Заттар мен нәрселер

Жезқазған қаласы • №10 орта мектеп

Бастауыш сынып мұғалімі: Кусаинова Гаухар Алибековна

Сабақ тақырыбы: Зат есімнің септелуі

Бұл сабақта оқушылар зат есімнің септелуі туралы түсінік алып, септік жалғауларын және олардың сұрақтарын меңгереді. Сабақ жарыс түрінде ұйымдастырылып, тапсырмалар арқылы білім бекітіледі.

Сабақ түрі

Жарыс сабақ

Әдіс-тәсілдер

Ой қозғау, жаңа тақырыпты таныстыру

Көрнекіліктер

Тақырыптық кестелер, плакаттар

Сабақтың мақсаты

Білімдік мақсат

Зат есімнің септелуі туралы түсінік беру; септік жалғауларымен таныстырып, олардың сұрақтарын меңгерту.

Тәрбиелік және дамытушылық мақсат

  • Ұқыптылыққа, табандылыққа, байқағыштыққа, зеректікке баулу.
  • Әдемі жазуға талап қою арқылы көркемдікке тәрбиелеу.
  • Жаттығулар барысында шығармашылық пен танымдық біліктерді, ой-өрісті дамыту.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі

Мұғалім оқушылармен амандасып, оларды сабаққа даярлайды, назарын сабаққа аударады.

II. Үй тапсырмасымен жұмыс

Оқушыларға бүгінгі сабаққа белсенді қатысып, сапалы білім алатыны айтылып, сәттілік тіленеді. Бұрынғы ережелер жатқа сұралады.

III. Өтілген материалды қайталау (жарыс сабақ)

Білімді тест арқылы жинақтап, сабақ жарыс түрінде өтеді. Екі топ жарысады: I топ — «Зеректер», II топ — «Білгірлер». Сабақ соңында жеңімпаз анықталады.

Ереже

Әр дұрыс жауапқа жұлдызша беріледі. Жұлдызша саны бойынша бағаланады.

А) Тест тапсырмалары

  1. Сөйлемнің түрін анықтаңыз: «Айжан, өзіңе асыл сөз, алғыр ой тауып айтқан кісі болды ма?»
    а) Хабарлы сөйлем • ә) Жай сөйлем • б) Сұраулы сөйлем • в) Лепті сөйлем
  2. Мақалды ажыратыңыз:
    а) Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат • ә) Далада жаңбыр жауып тұр • б) Күн ыстық • в) Еділ ұзақ жол жүрді
  3. «Х» әрпі жазылатын сөзді көрсетіңіз:
    а) ...айуан • ә) ақ...у • б) азы... • в) ы...ылас
  4. Біріккен сөздер қатарын көрсетіңіз:
    а) Аққу, жолбарыс • ә) халықаралық, кейадам • б) Құнанбай, екі жүз бес • в) үп-үлкен, жан-жануар
  5. Жай сөйлемді табыңыз:
    а) Өзеннің суы тұнық • ә) Күн күркіреді • б) Мысық иттен қашты • в) Гүлсім сурет салды
  6. Бірыңғай жуан дауыстылардан тұратын сөзді табыңыз:
    а) көңілді, тыйым • ә) қызғалдақ, құлын • б) зеңгібаба • в) жияды, кітап

Ә) «Орнын тап» ойыны

Тақтаға төмендегі кесте сызылады. Оқушылар сөздерді тиісті бағанға орналастырып, «кім?» және «не?» сұрақтарын қайталайды: адамға қатысты сөздерге — кім?, басқа атауларға — не?.

Заттар мен нәрселер Өсімдіктер Жануарлар Адам Табиғат құбылыстары
Орындық Бүлдірген Аю Тігінші Жел

IV. Жаңа сабақ: «Жетіген» арқылы септіктерді таныстыру

Мұғалім көне ұлттық музыкалық аспап — Жетіген суретін көрсетіп, септік туралы ертегі айтады: «Ертеде Зат есімнің елінде Септік деген қария болыпты. Оның жеті ұлы болыпты…». Әр ұлы қайтыс болған сайын, қария жаңа ішек тағып, әр септіктің сұрағын айтқан екен. Осылайша жеті ішек, жеті тиек байланып, Жетіген пайда болыпты.

Ертегі арқылы шыққан сұрақтар

  • Атау: кім? не?
  • Ілік: кімнің? ненің?
  • Барыс: кімге? неге?
  • Табыс: кімді? нені?
  • Жатыс: кімде? неде?
  • Шығыс: кімнен? неден?
  • Көмектес: кіммен? немен?

