Бірқалыпты түзу сызықты қозғалыс жылдамдығы

Ашық сабақ (7-сынып)

Бірқалыпты түзу сызықты қозғалыс графигі. Инерция. Кеңістік және уақыт

Сабақ типі: жаңа сабақты меңгерту • Сабақ түрі: ойын сабақ • Әдісі: сұрақ-жауап, баяндау

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1 Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу.
  2. 2 Құрал-жабдықтарды тексеру.
  3. 3 Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

II. Оқушы білімін жан-жақты тексеру (сергіту және қайталау)

Мұғалім табиғат құбылыстарымен байланысты шағын әңгіме жүргізеді: «Қазір қандай мезгіл? Күзде табиғатта қандай өзгерістер болады?». Осыдан кейін сынып «Жапырақтар» ойыны арқылы алдыңғы тақырыптарды қайталайды.

«Жапырақтар» ойыны — сұрақтар

1-жапырақ

Қозғалыс жылдамдығы дегеніміз не? Ол нені көрсетеді? Формуласын жаз.

2-жапырақ

Егер жол мен жылдамдық белгілі болса, қозғалыс уақытын қалай табамыз?

3-жапырақ

Жылдамдық пен уақыт арқылы жүрілген жолды қалай өрнектейміз?

4-жапырақ

Жылдамдық сан мәнінен басқа тағы немен сипатталады? Қай жағдайда жылдамдық оң, ал қай жағдайда теріс болады?

5-жапырақ

Жолаушы 5 км жолды 2 сағатта жүрсе, оның жылдамдығы қандай?

6-жапырақ

км/сағ-пен берілген жылдамдықты м/с-пен қалай өрнектейміз?

7-жапырақ

Орташа жылдамдық деген не? Оны қалай есептейміз?

8-жапырақ

Белгілі бір уақыт аралығындағы орын ауыстыруды қалай есептейміз?

III. Жаңа түсінік беру

Қозғалысты көрнекі түрде сипаттаудың тиімді жолы — график қолдану. Бірқалыпты түзу сызықты қозғалысты график түрінде бейнелеуді қарастырайық.

Негізгі белгілер

  • Бастапқы мезет: t0 = 0
  • Бастапқы координата: x0
  • Кез келген уақыттағы координата: x
  • Орын ауыстыру: l = x − x0

Бірқалыпты қозғалыста орын ауыстыру l = v·t. Мұнда v — тұрақты шама, сондықтан орын ауыстыру уақытқа тура пропорционал.

Қозғалыс заңы

Екі өрнекті салыстырамыз: x − x0 = v·t. Одан x = x0 + v·t аламыз. Бұл — бірқалыпты түзу сызықты қозғалыстың (материялық нүктенің) қозғалыс заңы.

Мысал

Дене әр секунд сайын 3 м жүреді (v = 3 м/с), уақыт қозғалыс басталған мезеттен есептеледі.

Кілт

x = 3t

t, с 0 1 2 3 4 5
x, м 0 3 6 9 12 15

Инерция ұғымы

Күнделікті тәжірибеде жылдамдық алған дене біраз уақыт қозғалысын сақтайтынын байқаймыз: доп тек тепкеннен кейін қозғалады, әткеншек тек итергеннен кейін тербеледі, т.б. Бұл бақылаулар: сыртқы әсер болмаған жағдайда дене өзінің тыныштық күйін немесе бірқалыпты түзу сызықты қозғалысын сақтайды деген қорытындыға әкеледі.

Басқа денелер әрекеті әсер етпегенде дененің жылдамдығын сақтау құбылысы инерция деп аталады (латынша: inertia — әрекетсіздік).

IV. Жаңа түсініктер мен іс-әрекет тәсілін қалыптастыру

Негізгі формула

Қозғалыс заңы: x = x0 + v·t

Негізгі ұғым

Инерция — сыртқы әсер жоқ кезде дененің өз жылдамдығын (немесе тыныштық күйін) сақтау қасиеті.

V. Проблемалық және ақпараттық сұрақтар («Қырман» ойыны)

«Қыстың қамын жаз ойла» мақалын негізге ала отырып, мұғалім оқу әрекетін ойын түрінде ұйымдастырады: сынып «Қырман» ойынында сұрақтарға жауап береді.

  • 1. Қозғалыс заңының формуласын жаз.

  • 2. Бірқалыпты түзу сызықты қозғалыстың графигі қандай болады?

  • 3. Жылдамдық тек басқа дене әсер еткенде ғана өзгеретінін дәлелдейтін мысалдар келтір.

  • 4. Егер денеге ешбір әсер болмаса, ол қандай күйде болады?

  • 5. Инерция дегеніміз не?

  • 6. Кеңістік және оның негізгі қасиеттері мен өлшемі туралы не білесің?

  • 7. Уақыт және оның негізгі қасиеттері мен өлшемі туралы не білесің?

  • 8. Қозғалыстағы дененің жолындағы барлық кедергілер жойылса, ол қалай қозғалар еді?

  • 9. Осы сұраққа мұқият зерттеулер арқылы жауап берген ғалым кім? (Галилео Галилей)

VI. Жаңа түсінікті тексеру

Дидактикалық тапсырмалар арқылы түсініктер тексеріледі (ауызша/жазбаша).

VII. Бекітуге арналған жаттығулар

9-жаттығу: а), ә), б). (Есептер, сарамандық жұмыстар, тесттік бақылау элементтері.)

VIII. Қорытынды

Инерция құбылысы күнделікті өмірде жиі байқалады. Мысалы, көлік кенет тоқтағанда жолаушы алға қарай еңкейеді, ал көлік жылдамдығын күрт арттырғанда артқа қарай шалқая түседі.

Бұл жағдайларда дене инерциясы бойынша қозғалыс жылдамдығының бағытын сақтауға тырысады.

IX. Бағалау

Оқушылардың сабақтағы белсенділігі мен жауаптарының сапасына қарай бағаланады.

X. Үй тапсырмасы (шығармашылық тапсырмалар)

Оқу

  • §27. Бірқалыпты түзу сызықты қозғалыс жылдамдығы
  • §28. Инерция
  • §29. Кеңістік және уақыт

Жаттығу

9-жаттығу: (2), (3).

Мысалдар келтіру

Қоршаған ортада, микроәлемде және ғарышта инерция бойынша қозғалатын денелерге мысалдар келтір.

а) Реферат

Галилео Галилейдің өмірбаяны туралы реферат жаз.

ә) Ізденіс

Галилео Галилей еңбектері туралы мәлімет жина.

б) Шығармашылық

Өтілген тақырыпқа байланысты сурет сал немесе сөзжұмбақ/ребус құрастыр.