Наурыз мерекесі туралы түсінік беру

Білім беру саласы: Әлеуметтік орта

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекет түрі: Айналамен таныстыру

Тақырыбы: Наурыз келді, наурыз көже әкелді

Мақсаты

Балаларға Наурыз мерекесі туралы түсінік беру.

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесінің ерекшеліктерімен және көктем мезгілінің тамаша құбылыстарымен таныстыру.

Наурызда оқылатын өлең, тақпақ, бата мазмұнын бала бойына сіңіріп, сөздік қорын дамыту.

Ата-бабадан жалғасқан дәстүр — наурыз көже туралы түсінік беріп, оны дайындау жолын көрсету арқылы ұғындыру.

Тақырып арқылы ұлттық мерекеге деген қызығушылықты оятып, құрмет сезімін қалыптастыру.

Әдіс-тәсілдер

  • Психотренинг
  • Ой қозғау
  • Түсіндіру, көрсету
  • Сұрақ-жауап
  • Сергіту сәті
  • Ән айту, тақпақ оқу

Қажетті көрнекіліктер

  • Киіз үй
  • Алтыбақан
  • Жауқазын гүлдері
  • Ұлттық киім
  • Қазан-ошақ
  • Наурыз көже

Оқу іс-әрекетінің сипаты

Түрі

Дәстүрлі емес

Типі

Жаңа білімді меңгерту

Алдын ала жүргізілетін жұмыс

Тақпақ, ән жаттау

Сценарий: «Наурыз келді, наурыз көже әкелді»

Мотивациялық қозғаушы кезең

Зал іші Наурыз мерекесіне сай безендіріледі. Фон ретінде Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалып тұрады.

Наурыз мерекесіне келген қонақтар балалармен амандасады. Осы кезде абысын мен келін — Мира мен Жанат — сахнаға шығып, шашу шашады:

Мира мен Жанат:

  • — Амансыздар ма?
  • — Төрлетіңіздер!
  • — Наурыз мерекесі құтты болсын!
  • — Ұлыс оң болсын!

Тәрбиеші:

Бүгін Наурыз тойын тамашалауға келген қалың қауым! Сіздер Әйтеке би ауылына қош келдіңіздер!

Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып, Ұлыстың ұлы күні келді, ағайын!

Наурыз туралы түсіндіру

Сахнадан айтылатын мәтін:

Әр көктем сайын бүкіл халқымыздың асыға күтетін мейрамы — Ұлыстың ұлы күні, Наурыз тойы. Бұл — күн мен түн теңеліп, қасиетті Жер-Ана қысқы ұйқысынан оянып, табиғаттың бүршік атуын ұлықтайтын мереке.

Шақыру:

Уа, жарандар, келіңдер! Той қызығын көріңдер!

Наурыз тойға бас иіп, Күнге сәлем беріңдер!

Күнге тәу ету:

Армысыздар, қайырымды Күн-Ана!

Атқан таң мен шыққан күнге тәу-тәу.

Басымызға амандық, дастарханымызға береке дарыта көр!

Тәу-тәу!

Балалардың тақпақтары

Ақгүл

Хош келдіңіз, Наурызым ардақты,
Халқым саған бар үмітін арнапты.
Жылда осылай келе бергін жасарып,
Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп аймақты.

Нұрдәулет

Ата-бабам тойлаған, Наурызым, армысың!
Қызығына тоймаған,
Дархан дала, қарлы шың!

Іңкәр

Армысың, Наурыз!
Қуаныш боп кір, төрлет!
Ел болып саған
Көрсетіп жатыр сый-құрмет.

Данияр

Жыл басы — Наурыз мереке,
Ақ нұрға әлем боянды.
Наурыз тойы — береке,
Тіршілік таңы оянды.

Тәрбиеші:

Рақмет, балалар! Біз қандай мереке туралы тақпақтар оқыдық?

Дұрыс, бұл тақпақтар Наурыз мерекесіне арналған.

Ой қозғау және бейнематериал

Наурыз мерекесі дегенде көз алдымызға киіз үй тігу, қазақы ою-өрнекті киім кию, күрес сияқты ұлттық ойындар, қыдыру-қыдыру дәстүрлері елестейді.

Ойымызды жинақтау үшін бір сәт теледидарға назар аударайық (Наурыз мерекесін бейнелейтін сюжет көрсетіледі).

Міне, балалар, өздерің айтқандай, Наурыз мерекесі туралы ойласақ, ең алдымен киіз үй, ұлттық нақыштағы киімдер, ою-өрнектер сияқты белгілер еске түседі.

Наурыз сөзі «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Қане, бірге қайталайық: Жаңа күн.

Бұл күні күн мен түн теңеледі.

Наурыз тойын «Ұлыстың ұлы күні» деп те атаған. Мұндағы «ұлыс» — ел, мемлекет деген ұғым.

Дәл осы күні адамдар ең әдемі әрі таза киімдерін киіп, мерекені үлкен қуанышпен қарсы алған.

Сонымен қатар Наурыз күні дастарханымыз тағы бір ұлттық тағаммен толығады. Ол — наурыз көже.

Келесі көрініс

Осы сәтте қолына бір шоқ Наурызгүл ұстап Әсел сахнаға кіреді.