Мұғалім

Сабақ туралы мәлімет

Мұғалім: Шарипова Ботагөз Ермешқызы Пән: Қазақ тілі Сынып: 5-сынып

Сабақтың тақырыбы: Жаңа сөздердің жасалуы

Білімділік

Оқушыларға неологизмдердің өзіне тән ерекшеліктерін және жасалу жолдарын мысалдар арқылы түсіндіру, жаттығу жұмыстарын орындату.

Дамытушылық

Оқушылардың ойлау, есте сақтау, қорытынды жасау және еркін сөйлеу қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік

Мәтін арқылы халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптеу, оқушы бойына патриоттық сезім ұялату.

Сабақтың сипаттамасы

Түрі:
дәстүрлі сабақ
Типі:
жаңа сабақ
Әдіс-тәсілдер:
түсіндіру, жаттығу, ой жинақтау, сұрақ-жауап, ой толғау

Көрнекіліктер

  • тірек сызбалар
  • таратпа материалдар
  • түрлі түсті қағаздар

Сабақ барысы

Төменде сабақтың негізгі кезеңдері мен оқу әрекеттері берілген.

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды сабаққа дайындау.

Ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру: өзара тілек айту.

2) Үй тапсырмасын тексеру

«Түртіп алу» стратегиясы арқылы оқушылардың өткен сабақтағы білімдері бекітіледі: берілген мәтіндерден көнерген сөздерді теріп жазу.

I жұп — мәтін

Екі шонжар бұл жолы ханның айтқанына қарсы болып жатады. Хан нөкерін ертіп, сейілге шықты. «Жандарал келді, жандарал келді», — деген хабар жұртты дүрліктірді. Хан бұйрыған соң, амал жоқ, уәзірлері өзара ақылдасып, іздеуге кіріседі. Бастарындағы дулыға жағылары, белдеріндегі кісілері, асынған бес қарулары түгелімен бір миясардың қолынан шыққандай.

II жұп — мәтін

Сыбан, Тобықты, Керей, Уақ болыстары, кандидаттары, долынжы билері қастарына тілмаштарын алыпты. Ұлық үйлерінен урядниктер, стражниктер де шықты. Мынау жалғыз ояз емес, көп төренің тобы ғой. Бұны биыл Құнанбай өзі аға сұлтан болғаннан кейін осы Тобықтыға болыстық старшын еткенді.

I жұп — өлең

Бадана көзді кіреуке
Жауға қарсы жетпеген,
Жел айырдың оғы өтпеген,
Сатуға басын сұрасаң,
Мың ділдә да жетпеген.
(«Ер Тарғын»)

II жұп — өлең

Алдына дабыл төңкерген,
Артына сауыт бөктерген...
Барабан соғып, шың қағып.
(«Қобыланды»)

Қайталау сұрақтары

  • Көнерген сөздер дегеніміз не?
  • Көнерген сөздер нешеге бөлінеді?
  • Архаизм дегеніміз не?
  • Историзм дегеніміз не?

3) Жаңа сабақ: Жаңа сөздер (неологизмдер)

Жаңа сөздер (неологизмдер) — тілде жаңа ұғымдарды білдіретін сөздер. Олар қоғамдық қатынастардың, ғылым мен техниканың, мәдениеттің өсіп-дамуына байланысты тілге енген сөздер мен сөз тіркестері, сондай-ақ фразеологиялық оралымдар ретінде қалыптасады.

Неологизмдердің түрлері

Лексикалық неологизм

Жаңа ұғымдардың тууымен қатар пайда болатын жаңа сөздер.

Семантикалық неологизм

Сөзбе-сөз аудару арқылы төл сөзге қосылған жаңа мағына.

Мысалдар

Бір кезеңде жаңа болған сөздер уақыт өте келе жиі қолданысқа түсіп, «жаңалық» сипатын жоғалтады: компас, космонавт, спутник, қор, кесте, шарт, қорғау, жүйе, талдау.

Жаңа сөздердің жасалу жолдары

1) Жұрнақ жалғау арқылы

Мысал: аялдама

2) Біріктіру арқылы

Мысалдар: балмұздақ, баспасөз, зейнетақы

3) Тіркестіру арқылы

Мысалдар: жер серігі, ғарыш кемесі

4) Қысқарту арқылы

Мысалдар: ТМД, АлМУ

Қолданыс арқылы қалыптасу

Кейбір атаулар бастапқыда неологизм ретінде танылып, кейін жиі қолданылуына байланысты қалыпты сөздік қордың бір бөлігіне айналады. Соңғы жылдары ғарыш, ғарышкер, жер серігі сияқты төл атаулар да кең қолданысқа еніп, жаңа сөздер ретінде жиі қарастырылады.

Қазақ тіліндегі кең тараған жаңа сөздер

Жолсерік, үнтаспа, жеделхат, саяжай, ермексаз, теңге, құжат, отбасы, кеден, зейнетақы, зейнеткер, сынып, үнқағаз және басқа да сөздер.

Салалық жаңа атаулар

Қазақ тілінің мәртебесі өсіп, қолданылу аясы кеңейген сайын өсімдік және бау-бақша саласына қатысты да көптеген жаңа сөздер орнықты: жылыжай, қызанақ, орамжапырақ, жасуша, ағза және т.б.

Қорытынды ой: Жаңа сөздер — тілдің тірі ағза екенін дәлелдейтін құбылыс. Қоғам өзгерген сайын тіл де жаңа ұғымдарды дәл әрі ықшам жеткізу үшін үнемі жаңарып отырады.

Тапсырма

«Жаңа сөздердің жасалуы» тақырыбы бойынша қорытынды сызба (жүктеу/толықтыру) тапсырмасы беріледі.