Оқылған шығармалардың басты кейіпкерлерін, олардың көркем шығармалардағы рөлі мен орнын білу
Орта мерзімді жоспар туралы мәлімет
Пән
Әдебиет
Сынып
6-сынып
Сағат саны
68 сағат (аптасына 2 сағат)
Оқулық
«Қазақ әдебиеті», 6-сынып: К. Ісламжанұлы, С. Тілешова, Б. Әріпова, Р. Баттал — Алматы: «Атамұра», 2003
Нормативтік негіз
Тақырыптық-күнтізбелік жоспар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2010 жылғы 9 шілдедегі №367 бұйрығымен бекітілген ҚР МЖБС (2.3.4.01–2010) талаптарына сай, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұсынған қазақ тілі оқу бағдарламасы негізінде әзірленді.
Түсінік хат
Әдебиет — өнер. Ол халықтың сана-сезімін байытып, көркемдік ойлау қабілетін дамытатын рухани мұра. Әдебиет өмірге деген көзқарасты қалыптастырып, эстетикалық талғамды және рухани ізгі мұраттарды бекітеді. Бұл — жеткіншектің жан дүниесін сергітіп, адамгершілік құндылықтарға бастайтын рухани қазына.
Жалпы білім беретін мектептегі «Қазақ әдебиеті» пәні оқушылардың оқырмандық мәдениетін жетілдіруді, қазақ халқының әдеби мұрасы туралы жүйелі түсінік қалыптастыруды, сондай-ақ әлем әдебиеті үлгілерімен таныстыруды көздейді. Пән мазмұны арқылы шәкірт бойына ізгілік, адамгершілік, әсемдік, отансүйгіштік және іскерлік құндылықтары сіңіріледі.
Негізгі мақсат
Сөз өнерін адамзаттың көркем тарихы ретіндегі мәдени мұра және ұлттық құндылық деп бағалап, оны құрметтей алатын; әдеби шығармада бейнеленген құбылысты көркемдік тұрғыда қабылдауға қажетті білім, білік, дағдыларды меңгерген; оқырмандық талғам мәдениеті қалыптасқан; білім негіздерін өмірлік жағдайларда қолдана алатын елжанды азамат тәрбиелеу.
Міндеттері
-
1
Оқушыларға төл әдебиеттің ұлттық сипатын, халықтың әдет-ғұрып, салт-санасының көрінісін, жанрлық және стильдік ерекшеліктерін, көркем туындының идеялық-адамгершілік мәнін түсіндіру.
-
2
Көркем шығармадағы мазмұн мен форма тұтастығын, тарихи-әдеби мәліметтердің негізін және әдебиет теориясының бастапқы ұғымдарын меңгерту.
-
3
Көркем шығарманы эмоциялық қабылдауға, бейнелі әрі зерделі ойлауға, қаламгер көзқарасын түсінуге машықтандыру.
-
4
Оқушылардың ішкі жан әлемін рухани-адамгершілік құндылықтармен байытып, көркемдік талғамын кеңейту; оқырмандық мәдениетін қалыптастыру; көркем шығармаларды өз бетінше іздеп, қызығып оқуға дағдыландыру.
-
5
Оқушының өзіне сенімді жұмыс істеуіне бағыт беріп, өз ойын еркін әрі шешен жеткізуге баулу; әдеби-теориялық білімін сауатты қолдану құзыреттілігін қалыптастыру; сыни ойлауын жетілдіру; ауызша және жазбаша тілін дамыту.
-
6
Қазақ әдебиетінен алған білім мен тәрбиенің нәтижесін өмірлік тәжірибеде қолдана білуге үйрету.
Күтілетін нәтижелер (6-сынып курсын аяқтағанда)
Ұлттық рухани негіз
Көркем әдебиеттің қоғамдық мәнін тану; ауыз әдебиеті үлгілерін, соның ішінде батырлық жырлардың өзіндік ерекшеліктерін білу арқылы ұлттық қазына, ұлттық таным және ұлттық рухани сананы қалыптастыру.
ХІХ ғасыр әдебиеті
ХІХ ғасырдағы әдебиет өкілдерін ажырату, олардың шығармаларының негізгі ерекшеліктерін тану және басты эпизодтарының мазмұнын білу.
Теориялық ұғымдар
Көркем әдебиеттің жалпы ерекшеліктері (образдылық), шығарма құрылымы (тақырып, идея, сюжет, композиция), әдеби жанр түрлері және жазушы стилі туралы бастапқы түсінік қалыптастыру.
ХХ ғасыр және тарихи-әлеуметтік көрініс
ХХ ғасырдағы қазақ даласының саяси-әлеуметтік жағдайын және оның әдебиеттегі көрінісін білу.
Көркем мәтінді талдау дағдылары
-
Талдаудың мазмұны мен мақсат-міндеттерін түсіну: мәтіннің идеялық мазмұны мен көркемдік ерекшеліктерін айқындау.
-
Идея мен көркемдік шешімнің байланысын тану; кейіпкерлерге мінездеме беру.
-
Мәтіндегі табиғат суреті, тұрмыс-салт және дәстүрлік ерекшеліктерді талдау; шығарманың композициясы мен жанрын анықтау және оларды әдеби-теориялық негізде түсіндіру.
Мәнерлеп оқу
Прозалық және поэзиялық шығармаларды (үзінділерін қоса) логикалық екпінмен, айқын мәнермен оқу; мәтінге қатысты өз оқырмандық көзқарасын білдіру.
Кейіпкерді тану
Оқылған шығармалардың басты кейіпкерлерін, олардың көркем мәтіндегі рөлі мен орнын анықтау.
Әлем әдебиетімен байланыс
Әлем ақын-жазушыларының туындыларын оқу арқылы тіл құдіретін түсіну, әдебиеттер арасындағы тақырыптық-идеялық жақындықты ұғыну.