақырайық!

(Музыка әуенімен балалар залға кіреді.)

Сұрақ-жауап

Жүргізуші:
Балалар, бүгін бізде қандай мереке?
Балалар:
Жаңа жыл.
Жүргізуші:
Мына биік, жасыл әрі әдемі болып тұрған не?
Балалар:
Шырша.

Ән мен би

«Аппақ, аппақ жапалақ» әнімен балалар шыршаны айналып билейді.

Жаңа жылға арналған тақпақтар

Бүлдіршіндер мерекелік көңіл күй сыйлап, Жаңа жыл туралы тақпақтарын оқиды.

Айдана

Көрікті шыршамыз,
Шамдары самғаған.
Көңілді ортамыз,
Айтамыз шырқап ән.

Әли

Аяз ата, Аяз ата,
Сені күтіп жүрдік біз.

Абыл Айару

Тамаша, тамаша —
Шыршамыз тұр жараса.
Басында әсем жұлдызы,
Көз тоймайды қараса.

Мейіржан

Той-мереке, салтанат,
Думандатып шар тарап.
Келді міне Жаңа жыл —
Татулықты арқалап.

Сұңғат

Жасыл шырша жанында
Билеп барлық бала жүр.

Аяжан

Далада нұр, қалада нұр —
Құтты болсын Жаңа жыл!

Кейіпкерлердің келуі: Сайқымазақ

Сайқымазақтың сәлемі

Уа, жараңдар, жараңдар! Баршаңызға Жаңа жыл құтты болсын!
Сайқымазақ атыммен көрерменді күлдірем,
Жиналған қауым алдында өнерімді көрсетем.
Ал, қонақтар мен бүлдіршіндер, менімен ойнағыларың келе ме?

Ойын бөлімі

(Ойын ұйымдастырылады.)

Жүргізуші: Жарайсың, Сайқымазақ! Ойының бізге өте ұнады. Енді балалардың өнерін тамашала.

Би

«Ару қыздар» биі орындалады.

Қоянмен кездесу: «Сәбізді тап!»

Қоянның өтініші

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Жаңа жыл мерекесі құтты болсын!
Мен сәбіздерімді жапырақ астына жасырып едім, енді қардың астынан таба алмай жатырмын. Маған сәбіздерді тауып, жинауға көмектесесіңдер ме?

Тапсырма

Балалар қар астындағы сәбіздерді тауып, кәрзеңкеге жинайды.

Қоян: Рахмет, балалар! Осы сәбіздерден шырын жасаймын.

Кім жетіспейді?

Аяз ата Ақшақар

Сайқымазақ: Ендеше, шыршамыз неге көңілсіз тұр? Бізге кім жетіспейді?

Аяз ата мен Ақшақардың келуі

(Балалар: «Аяз ата! Ақшақар!» — деп шақырады. Аяз ата мен Ақшақар залға кіреді.)

Аяз атаның сөзі

Уа, жұртым жиналған,
Көңілдері бүр жарған!
Айналайын ұлдардан,
Айналайын қыздардан!
Аяз ата, Ақшақар —
Жетті жолдан қиналған.
Ештеңе емес, барлығы —
Алдымыздан күллі арман!
Мықтылығым мәлім ғой
Өтіп кеткен жылдардан!

Ақшақардың құттықтауы

Амансыңдар ма, балалар, ата-аналар! Өздеріңді сағынып келдік. Жаңа жылдарың құтты болсын, табысты жыл болсын!

Жүргізуші: Аяз ата, Ақшақар, алыс жолдан шаршап келген боларсыздар. Отырып, дем алып, балалардың өнерін тамашалаңыздар.

Би: «Қояндар полькасы»

Қоян: «Кәне, менің көжектерім қайда? Балалармен бірге билегім келіп тұр!»

