Абай ескерткіші

Сабақ туралы

Пәні мен тақырыбы

Пән
Бейнелеу өнері (6-сынып)
Тақырып
Қазақ мүсін өнері. Хакімжан Есімханұлы Наурызбаевтың туындылары

Сабақтың форматы

Түрі
Жаңа сабақты меңгерту
Типі
Білім мен іскерлікке үйрету
Әдістері
Түсіндіру, әңгімелеу, шығармашылық жұмыс

Көрнекіліктер

  • Қосымша әдебиеттер
  • Мүсін түрлерінің үлгілері
  • Интерактивті тақта, слайдтар

Қолданылатын құралдар

  • Презентация
  • Ермексаз
  • Тақтайша

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Қазақ мүсін өнерінің қалыптасуына үлес қосқан тұлғамен таныстыру, мүсіншінің көркем шығармаларын талдау, мүсін сомдауда қолданылатын материалдардың технологиялық тәсілдерін меңгерту.

Дамытушылық

Оқушылардың мүсін өнері жөніндегі білімін кеңейту, түсінігін нақтылау және талдау дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік

Мүсін өнеріне қызығушылық оятып, ұқыптылыққа, іскерлік пен шеберлікке баулу.

Сабақтың барысы

  1. 1) Ұйымдастыру кезеңі

    Сыныптың жұмысқа дайындығын қадағалау.

  2. 2) Тексеру және шоғырландыру

    Қатыспаған оқушыларды белгілеу, құрал-жабдықтарды тексеру, оқушылардың назарын сабаққа аудару және үй тапсырмасын тексеру.

  3. 3) Жаңа тақырыпты түсіндіру

    Мүсін — кеңістікте жан-жақты бейнеленіп, сомдалған көркем шығарма. Мүсін өнерін скульптура деп те атайды. Бұл атау ежелгі Рим дәуірінен бастау алады: латын тіліндегі sculpo сөзі «кесу», «қашау» деген мағынаны білдіреді.

Хакімжан Есімханұлы Наурызбаев: қазақ мүсін өнерінің бастауында

Шеберлік қолтаңбасы

Хакімжан Наурызбаев тарихи тұлғалардың мүсіндерін сомдауда елеулі табысқа жетті. Ол әр кейіпкердің болмысын тек сыртқы бейнемен ғана емес, психологиялық тереңдік арқылы ашуға ұмтылды. Ізденіс пен зерттеуді қатар алып жүрген мүсіншінің өмір жолы өнегелі еңбектерге толы.

Өмірбаяны мен қалыптасуы

Х. Е. Наурызбаев 1925 жылы 27 тамызда Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Ұлыкөл ауылында дүниеге келді. Балалық шағы соғыстың ауыр жылдарымен тұспа-тұс келіп, бақташының және темірші-ұстаның жұмыстарын атқарумен өтті. Бұл тәжірибе оның еңбекқорлық қасиетін қалыптастырып, қол икемінің шыңдалуына ықпал етті.

Далада көп жүрген жасөспірім табиғаттың сұлулығын танып, көркемдік сезімін бойына сіңіріп өсті. Ал темірді балқытып иіп, ұсталықпен айналысуы — материалмен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгертіп, болашақ мүсіншілікке дайындады.

Өнерге деген ынтасын байқаған жандардың көмегімен ол Мәскеуде суретшілер дайындайтын арнайы мектепте білім алды. 1943 жылы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, осы оқу орнында украин суретшісі Ольга Николаевна Кудрявцеваның шеберханасында тәжірибе жинақтады. Ұстазының кеңесімен 1945 жылы Харьков көркемсурет институтының мүсін факультетіне қабылданды.

Хакімжан Есімханұлы ұстазының қамқорлығын ерекше құрметпен еске алып: «Ольга Николаевнаның туындыларымды мұқият талдап, құнды кеңес берген хаттарын ардақты естелік ретінде аялап сақтап жүрмін», — деген.

О. Н. Кудрявцеваның жетекшілігімен жұмыс істеген кезеңде «Көкпар», «Бүркітші жігіт», «Жеңімпазды қарсы алу» сияқты композициялар жасады. 1951 жылы институтты тәмамдап, елге оралады. Оның шығармашылық жолы Алматыда басталып, ХХ ғасырдың 50-жылдарынан өмірінің соңына дейін Қазақстан мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты.

Туындыларынан бір мысал: Абай ескерткіші

Көркемдік әсері

ХХ ғасырдың 60-жылдары бой көтерген Абай ескерткіші Алматы қаласындағы ең көрікті көшелердің бірі — Абай даңғылында орналасқан. Көктөбе жотасынан төмен түсіп келе жатқан сәтте-ақ ескерткіштен ұлы ақынның өзіне тән мінезі айқын сезіледі: сабырлы келбет, ашық ажар, ойлы көзқарас және рухани тереңдік.