Таза ауа қайда
Өз жүрегіңнің үні
Қандай қиындық болса да, өмірді сүймей болмайды. Өйткені бар қызығың да осында екені даусыз.
Ойлар мен түйіндер
Тағдыр — үйренудің жемісі
Адамның тағдыры үйренумен, үлгі алумен, қорытынды шығарумен шешіледі.
Адам — гүл тәрізді
Шуақ, жылылық, нәзіктік жанды құлпыртады. Ал суықтық, ызғар, іштарлық пендені әп-сәтте тікенге айналдырады.
Өмірдің шындығы
Өмірде бәрі ойдағыдай емес. Ойдағының бәрі — өмір емес.
Жауапкершілік
Өз күніңді өзіңнен басқа ешкім түзете алмайды.
Сыныптастар туралы
Сыныптастар-ай… Бәріміз бір уақыттың баласымыз. Сондықтан бірге басталған өткеніміз бізді қайта табыстырады. Ал мектепті бітіріп, есейген шақта тағдыр жолы әр тарапқа салып, әртүрлі қазанда қайнатып әкеледі.
Сағыныштың өлшемі
Адамда жүрек болса ғана сағыныш болады. Балалығын, кәусар дүниені сағынбаған, одан сусындамаған жанда жүрек қайдан болсын?
Сенім
Сенім — жақсы. Ал ешкімге сене алмау — азаптың азабы.
Жүрек те бір — жанартау
Көкірегімде қансырап сандаған сыр жатыр… Дәл қазір ішкі иірімдерім дауылды толқындармен алмасып, жүрекке құятын қан арналары шыдай алмай бұлқынып, зор қысыммен шектен тыс ағатындай.
Дәл қазір іштегі ой тасқыны, сыр тізбегі теңіз буырқанысындай сырт жағаға ұмтылып, толас табар емес. Ақ қағазға қалам алып түсірмесең, сабасына келер жай байқалмайды.
Өзгені кінәлай алмайсың. Жай таппаған, езгіленген жүректің не жазығы бар, әйтпесе? Қараниеттілікті де, азапты да өткеретін — осы бір жапырақ ет қой.
Еске түскен хадис мағынасы
«Адал да, арам да анық. Бірақ екеуінің арасында күмән тудыратын мәселелер бар. Көп адамдар мұны білмейді… Біліп алыңдар: әрбір патшаның қоршап, белгілеп қойған қорықтары болады. Тәңірінің де сол секілді белгілеп қойған тыйымдары бар.
Адам денесінде бір жапырақ ет бар: ол сау болса — бүкіл дене сау; ол бұзылса — бүкіл дене ауырады. Сол бір жапырақ еттің аты — жүрек».
Иә, айнала әрдайым керемет болып тұра бермейді. Айды бұлт бүркейтіні сияқты, жүректе де ақ пен қара кезек алмасып, шарасыздыққа ұрындырады, беймаза күй кештіреді.
Үздіксіз жауын жауса, плащыңнан да су өтетіндей, еріксіз жаурайсың. Жүрекке де сол салқындық тиді-ау деймін. Тынысың тарылғандай. Таза ауа қайда? Әлде ауаның өзі бұзыла бастағаны ма? Болмаса ол неге жетпейді?
Дәл қазір маған ғаламат қуанышты хабар жеткізсе де, жүрегім селт етпейтін шығар. Аласұрып, қатты қиналып тұр. Біреу сені сабап, қараңғы қораға қамап тастағандай.
Кейде теледидарды қосқанда экран жөнді көрсетпей, быжырлап кететіні болады ғой. Дәл сол сияқты: менің көңіл «экраным» да сондай күй кешіп тұр.
Қалыпты да әдемі көрсету үшін қандай тетіктерді бұрау керек? Мұны қандай шеберден сұрау керек?
Жауап
Тағдырдан артық шебер жоқ, өмірден артық ұстаз жоқ.