Ахмет Байтұрсынов Қара бұлт
6-сынып. Қазақ әдебиеті
Сабақ тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы — «Қара бұлт». Бұл сабақта Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, «Қара бұлт» мысалының мазмұны меңгертіледі, негізгі идеясы ашылады.
Білімділік мақсаты
А. Байтұрсынұлының өмірбаянымен таныстыру; тілші, әдебиетші, көсемсөз шебері, ақын және аудармашы ретіндегі еңбегін таныту; «Қара бұлт» мысалының идеясын ашу.
Дамытушылық мақсаты
Оқушыларды өз ойын ашық айтуға, көркем тілмен еркін сөйлеуге, мәнерлеп және рөлге бөліп оқуға дағдыландыру; ойлау әрекетін белсендіру.
Тәрбиелік мақсаты
Автор көтерген идея арқылы қайырымдылыққа, жанашырлыққа, мейірімділікке тәрбиелеу; жаман әдеттен жирендіру.
Сабаққа қажетті мәліметтер
- Көрнекіліктер
- Ахмет Байтұрсынұлының портреті, аударма өлеңінен үзінді, шығармалар жинағы.
- Сабақтың типі
- Жаңа білім беру сабағы.
- Сабақтың түрі
- Мотивациялық, танымдық сабақ.
- Сабақтың формасы
- Топтық жұмыс.
- Әдіс-тәсілдер
- Сыни тұрғысынан ойлау, оқу мен жазуды дамыту.
- Пәнаралық байланыс
- Қазақ тілі, орыс және шетел әдебиеті, география.
Эпиграф
Ғибрат алар артыңа іс қалдырған,
Шын бақыт — осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің!
Шәкәрімнің осы ойымен сабақтың өзегі айқындалады: кейінгі ұрпаққа ғибрат болатын іс қалдырған, қазақ тілінің емлесі мен әдеби қағидаларының негізін салған ұлы тұлға — Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, сабақ мақсаты мен эпиграфты таныстыру.
- Сабақ жоспарымен таныстыру.
- Суретпен жұмыс: суретте қара бұлт бейнеленген. Ол көңіл-күйге қалай әсер етеді? (Көңіл жабырқайды.)
- Мотивация: барлық тапсырманы орындап, «көңілге жақсы ауа райын орнату».
Сынып үш топқа бөлінеді: Баяндаушылар, Зерттеушілер, Ақындар. Әр топ бір-біріне жылы лебіз білдіреді, топ басшысы сайланып, бағалау парағын жүргізеді.
2) Ой қозғау және үй тапсырмасын тексеру
Үй тапсырмасы: Шәкәрімнің «Адамдық борышың» өлеңін жатқа айту.
3) Мағынаны тану: Ахмет Байтұрсынұлы
Ыбырай, Абай, Шоқан қалыптастырған ағартушылық-демократтық бағытты жалғастырған Ахмет Байтұрсынұлы туралы мәліметті Баяндаушылар тобы ұсынады. Интерактивті тақта арқылы деректер толықтырылады.
Өмірбаян деректері
- 1 1872 жылы дүниеге келді.
- 2 1891 жылы орыс-қазақ мектебін бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі.
- 3 1895–1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде оқытушы, кейін қалалық училищеде меңгеруші қызметін атқарады.
- 4 1909 жылы 1 шілдеде Семей түрмесіне қамалып, кейін жер аударылады.
- 5 Ағартушылық қызметін тоқтатпай, 1934 жылға дейін айдауда жүреді.
- 6 1937 жылы 8 желтоқсанда атылды.
Шығармашылыққа шолу
Бейнесюжет арқылы шығармашылығы таныстырылады. Әсіресе «Қырық мысал» жинағына тоқталып, мысал жанрының ерекшелігі талданады.
Аллегория — (грекше «пернелеп айту») дерексіз ұғымды нақты бейне арқылы жеткізу тәсілі. Мысалда жиі кездесетін бейнелер: қулық — түлкі, зорлық — арыстан, қастандық — қасқыр.
Мысал жанры туралы
Зерттеушілер тобы мысал жанрына анықтама және даму тарихын ұсынады.
Мысал — өнегелі ойды тұспалдап жеткізетін, көбіне өлең түрінде жазылатын, сюжетті шағын көркем шығарма. Кейіпкерлері аң-құс, балық, өсімдік дүниесі, кейде адам бейнесі болуы мүмкін. Соңында нақыл түріндегі түйіндеме беріледі.
