Абылай ханның ақылшы - биі, абыз
Сабақтың тақырыбы
Қазыбек би мен Бұқар жырау.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Шешендік сөздердің мәнін тереңірек түсіндіру, Қазыбек би мен Бұқар жырау туралы білімді кеңейту.
Тәрбиелік
Ой-сананы оятып, жақсы мінезге, байқағыштыққа, сергек әрі зерек болуға тәрбиелеу.
Дамытушылық
Сөйлеу мәдениетін байытып, ұтқыр әрі ойлы сөйлеуге баулу.
Сабақтың түрі және әдіс-тәсілдері
Сабақтың түрі
Жаңа білімді меңгеру сабағы.
Әдіс-тәсілдері
СТО стратегиялары.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру және қызығушылықты ояту
«Иә / Жоқ» стратегиясы арқылы бастапқы білімді анықтау:
- Шешендік сөздер қазақ ауыз әдебиетінің бір саласына жата ма?
- Шешендік сөздердің елге белгілі адамдарға қатысы бар ма?
- Шешендер мен билердің сөздері жазылып, сақталған ба?
- Шешендік сөздер тек дауларға байланысты ғана туған ба?
- Шешендік сөздерден халықтың тіл байлығы байқала ма?
- Айтушылары ұмыт болған шешендік сөздер кездесе ме?
- Шешендік сөздерді «аталы сөз» деуге бола ма?
2) Мағынаны тану
Қаз дауысты Қазыбек би (Келдібекұлы)
1667, Сыр бойы — 1764, қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Теректі бұлақ маңы (кей деректерде: 1665—1765)
Қазыбек би — XVII–XVIII ғасырлардағы қазақ халқының үш ұлы биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Ол озық ойлы, әділ әрі көреген, батыл да қайратты тұлға ретінде танылған.
Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан оны Орта жүздің бас биі етіп тағайындаған. Қазыбек би Тәуке ханнан кейін де Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандардың тұсында ел басқару ісіне араласып, ішкі және сыртқы саясатта ақыл-кеңес берген. Хандық бірлігін сақтау мақсатында Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасауға атсалысқан.
Бұқар жырау (Қалқаманұлы)
1693, бұрынғы Баянауыл, Далба тауы бойы — 1787, сонда
Бұқар жырау — әйгілі жырау, Абылай ханның ақылшы биі әрі абызы. Халық оны «Көмекей әулие» деп атаған. Себебі ол көбіне қара сөзбен емес, көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған.
Жиі түрде Абылай ханның «сәуе айт» деген өтінішімен болжам айтып, ол айтқандары дәл келіп отырғаны баяндалады. Әкесі — Қалқаман батыр. Бұқар жыраудан Ақдербіс, Жарылғап, Жанта есімді үш ұл тараған.
Ұзақ ғұмырында көптеген тарихи оқиғаларды бастан өткерген. «Ақтабан шұбырынды» жылдарында тәуелсіздік пен ел бірлігін сақтауға айрықша күш жұмсап, Абылай ханның саясаты мен жорықтарын қолдаған.
Сөздікпен жұмыс
- Жырау
- Өз жанынан жыр шығарып айтатын, эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі.
- Сәуегейшілік
- Батагөйлік, түс жору, ырым айту, табиғат құбылыстарына болжам жасау секілді қасиеттер; көне дәуір жырауларына тән қыр.
- Абыз
- Ғұлама, әулие, көріпкел адам; тайпа-ұлыс өміріне, ел басқару ісіне, жорық мәселелеріне араласқан саяси тұлға. Жортуыл сәуегейі қызметін де атқарған.
Мәтінмен жұмыс (оқылым)
- Қазыбек би мен Бұқар жырау туралы мәтінді жатқа оқып беремін.
- 3–4 оқушыға мәтінді мәнерлеп, нақышына келтіріп оқытамын.
- Есте сақтау қабілетін арттыру үшін мәтінді қайталап, электронды оқулықтан тыңдатамын.
3) Толғаныс
- Бұқар жырау бірден онға дейінгі санның мағынасын Қазыбектен неге сұрады?
- Сандардың мағынасы қалай түсіндірілді?
- Қазыбек би шешен тілмен қалай жауап қайтарды?
Талқылау сұрағы: Осы шешендік сөздің балалар әдебиетімен ұқсастығы бар ма? (Иә, санамаққа ұқсайды.)
Санамақ дегеніміз не? Қандай санамақтарды білесіңдер?
Қосымша жадығат: «Санамақ»
Санамақ — қазақ балалар фольклорындағы жанрлық түр. Сәбилерге сан үйретуді, санаудың ретін танытуды көздейтін ойын өлеңі. Ол кейде ұйқасқа, кейде тек ырғаққа негізделеді. Көп жағдайда сандар тізбектеле беріледі де, түйіндеуші соңғы жолдар ғана ұйқасады.
«Он бір — қара жұмбақ»
Бір дегенің — білеу,
Екі дегенің — егеу,
Үш дегенің — үскі,
Төрт дегенің — төсек,
Бес дегенің — бесік,
Алты дегенің — асық,
Жеті дегенің — желке,
Сегіз дегенің — серке,
Тоғыз дегенің — торқа,
Он дегенің — оймақ,
Он бір — қара жұмбақ.
Санамаққа қатысты сөздік
- Білеу
- Қамшы.
- Үскі
- Тесетін, бұрғылайтын біз секілді құрал.
- Торқа
- Бағалы жібек мата.
Үй тапсырмасы
- Шешендік сөзді жаттау.
- Қазыбек бидің жауабын өз ойларыңша таратып, ойтолғау түрінде жазып келу.
- Сөздікте берілген ұғымдарды жаттау.