Менің әжем әдемі
Сабақ туралы мәлімет
Тақырыбы
Ә ә дыбысы мен әрпі
Сабақтың типі мен түрі
- Типі: жаңа білімді игеру
- Түрі: саяхат-ойын сабақ
Мақсаты
- Ә ә дыбысы мен әрпін таныстыру.
- Ә дыбысы бар сөздерге дыбыстық талдау жасату.
- Сөз, сөйлем құрау және буынға бөлу дағдысын қалыптастыру.
- Жазу дәптерінде ә әрпін дұрыс жазуға жаттықтыру.
Дамытушылық және тәрбиелік бағыт
- Ой-өрісін, тіл байлығын, тапқырлық пен ізденімпаздық қасиеттерін дамыту.
- Дыбыстан сөз, сөзден сөйлем құрау қабілетін арттыру.
- Сыпайылыққа, жолдастыққа, достыққа тәрбиелеу.
- Бір-бірінің ойын түсініп, тыңдай білу мәдениетін қалыптастыру.
Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап
- Көрнекілік
- Оқудың түрлері: тізбектей оқу, тұтастай оқу
Көрнекіліктер мен құрал-жабдықтар
- Көкөністер, жемістер, заттық суреттер
- А әрпінің баспа және жазба түрлері
- Себет
- Интербелсенді тақта, бор, тақта
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
Мұғалім оқушылармен сәлемдеседі. Бүгінгі сауат ашу сабағының ерекше өтетінін айтып, сыныпқа келген қонақтармен амандасуға бағыттайды.
II. Психологиялық дайындық
Қайырлы таң, досым!
Қайырлы күн болсын!
Жеті күннің әр кезі
Сәттілікке толсын!
Біздің алар бағамыз
Кілең бестік болсын!
III. Ой қозғау (сюжеттік тапсырма)
Сыныпқа әже келеді және оқушылардан көмек сұрайды: немерелері Әсет пен Әсел орманға саңырауқұлақ теруге барып, адасып кетіпті. Оқушылар тапсырмаларды орындау арқылы балаларды табуға көмектеседі.
Ереже: Дыбысты біз естиміз және айтамыз. Әріпті біз көреміз, оқимыз және жазамыз.
Үй тапсырмасын пысықтау (өткен дыбыс)
Сұрақтар
- Өткен сабақта қай әріппен таныстық?
- І дыбысы дауысты ма, дауыссыз ба? Неліктен?
- І дыбысына сөздер ойлап көрейік.
- Сөз жуан айтыла ма, әлде жіңішке айтыла ма?
- Дыбыс деген не? Әріп деген не?
Дыбыстарды топтастыру
Дауысты дыбыстар
А, О, У, І
Дауыссыз дыбыстар
Р, Л, Ш, С, Д, Т, Н, Ң, Ғ, Ж, М
Оқудың түрлері: тізбектей оқу, тұтастай оқу.
Өзеннен өту тапсырмасы (жұмбақ)
Жауап берші, жан досым,
Жауап бер, қане, ойланбай.
Өтетұғын мектепте —
Алғашқы сабақ ол қандай?
Жауабы: Әліппе
«Әліппе» сөзі Ә дыбысынан басталады. Бүгінгі жаңа тақырып — Ә ә дыбысы мен әрпі.
Ә — ауыз кең ашылып, тіл мен иектің төмен түсуі арқылы жасалатын жіңішке дауысты дыбыс. Көбіне сөздің бірінші буынында кездеседі.
Орманға саяхат: аңдар кедергісі
Өзеннен өтіп, орманға келдік. Енді тапсырмаларды орындап, әжеге көмектесуді жалғастырамыз.
1) Қасқыр тапсырмасы
- Ә әрпінен басталатын сөз ойлау.
- Дыбыстық талдау жасау.
- Буынға бөлу.
Үлгі сөздер
Ән, Әлім, Әсел, Әсет, шәлі, әнші
Сыйластық сөзі: «Жолыңыз болсын!»
2) Кірпі тапсырмасы
Оқулықпен жұмыс: мәтін бойынша оқу, сұрақтарға жауап беру, тапсырмаларды орындау.
Сыйластық сөзі: «Саған сәттілік тілеймін!»
Сергіту сәті: көзге арналған жаттығулар.
3) Аю тапсырмасы
А) Сөздерді буынға бөл
әншілер, әпкелер, бәйшешек
Ә) Буындардан сөз құрастыр
ән — ші
Сыйластық сөзі: «Рахмет, сау бол!»
Жазылым: Ә әрпінің баспа және жазба түрі
Әріптің баспа және жазба түрі болады. Мектепалды даярлық тобында баспа түрімен таныстық, енді жазба түріне көшеміз.
Ескерту: Бас әріп Ә сөйлемнің басында, адам аты-жөнінде, қала атауында жазылады. Кіші әріп ә сөздің ортасында және соңында қолданылады.
Дәптермен жұмыс
- Кеудені тік ұстап отыру.
- Дәптерді қиғаштау орналастыру.
- Қаламды дұрыс ұстау.
- Ә әрпін ауада, тақтада, дәптерде жазып жаттығу.
Деңгейлік шығармашылық тапсырма
Әже мен немерелерінің кездесуіне аз қалғанда, жолда төрт түлік мал кездеседі. Төлдерді енелерімен қосу үшін тапсырманы орындаймыз.
Тақырып: «Әже туралы әңгіме»
Оқушылар өз әжелері туралы қысқаша әңгіме құрастырады. Үлгі ойлар:
- Әжем қонаққа барғанда мені бірге алып барады.
- Менің әжем өте мейірімді және әдемі.
- Әжем маған ертегі оқып береді.
- Әжемді қатты жақсы көремін.
Нәтижесінде әже немерелерімен қауышады. Барлығының қуанышында шек жоқ.
Қорытынды және бағалау
Оқушылар әжеге көмектесіп, тапсырмаларды орындады. Сабақтың түйіні: әрдайым үлкенді сыйлап, әдепті, мейірімді болып өсу.
Жақсы қатысқан оқушылар мадақталып, білімдері бағаланады. Әженің сыйлығы ретінде жұлдызшалар таратылады.
Қорытынды өлең
Мұғалімнің айтқанын
Мықтап миға тоқимыз.
Бар ынтамен тыңдасақ,
Кілең беске оқимыз.
Қосымша: «Менің әжем» өлеңін оқып беру.