Мемлекеттік тіл - қазақ тілі

Ұйымдастыру және жылы лебіз

Мұғалім оқушылармен амандасып, Білім күні мерекесімен құттықтайды. Кеше ғана кішкентай бүлдіршін болған оқушылардың есейіп, бастауыш сыныптың соңғы оқу жылына қадам басқаны ерекше аталып өтеді.

Жаңа оқу жылында білім, өнер, тәрбие тұрғысынан тек жақсы қырларынан көрінуге тілектестік білдіріледі.

«ПАТРИОТ» сөзі арқылы ой қозғау

Оқушылар әріптер арқылы жақсы қасиеттерді атайды:

  • П — патриот, парасатты

  • А — ақылды

  • Т — талантты

  • Р — рухы биік, рақымшыл

  • И — инабатты, ибалы

  • О — отансүйгіш

  • Т — тәрбиелі

Осылайша бүгінгі тәрбие сағатының тақырыбы нақтыланады: «Мен — өз Отанымның патриотымын».

Кіріспе: «Отан» ұғымының мәні

Отан — әр адамның жүрегіне жылы тиетін қасиетті ұғым. Ол — туған ел, туған жер, дос-жаран, жақын туыс, өмір сүріп, еңбек ететін мекен.

Отан адам үшін біреу-ақ. Отанды ананың мейіріміне теңеу бекер емес: ол қорғайды, демейді, күш береді. Сондықтан өз Отанымызды сүйіп, құрметтеу — азаматтық парыз.

Негізгі бөлім: Отан туралы өлеңдер

Олжас

Аспаны ашық еліміздің, Көркі сұлу жеріміздің, Біз — бақытты баламыз! Ақпыз, қара, сарымыз, Ағайынбыз бәріміз!

Диана

Отан деген не, кім қалай түсінеді? Көп ауыздан түспейтін, Отан деген немене? Оның тұлға-түс, кейпін, Достым, білгің келе ме?

Қажақбар

Отан дейміз от жаққан жерімізді, Отан дейміз өсірген елімізді. Отан дейміз туған жер, атамекен — Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.

Айдана

Отан дейміз кең-байтақ астананы, Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы. Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ, Ол бірақ өз үйіңнен басталады.

Мәлік

Отан — тарих, Отан — тіл, Жасаған елің, өз халқың. Отан — өлең, Отан — жыр, Көтерген көкке ел даңқын.

Айгерім

Отан — сенің ата-анаң, Отан — досың, бауырың, Отан — өлкең, астанаң, Отан — аудан, ауылың.

Ақбота

Отан — осы, достарым, Көңілге мұны түйе біл! Отан деп өс, жас қауым, Оны ардақтап сүйе біл!

Дияр

Ел болдық, ерік алдық, астаналы, Енді кімнен қазағым жасқанады? Тәуелсіз мемлекеттің шежіресі, Нұрсұлтанның атымен басталады.

Әңгіме: Патриот қандай болуы керек?

Елін, жерін сүйетін азамат болып қалыптасу үшін өз халқының тарихын, салт-дәстүрін құрметтейтін, білімді, өнерлі, ақылды, еңбексүйгіш болу маңызды.

Әр адам өз еліне еңбегімен үлес қосады. Мәселен, халықаралық спорт жарыстарында ел намысын қорғап, жеңіс әкелген спортшыларды да патриот деуге болады. Себебі олар еңбегімен, табандылығымен мемлекеттің мерейін көтереді.

Ойын: «ХХ ғасыр көшбасшысы»

Оқушылардың білімін шыңдау үшін Отан туралы сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылады.

Қазақстан туралы қысқаша мәлімет

Біздің Отанымыз — Қазақстан Республикасы. Сан ғасыр бойы ата-бабамыз жерін жаудан қорғап, бүгінгі ұрпаққа аманат етті.

Қазақстан аумағы бойынша әлемде 9-орында. Елімізде көптеген әсем қалалар бар: Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, Көкшетау, Қостанай, Ақтау, Павлодар, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Талдықорған.