Жаңа жылды бірге қарсы алайық

Жүргізуші: Балалар, бәріміз бірге Жаңа жылды қарсы алайық. Қош келдің, Жаңа жыл!

Аяз ата мен Ақшақарға арналған тақпақтар

Аян

Мерекеге келдік,
Тақпақ айтып бердік.
Ойыншықтары тізілген,
Шыршаны да көрдік.

Аслан

Жаңа жыл, Жаңа жыл,
Қош келдің тағы да!

Бекарыс

Тұрсақ ерте оянып —
Жауған екен ақша қар.
Ақ мамыққа оранып,
Қалыпты қыс бақшалар.

Нартай

Сақалы аппақ күріштей,
Тістері аппақ күмістей.
Қызыл ала шапаны —
Сағындым Аяз атаны.

Инабат

Келді тағы Жаңа жыл,
Қуантумен біздерді.
Құтты болсын қуаныш —
Құттықтаймыз сіздерді!

Альбина

Әдемілеп біз ілген
Ойыншықтар көп қандай!
Қандай әсем шыршамыз —
Ән шырқайық баршамыз!

Ән

«Буги-буги» әні орындалады.

Аяз ата: «Ой, бәрекелді, балалар! Жарайсыңдар!»

Ойын

(Ойын ұйымдастырылады.)

Тақпақтар жалғасы

Айару Айбекқызы

Жаңа жылда жаңаша
Тақпақ біздер айтамыз.
Болсын риза балаша
Әппақ Аяз атамыз.

Шапағат

Жаңа жылда жаңаша
Тақпақ біздер айтамыз.
Болсын риза балаша
Әппақ Аяз атамыз.

Мансур

Шыршамыз керемет,
Ойыншықтар тағылған.
Алыс жақтан келіп тұр —
Аяз атаны сағынған.

Іңкәр

Әдемілеп біз ілген,
Ойыншықтар тізілген.
Қандай әсем шыршамыз —
Ән шырқайық баршамыз!

Аяз ата: Балалар, өте өнерлі екенсіңдер! Өнерлерің үстем болсын. Осылай әдемі болып жүре беріңдер!

Би: «Көңілді би»

Ер балалардың биі орындалады.

Қорытынды тақпақтар

Алішер

Алақай, алақай,
Жыл келді шапқылап!
Қанеки қарсы алайық,
Жақсылап!

Ернар

Жаңа жыл, Жаңа жыл —
Жаңа жылда жаңа жыр.
Жасыл шырша жанында
Билеп барлық бала жүр.

К. Айару

Мерекеге келдік,
Тақпақ айтып бердік.
Ойыншықтарын тізген,
Шыршаны да көрдік.

Дәурен

Төрлет, төрлет, Жаңа жыл,
Бізге құтты жыл болсын!

Сыйлықтар және қоштасу

Жүргізуші: Аяз ата, бүлдіршіндеріміздің дайындаған өнері ұнады ма?

Аяз ата: Иә, өте өнерлі балалар екен. Маған қатты ұнады. Рахмет, балалар! Сендердің өнерлеріңді тамашалап, демалып қалдым. Енді қайтатын уақытым келді. Сендерге сыйлық алып келдім.

Жүргізуші: Әрине, жолдарыңыз болсын. Құрметті бүлдіршіндер, ата-аналар, қонақтар! Осымен жаңа жылдық ертеңгілігіміз аяқталды. Жаңа жылда жаңа табыстарға жетіңіздер!

(Балалар музыка әуенімен залдан шығып кетеді.)

Автор туралы мәлімет

Өңір

Маңғыстау облысы

Аудан / ауыл

Түпқараған ауданы, Баутино ауылы

Мекеме / автор

«Ақбота» балабақшасы, тәрбиеші Дощимова Жемісхан Қаратонқызы

Материалдар

  • «Жаңа жыл, жаңа жыр» ертеңгілігі — жүктеу
  • «Жаңа жыл, жаңа жыр» — жүктеу