Барлық бұршақтұқымдас өсімдіктердің тамырында
Сабақтың мазмұны мен бағыты
Тақырып
Ауызша журнал түріндегі қайталау сабағы
Мақсат
- Өсімдіктану пәнінен алған білімді жүйелеу және бекіту.
- Тез ойланып, нақты жауап беруге дағдыландыру.
- Халықтық педагогика негізінде тәрбиелеу: нанды қастерлеу, табиғатты қорғау, экологияны сақтау.
Пәнаралық байланыс
Әдебиет, медицина, экология, өмірмен байланыс.
Қолданылған құралдар
Сабақтың құрылымы
- I Сабақ жоспарымен таныстыру.
- II «Ауызша журнал» бөлімдері арқылы қайталау және бекіту.
- III Қорытындылау.
- IV Бағалау және өзіндік талдау.
«Ауызша журнал»: 1-бет — Сауалнама
Оқушылардың негізгі ұғымдарды түсінуін тексеруге арналған сұрақтар:
- 1. Неліктен бактерияларды төменгі сатыдағы өсімдіктерге жатқызамыз?
- 2. Біржасушалы бактерия мен хламидомонада арасында қандай айырмашылық бар?
- 3. Мүктерді неліктен жоғары сатыдағы өсімдіктерге жатқызады?
- 4. Қырықжапырақтәрізділер мен мүктердің қандай айырмашылықтары бар?
- 5. Неліктен «жалаңаштұқымдылар» деп аталады? Тұқым мен спораның айырмашылығы қандай?
- 6. Жабықтұқымды өсімдіктерді неліктен даражарнақты және қосжарнақты деп бөледі?
- 7. Даражарнақты және қосжарнақты өсімдіктер тұқымдарының ұқсастықтары мен айырмашылықтары қандай?
- 8. Орамжапырақтың қандай түрлері бар және оның пайдасы қандай?
- 9. Төменгі сатыдағы өсімдіктерге сипаттама бер.
- 10. Қандай жеуге жарамды және жеуге жарамсыз саңырауқұлақтарды білесің?
2-бет — Дастархан мәдениеті: «Нан — өмір»
Өлең
О, адамдар, айтарым бар:
Нанды баспаңдар!
Онда қол жетпейтін аспан бар,
Әлі ешкім жазбаған дастан бар.
Өтініп сұраймын:
Ана бол, дана бол, бала бол —
Нанды баспаңдар!
Нанға үлкен жүрекпен қараңдар,
Нанды өмір деп санаңдар.
Нан болмаса,
Қызығың, бақытың —
Құр әуре далбаса...
О, адамдар, кең пейілділер,
Бір дән жолда жатса,
Ұлылықпен еңкейіңдер!
Кәрім Сауғабаев
3-бет — «Ойлан, тап!»
Терминдерді жылдам сәйкестендіруге арналған тапсырма:
1. Өсімдікке қажетті зат: тұз
2. Негізгі тамырдан пайда болатын тамыр: жанама
3. Тыңайтқыш: шымтезек
4. Қоректік заттарды сіңіруге әсер ететін күш: қысым
5. Түкшелері бар тамыр аймағы: сору
4-бет — Қазақ ырымдары: тағам, тазалық және қауіпсіздік
Халықтық тәрбие элементтері оқушыны ұқыптылыққа, денсаулықты сақтауға және табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үйретеді.
Дастархан әдебі
- Ас ішіп отырғанда сырттан сәлем беріп кірген адамның қолын алмайды; бас изеп, «асқа кел» деп шақырады.
- Жуылмаған қолды сілкілемейді: «ас сілкінеді, дәм-тұз атады» деп ұйғарған.
- Түнде беті ашық қалған асты жемейді: «ас бұзылады» деп сақтандырған.
Су және ем-дом
- Өзен суын еңкейіп, етпетінен жатып ішпейді: қауіпті әрі денсаулыққа зиян деп білген.
- Жуған қолды сілкілемей, сорғалатып барып орамалмен сүртеді; судың киесі бар деп түсіндірген.