Астана — ел жүрегі

Астана — Отанымыздың бас қаласы. Ол Есіл өзенінің жағасында орналасқан, бүгінде оны бүкіл әлем таниды.

Көпұлтты қоғам және бірлік

Қазақстан — тәуелсіз, егеменді, көпұлтты мемлекет. Мұнда қазақтармен қатар орыстар, ұйғырлар, өзбектер, корейлер, украиндар және басқа да ұлт өкілдері тату-тәтті, бірлікте өмір сүреді.

Дәстүрлі басқару, шешендік мұра

Қазақ халқында ел қамын жеген ерлер, сөз бастаған шешендер, әділ билер, ақыл айтқан ақсақалдар болған. Қазыбек би, Әйтеке би, Төле би — соның жарқын үлгісі.

Мемлекеттік тіл

Мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Қазақ тілін білу — әрбір Қазақстан азаматының борышы.

Ата заң және мемлекеттік рәміздер

Еліміздің өз Ата заңы бар. 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституция бекітілді. Ол адамның өмірін, денсаулығын, тыныштығын қорғайды.

1992 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қабылданды: Ту, Елтаңба, Әнұран.

Мемлекеттік Ту

Көгілдір түсті тудың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ою-өрнек — ұлттық нақыш пен сабақтастықты білдіреді.

Мұхаммед

Көк аспандай көкпеңбек, Қазақстан жалауы. Көк емес ол тектен-тек, Елдің ашық қабағы.

Мемлекеттік Елтаңба

Көгілдір түс аясында шаңырақ, оны айнала күн сәулесіндей тараған уықтар, бес жұлдыз және қанатты тұлпар бейнеленген. Бидай сабақтары тоқшылық пен молшылықты білдіреді.

Назым

Елтаңбасы елімнің, Неткен әйбәт, әдемі. Тұнығындай көңілдің Ортада аспан әлемі.

Мемлекеттік Әнұран

Әнұран — мемлекеттік ән. Оның сөздерінде халықтың тарихы, бүгінгі өмірі және келешекке деген арманы айтылады.

Елнұр

Оттай жанып жанарың, Одан қуат аламын. Әнұран ол — тынысы Кең жазира даламның.

Қорытынды үндеу

Сабағымызды жақсы оқып, еліміздің адал да еңбекқор азаматы болайық. Ер жеткенде Қазақстанның одан әрі көркеюіне, гүлденуіне өз үлесімізді қосайық.

Оқушылар ұраны (әріптер арқылы)

  • Б — білімімді арнайтын
  • О — Отанымды қорғайтын
  • Л — лаңкестікті даттайтын
  • А — адалдықты жақтайтын
  • Ш — шуағымды шашатын
  • А — асулардан асатын
  • Ғ — ғарыш сырын меңгерген
  • Ы — ынтымақты тең көрген
  • М — менмендікті жек көрген
  • Қ — қазаққа қызмет ететін
  • А — арманына жететін
  • З — заңды жақсы білетін
  • А — алға қарай жүретін
  • Қ — қайырымды елімнің
  • С — салтанатты жерімнің
  • Т — толықтырам сенімін
  • А — абыройын, жігерін
  • Н — намысын қолдан бермейтін

Бәрі: «Мен боламын еңбекқор, болашағы елімнің!»

Ән: «Көк тудың желбірегені»

Бүгінгі сабақта оқушылар өздерінің Тәуелсіз еліміздің болашағы екенін, нағыз азамат болуға талпынысын көрсете білді.

Өсиет сөз

Ж. Молдағалиев

Өткеніңді еске алсаң — Өскеніңнің белгісі. Өткеніңді ұмытсаң — Өшкеніңнің белгісі.

Ендеше, еліміздің жетістіктерін аманат деп біліп, тәуелсіздігімізді танытатын қасиетті құндылықтарды — Ана тілімізді, Елтаңбамызды, Туымызды, Ата заңымызды, Әнұранымызды — бойтұмардай сақтайық. Еліміздің еркіндігін қорғайтын мықты ұрпақ болуға ұмтылайық.

Жолдарың ашық, жарқын болсын, Тәуелсіз елдің азаматтары!