Қысқы киімдер
Сабақтың тақырыбы
Қысқы киімдер.
Сабақтың мақсаты
- Балаларға киім, киім түрлері және қысқы киімдер туралы түсінік беру.
- Қысқы киімдерді ажырата білуге үйрету.
- Ойын арқылы ойлау қабілетін дамыту.
- Сөйлем құрату арқылы сөздік қорын молайту.
- Киімді ұқыпты, таза киюге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Оқу іс-әрекетінің барысы
I. Кіріспе бөлім
Балалар «жылулық шеңберіне» тұрып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді.
Сұрақ-жауап
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Қыста табиғатта қандай өзгерістер болады?
- Қыс мезгілінде қалай киінеміз?
Балалар сұрақтарға толық жауап береді.
Қонақ: қуыршақ Айнұр
Бүгінгі сабаққа қонаққа қуыршақ Айнұр келді. Ол сандығы толы киімдермен келіпті. Балалар мұқият қарап, Айнұрдың үстіндегі киімдер туралы айтады.
Балалардың жауабы
«Қалың киім киген.»
Қорытынды
Киім қыс мезгіліне сай таңдалған.
Демек, бүгінгі тақырыбымыз — қысқы киімдер.
II. Негізгі бөлім
а) Киімге сипаттама беру
Айнұр бірнеше киім түрін алып келген. Тәрбиеші киім суреттерін балаларға таратады, ал балалар әр киімге сөйлем құрап, сипаттама береді.
Мысал
Малақай — құлағы бар жылы бас киім, құлақшын.
ә) Сөздік жұмысы
Пима
Жүннен басылған қысқы аяқ киім.
Тон
Иленген қой терісінен, жүнін ішіне қаратып тігілген жылы сырт киім.
Ішік
Ішкі жағы аң терісінен тігіліп, сырты матамен тысталған жылы сырт киім.
Байпақ
Етіктің ішінен киетін, жұқалау басылған қонышты киіз шұлық.
б) Сергіту сәті
Тоңса біздің қолымыз, Қолғапты киіп аламыз. Сарт-сарт-сарт, Шапалақты соғамыз. Тоңса біздің аяғымыз, Етікті киіп аламыз. Топ-топ-топ, Топылдатып билейміз.
в) «Дүкенде» сюжетті-рөлді ойын
Дүкен сөрелерінде қысқы киімдер қойылады: тон, пима, қолғап, күрте, телпек. Қысқы киім іздеген бала дүкенге келіп, сатушымен әдепті түрде амандасады. Сөрелерден өзіне қажетті киімді таңдап, сол киімге байланысты сөйлем құрайды. Тапсырма орындалғанда ғана киімді «сатып алады».
Мысал сөйлем
Қыста қалың тон киеміз.
г) «Балаларға арналған киім дүкені» бойынша әңгіме құрастыру
Балалар мазмұнды суретке қарап, киім дүкеніндегі жағдайды сипаттап, шағын әңгіме құрастырады.
д) Ө. Ақыпбекұлының «Менің киімдерім» санамағын жаттау
1 дегенім — бөрік, Кисең бойға көрік. 2 дегенім — етік, Киер сәнді етіп. 3 дегенім — ішік, Теріден тігер пішіп. 4 дегенім — тымақ, Қыста кисең жылы-ақ. 5 дегенім — байпақ, Іші жылы, тайпақ.
III. Оқу іс-әрекетін қорытындылау
а) Сұрақтарға жауап беру
Балалар сабақта өткен жаңа сөздер мен қысқы киім түрлерін еске түсіріп, сұрақтарға жауап береді.
ә) «Не артық?» дидактикалық ойыны
Бір қатарда тұрған киімдердің ішінен артық киімді табады.
Дұрыс жауап
Туфли — артық.
Түсіндіру
Өйткені туфлиді күз бен көктем мезгілдерінде ғана киеміз.
б) Тәрбиелік қорытынды
Бүгін біз қысқы киімдер туралы әңгімелестік және оларды басқа киімдерден ажырата білуді үйрендік.
Киімді әр жерге лақтырмай, кір қылмай, таза ұстау — өзімізге байланысты. Киімімізді күтіп, таза ұстайық!