- «Ұшықтау» — ертеден келе жатқан емдеу тәсілі: әлсіреген, шошынған, сырқаттанған адамға жасалатын ғұрып.
5-бет — Биологиялық диктант
Бос орындарды толтыру арқылы негізгі процестер мен ұғымдарды бекітуге арналған тапсырма:
1. Өсімдікке жасыл түс беріп, фотосинтез процесіне қатысатын жасыл пигмент — ….
2. Фотосинтез кезінде … сіңіріліп, … бөлінеді, нәтижесінде … түзіледі.
3. Барлық бұршақ тұқымдас өсімдіктердің тамырында … болады.
4. Жасуша тыныс алғанда … сіңіріліп, … бөлінеді.
5. Гүлі, тұқымы, жемісі бола бермейтін және жасыл түсті емес өсімдіктер тобын … дейді.
6-бет — «Жанға шипа, дертке дауа» (танымдық жұмбақтар)
Дәрілік және улы өсімдіктер туралы білімді өмірмен байланыстыратын тапсырмалар.
I тапсырма
Мен көпжылдық өсімдікпін. Қыркүйек пен мамыр айларында гүлдеймін. Жапырағым мен тамырымды жұрт дәрі ретінде пайдаланады. Негізгі өсетін мекенім — жол жиегі. Мені қан тоқтатуға, іріңді жараның жазылуын тездетуге қолданады. Сонда мен қай өсімдікпін?
II тапсырма
Мен күй талғамай, кез келген жерде өсе беремін. Алқа тұқымдасына жататын өте улы өсімдікпін. Жапырағым мен тамырымды жеген мал да, құс та өледі. Әсіресе адамға, балаларға өте қауіпті. Ибн Сина: «Бұл у — есірткі, оны жеген адам естен айырылады» деген. Мені тіс ауырғанда, сүйек сырқырағанда ем ретінде пайдаланады, ал бесіктегі баланы менімен аластайды. Сонда мен қай өсімдікпін?
III тапсырма
Биіктігім бір метрге дейін жетеді. Мені мал жемейді. Тікенектерім жұмсарса, адамдарға жауын жауатынын алдын ала білдіремін. Жемісім жабысқақ әрі тікенді болғандықтан, мал мен адам мені алысқа таратуға көмектеседі. Сөлімді өкпе демікпесін емдеуге пайдаланады. Сонда мен қай өсімдікпін?
7-бет — Табиғатты аялау: топырақ және жауапкершілік
Топырақтың құнарлылығын арттырып, ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу үшін адамдар қуатты техниканы қолданады. Топырақтың түріне қарай бірін суарады, екіншісін құрғатады, ал үшіншісін түрлі әдістермен өңдейді. Бұл — топырақтың болашағы адам әрекетіне тәуелді екенін көрсетеді.
Қазіргі уақытта табиғи байлықты қорғау және тиімді пайдалану бүкіл халықтың міндетіне айналғанда, топырақты қорғауға да ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Бүгінгі таңда республикамызда астық дақылдарын егу алаңын кеңейту көзделіп отыр.
Сабақты қорытындылау және өзіндік талдау
Қорытынды бөлімдері
- Сабақты қорытындылау.
- Бағалау.
- Өзіндік талдау.
Өткізілген сабақ туралы
7-сынып биология пәнінде «Төменгі сатыдағы өсімдіктер» тақырыбы бойынша дәстүрлі емес қайталау сабағы өткізілді. Тақырып өсімдіктер систематикасында жеке қарастырылатындықтан, білімді жүйелеу мақсат етілді.
Сабақ 6 бөлімнен тұрды; әр бөлімде дидактикалық материалдар арқылы оқушылардың білімі тексерілді. Халықтық педагогика элементтері енгізіліп, нанды қадірлеу мәдениеті мен экологиялық жауапкершілікке назар аударылды. Көрнекілік ретінде слайдтар қолданылды, оқушылар белсенді қатысып, қойылған мақсаттарға қол жеткізілді.