Ата - аналардың мектеп кеңесі жұмысына қатысуы

С. Смайлс

«Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы».

Отбасы тәрбиесі: мектеппен бірлескен жауапкершілік

Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелілігі ең алдымен ата-аналармен және қоғамдастықпен мектептің бірлескен іс-әрекетіне байланысты. Бала тәрбиесі мен дамуында басты рөлді отбасы атқарады.

Тәрбие – алдын ала жасалған жоспарға сүйеніп, мақсатты түрде бағытталып, ұйымдастырылып жүргізілетін үдеріс. Баланың өмірінің басым бөлігі отбасында өтеді. Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың алғашқы ұстазы – ата-ана. Сондықтан бала мектеп табалдырығын аттағанға дейін оның ең алғашқы тәлімгері де – ата-анасы.

Отбасы мектеппен бірлесе отырып, оқу-тәрбие үдерісінің табысты не табыссыз болуын айқындайтын тәрбиелік ортаның маңызды факторларын қалыптастырады. Мектеп пен отбасының ынтымақтастығын іске асыруда сынып жетекшінің рөлі ерекше.

Сынып жетекшінің міндеті

Жалпы білім беретін мектептегі сынып жетекшісі – сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыратын, үйлестіретін және өткізетін педагог. Ол сынып ұжымындағы тәрбиелік жұмыстың сан алуан түрлері арқылы мектеп пен бала арасындағы қарым-қатынасты жүйелейді, әр оқушының жеке ерекшелігін ашуына жағдай жасайды және өз қызметін оқу-тәрбие жұмысының біртұтас жүйесінде жүзеге асырады.

Негізгі ұстаным: мектеп–отбасы серіктестігі баланың тұлғалық дамуына бағытталуы тиіс.

Ата-аналармен жұмыстың 5 қызметі

Педагогикалық тәжірибеде мектеп, сынып жетекші және ата-аналардың өзара жұмысы төмендегі бес негізгі қызмет арқылы көрінеді.

1) Ата-аналарды оқу-тәрбие үдерісіне тарту

  • Балалар мен ата-аналардың шығармашылық күні.
  • Ашық сабақтар және сыныптан тыс іс-шаралар.
  • Ата-аналардың мектеп кеңесі жұмысына қатысуы.
  • Материалдық-техникалық базаны нығайтуға және іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсету.

2) Педагогикалық-психологиялық ағарту жұмысын ұйымдастыру

  • Тәрбиенің өзекті мәселелері бойынша мектептік және сыныптық конференциялар.
  • Психологиялық, педагогикалық, медициналық және құқықтық кеңестер.
  • Тренингтер.
  • Қызығушылықтарына қарай ата-аналар лекторийлері (қабілетті балалар, қиын балалар, үйірмелерге қатысатын балалар және т.б.).

3) Ата-аналарды балалармен бірлескен әрекетке тарту

  • Сынып жетекші ұйымдастырған барлық шараларға қатысу (саяхат, сенбілік, жөндеу жұмыстары және т.б.).
  • Жалпы мектептік дәстүрлі іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысу (түлектер кеші, ардагерлермен кездесу және т.б.).
  • Оқырмандар конференциясы.
  • Отбасылық ойын-байқаулар.
  • Республика ішінде және одан тыс жорықтарға дайындықты ата-аналармен бірге жүргізу.

4) Жекелеген оқушылардың отбасындағы тәрбиеге түзету жұмыстары

  • Тәрбиеге қатысты психологиялық-педагогикалық кеңес пен қолдау көрсету.
  • Қиын және қауіп тобына кіретін балаларға ерекше көңіл бөлу.
  • Отбасында жиі кикілжің болатын, психологиялық ахуалы күрделі отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізу.

5) Ата-аналар белсенділігі және қоғамдық ұйымдармен өзара әрекет

Мектеп ата-аналардың белсенділігін қолдап, қоғамдық құрылымдармен бірлесе жұмыс істеу арқылы тәрбие ықпалын күшейтеді. Төменде кең тараған үш бағыт берілген.

Ата-аналар университеті (ережелер)

  • Әр оқушының жеке ерекшелігін ескеріп, тұлға ретінде қалыптасуына көмектесу; оқушының ар-намысын сыйлауға үйрету, дөрекілікке жол бермеу.
  • Оқушы және ата-анамен тығыз байланыс орнату; мәдениетті, сыпайы қарым-қатынас қалыптастыру.
  • Мектеп мүлкін сақтауға атсалысу.
  • Мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ету.
  • Мүмкіндік болған жағдайда оқушы мен ата-ананың талап-тілегін ескеру.
  • Мектептегі және сыныптан тыс іс-шараларға көмек көрсету, пікір білдіру.
  • Материалдық-техникалық базаны жақсартуға қолдау көрсету.
  • Бақылаушылық және қолдаушылық қызметті қатар атқару.
  • Бала тәрбиесіне ата-аналарды белсенді қатыстыру.