Даму тарихынан мысалдар
- Греция: Эзоп
- Франция: Лафонтен
- Англия: Томас Мур
- Германия: Х. Геммерт
- Орыс әдебиеті: В. Тредиаковский, Кантемир, А. Сумароков, И. А. Крылов
- Қазақ әдебиеті: Абай, Ыбырай, Ә. Бөкейханов, С. Көбеев, С. Дөнентаев, А. Тоқмағамбетов
Алдыңғы білімді еске түсіру
5-сыныпта танысқан шығармалар: «Аққу, шортан һәм шаян», «Балықшы мен балық», «Өгіз бен бақа». «Аққу, шортан һәм шаян» мысалындағы негізгі ой — бірлік пен ынтымақ.
Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Әуелі бірлік керек болса жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.
4) Жаңа сабақ: «Қара бұлт»
Сөздік жұмысы
- Аптап — өте ыстық.
- Көк — аспан.
- Құр — жай ғана.
- Пәрменінше — бар күшімен.
- Қайран қалу — таңқалу.
- Қайыр — пайда.
Географиямен байланыс
Бұлт туралы білімді еске түсіру: бұлттың табиғаттағы маңызы, ылғал айналымындағы рөлі, жауын-шашынның қалыптасуы туралы қысқаша пікір алмасу.
Мәтінмен жұмыс
- Электронды оқулықтан мәтінді тыңдау.
- «Миға шабуыл»: өлең не туралы, қандай кейіпкерлер бар? (Бұлт, шаруалар, қураған егін.)
- Баяндаушылар: әр шумақты оқып, мазмұнын өз сөздерімен баяндау.
- «Ұлылар үндестігі»: мақтаншақтық туралы ой қозғап, Абай шығармаларымен байланыстыру.
- Зерттеушілер: рөлге бөліп сахналау (екі оқушы: бірі — тау, бірі — автор).
- Ақындар: поэтикалық талдау (шумақ, бунақ, ұйқас; көркемдегіш тәсілдер: теңеу, эпитет, кейіптеу). Мысалы: «бұлттай» — теңеу.
Талқылау сұрақтары
1) Ақын қара бұлт арқылы өмірдегі қандай адамдарды бейнелеген?
2) Тау сөзі арқылы адамдардың қандай қасиетін көрсеткісі келген?
5) Бекіту: Венн диаграммасы және ғибрат
Венн диаграммасы арқылы Бұлт пен Таудың мінез-құлқын ашып, оны адам бойындағы қасиеттермен байланыстыру.
Бұлт
- Астарлы бейне: мақтаншақтық, өз пайдасын ғана ойлау.
- Қайыры жоқ әрекет: мұқтажға емес, «суы көп» жерге жауу.
Ортақ
- Табиғат бейнесі арқылы адам мінезін таныту.
- Әлеуметтік мәні бар ғибрат айту.
Тау
- Сабыр, орнықтылық, биік мінез.
- Әділ өлшем: істің шын пайдасын таразылау.
Ғибрат алар шумақ
Егер де сол қадірлі жаусаң жерге,
Су берсең шөлдеп тұрған егіндерге.
Көк шығып, жер отайып, егін өсіп,
Қандай зор тиер еді пайдаң елге.
Талқылау: Байлық пен мансап үшін ғана әрекет ететін, жақсылығы өз басынан артылмайтын адамның бейнесі қалай көрінеді? Қайырымдылықтың өлшемі неде?
Қосымша сұрақтар
- Бұлт пен таудың астарында қандай адамдар жатыр?
- Бұлтқа ұқсағысы келетін оқушы бар ма? Неліктен?
- Тауға ұқсағысы келетін оқушы бар ма? Неліктен?
- Абай айтқан адам бойындағы бес асыл іс пен бес дұшпанды кім атап береді?
6) Дәптермен жұмыс
Мәтіннен синоним және антоним сөздерді теріп жазу.
Синонимдер
тамбау — жаумау; пайда — қайыр.
Антонимдер
жаумай — құя салу.
7) Ой қорыту: пікірталас
Тақырып: «Қайырымдылық деген не?» Қазіргі заманда қайырымдылық қажет пе, әлде қажет емес пе?
Қосымша: С. А. Назарбаева және «Бөбек» қайырымдылық қоры туралы қысқаша мәлімет беру.
8) Топтастыру стратегиясы (топтық жұмыс)
Түйін: Адам — өмірге қонақ. Мақсат — жаман қасиеттерден аулақ болып, қайырымды әрі адал өмір сүру.
9) Бағалау
Топ басшылары бағалау парағы бойынша оқушылардың белсенділігі мен тапсырмаларды орындауын есепке алып, қорытынды баға қояды.
10) Үй тапсырмасы
- 1 «Қара бұлт» өлеңін жаттау.
- 2 Тақырыпқа байланысты сурет салып келу.
- 3 «Анама хат» өлеңіне талдау жасап келу.