Мысал (Жетіген сөзі)

Не?
Жетіген
Ненің?
Жетігеннің
Неге?
Жетігенге
Нені?
Жетігенді
Неде?
Жетігенде
Неден?
Жетігеннен
Немен?
Жетігенмен

Сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен байланыстыру үшін жалғанатын жалғаулар септік жалғаулары деп аталады. Қазақ тілінде 7 септік бар: атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес. Зат есімнің септік жалғаулары арқылы өзгеруі зат есімнің септелуі деп аталады.

Тіл туралы шағын шумақ

Қазақ тілі — бал тілім,

Өзің барда шалқыдым.

Тіліммен бірге самалмын,

Тіліме кім тағар мін?

V. Дәптермен жұмыс және оқулық тапсырмалары

Оқушылар дәптерлерін ашып, тақтадағы ережені көркем жазып, күннің жадын және тақырыпты жазады.

281-жаттығу (ауызша)

Сөйлемдегі қарамен жазылған сөздерге сұрақ қойып, сұрақтардың ретіне қарай зат есім жалғауларының өзгеретінін байқау.

I топ — «Зеректер»

  1. Біздің үйдің шатырына не ұя салды? (қарлығаш)
  2. Ұяда ненің балапандары бар? (қарлығаштың)

II топ — «Білгірлер»

  1. Қарлығаш үнемі неге жем іздеуге тура келді? (балапандарына)
  2. Бір күні биікте ұшып жүрген нені көрдік? (қарлығашты)

282-жаттығу (жазбаша)

I топ

  • Үздік кім? — оқушы
  • Кімді көрді? — оқушыны
  • Кімге берді? — оқушыға
  • Кімнен сұрады? — оқушыдан

II топ

  • Қайдан келді? — ауылдан
  • Ненің жолында көл бар? — ауылдың
  • Демалыста қайда барамын? — ауылға
  • Мен нені ұнатамын? — ауылды

VI. Сергіту сәті

Қане, қанат жазайық,

Қарлығашқа ұқсайық.

Қарлығаш боп ұшайық,

Ұшып-ұшып алайық.

283-жаттығу (өлең арқылы ой түю)

Жеміске құты тола ма,

Бір-бірлеп теріп алмасақ.

Әп-сәтте өсе қоя ма,

Еккен дәніңді ойласақ.

Білім де сондай, қарағым,

Біртіндеп сіңер бойыңа.

Ұғып ал, білім боларын —

Шам-шырағың жолыңа.

VII. Өзіндік шығармашылық жұмыс

Екі топқа берілген сөздерді жеті септікке түсіріп, толық септеу кестесін құрастыру ұсынылады.

I топ

Суретші

  • Атау: суретші
  • Ілік: суретшінің
  • Барыс: суретшіге
  • Табыс: суретшіні
  • Жатыс: суретшіде
  • Шығыс: суретшіден
  • Көмектес: суретшімен

II топ

Қайың

  • Атау: қайың
  • Ілік: қайыңның
  • Барыс: қайыңға
  • Табыс: қайыңды
  • Жатыс: қайыңда
  • Шығыс: қайыңнан
  • Көмектес: қайыңмен

285-жаттығу (жұмбақ)

Тар шеңберді айналып,

Тұр қазыққа байланып.

Қаға берер таңдайды,

Әдетінен танбайды.

VIII. Үй тапсырмасы

284-жаттығу

«Тиін ағаштың қуысына тығылады. Ол күзде ағаштың бүршігін, саңырауқұлақты жинап алады. Қыстыгүні соларын жейді де, ұйықтайды.»

Мәтіндегі зат есімдерді тауып, септік жалғаулары болса, сұрақтарымен бірге белгілеу ұсынылады.

IX. Сабақты бекіту (қорытынды сұрақтар)

1) Қазақ тілінде неше септік бар?

а) 5 • ә) 3 • б) 8 • в) 7

2) Шығыс септігінің жалғауларын табыңыз

а) -мен/-бен/-пен • ә) -қа/-ке/-ға/-ге • б) -ның/-нің/-тың/-тің/-дың/-дің • в) -дан/-ден/-тан/-тен/-нан/-нен

3) Жатыс септігінің сұрақтарын табыңыз

а) кімде? неде? • ә) кімнен? неден? • б) кіммен? немен? • в) кімді? нені?

X. Бағалау және мадақтау

Оқушылардың жинаған жұлдызшалары балдық жүйемен есептеліп, тиісті бағалары қойылады. Сабақ соңында белсенді қатысқан оқушылар мадақталады.

I топ

«Зеректер»

II топ

«Білгірлер»