Жас ата-аналар мектебі (ережелер)

  • Балаларды жақсы қасиеттерге баулу; үлкенді сыйлауға, қамқор болуға үйрету.
  • Оқушыларды имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.
  • Ұнамды және ұнамсыз қасиеттерді ажырата отырып, әдеп негіздерін бойына сіңіруге ықпал ету.
  • Әдет-ғұрыпты сақтайтын, дәстүрді жалғастыратын қайырымды ұрпақ тәрбиелеу.
  • Ата-бабадан жеткен тағылымды тәлім-тәрбиені жас ұрпаққа ұғындыру.
  • Ата-аналардың сұранысы бойынша семинарлар мен тренингтер өткізу.
  • Салт-дәстүрді сақтау мақсатында ата-аналармен бірлескен іс-шараларға қолдау көрсету.
  • Тәрбиеге қатысты сұрақтар бойынша мұғалім, психолог және әлеуметтік педагогтан кеңес алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
  • Отбасында және мектепте баланың мәдениетті жүріс-тұрысын қалыптастыру әдістерін педагогтармен бірлесе талқылау.
  • Отбасының бала тәрбиелеудегі рөлі бойынша тақырыптық жиындар өткізу.
  • Ата-аналарды педагогикалық-психологиялық білім, білік дағдыларымен қаруландыру.

Ақсақалдар кеңесі (ережелер)

  • Аталардан қалған ұлағатты, ғибратты сөздерді балаларға ұғындырып, өнеге алуға баулу.
  • Жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеуде ата-анаға және сынып жетекшіге қолдау көрсету.
  • Өз елінің патриотын тәрбиелеуге ықпал ету.
  • Ата-тегін білуге, шежірені тануға үйрету.
  • Ата-баба дәстүрін жалғастыруға тәрбиелеу.
  • Еліміздің бейбітшілік, достық құндылықтары мен тарихын білуге баулу.
  • Оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасты реттеуге ықпал ету.
  • Мұғалім мен ата-ана арасындағы үйлесімді байланысты нығайтуға ақыл-кеңес беру.

Отбасы мен мектеп ынтымақтастығының тірек қағидалары

Отбасы туралы негізгі тұжырымдар

  • Отбасы – адам тәрбиесі үшін ең жақын әлеуметтік орта.
  • Отбасы – дәстүр, өнеге, мұра және салт-дәстүрдің сақтаушысы.
  • Отбасында бала мінез-құлық нормаларын алғаш меңгереді.
  • Отбасы – баланың азамат болып өсуінің негізі.
  • Отбасының басты қызметі – бала тәрбиелеу; отбасы тәрбиесі – жалпы тәрбиенің ең маңызды бөлігі.

Қазіргі мектептің бағыты

Мектеп қызметі қазіргі заман талабына сай толық өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Демек, оқушыға құндылық тұрғысынан қарап, оны өзін-өзі дамытатын мәдениет адамы ретінде қабылдау маңызды.

Оқушы өзін түсініп, өмірінің мағынасын айқындап, жеке болмысын танымаған жағдайда толыққанды білім алып, жан-жақты дами алмайды. Бұл жолда қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсету – педагог пен ата-ананың ортақ міндеті.

Балаға қолдау көрсету нені білдіреді?

Рухани-адамгершілік өсу

Баланың рухани адамгершілігін нығайту, өзін-өзі дамытуына мүмкіндік беру, ішкі әлеуетін ашуға жәрдемдесу.

Денсаулық пен оқу

Денсаулығын қорғау, оқуындағы қиындықтарды дер кезінде анықтап, жеке ерекшеліктеріне сай шешім табуға көмектесу.

Қауіпсіз әрі қолайлы орта

Дамуына және өзін-өзі дамытуына жағдай жасайтын, психологиялық тұрғыдан қауіпсіз орта құру.

Маңызды ескерту

Отбасы – тәрбиенің салыстырмалы түрде тұйық институты. Ата-аналардың тәрбиелік мүмкіндігі мен әлеуеті әртүрлі деңгейде болуы мүмкін. Сондықтан мектеп ата-аналармен жұмыста амалдар мен әдістерді саралап, икемді түрде қолдануы қажет.