Өзі жүріп өткен өмір өткелдерінде, тағдыр алқасында Шәкәрім ұстанған бағыты

ШҚО облысы • Абай ауданы • Саржал ауылы

Ш. Тоқжігітов атындағы орта мектеп (КММ) • Смағұлова С. С.

Шәкәрім шығармаларының тарихи сипаты мен адамгершілік үлгісі

Оқып-біліп, айтып жүрген ақын-жазушылардың ішінде Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары айрықша: бір шеті Алтай өңіріне, бір шеті Қытай еліне дейін кеңінен танылған. Әр туындысының өзіндік қалыптасу дәстүрі бар; тарихи тереңдігі мен тағылымы мол.

XIX ғасырдың екінші жартысы — қазақ тарихы мен мәдениетінің, әдебиетінің қалыптасу кезеңі. Сол дәуірде Шоқан, Ыбырай, Абайлармен тұстас өмір сүрген Шәкәрім аумалы-төкпелі уақыттың куәсі болды. Сондықтан оның адамға, қоғамға, қоршаған ортаға және әлеуметтік ахуалға қатысты көзқарасы заман талабынан туындап, ой-түйіні айқын бағытқа ұласуы заңды.

Негізгі түйін

  • Шәкәрім қазақ өміріндегі XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басындағы өзгерістерге белсене үн қосты.
  • Жаңа заман жастарын оқу-білімге, өнерге шақыру — оның шығармаларындағы тұрақты арқау.
  • Рухани кемелденудің үлгісі ретінде Абайды айрықша биік қояды.

Жастарға үндеу: білім, өнер және Абай үлгісі

Шәкәрім қазақ жастарына оқу-білім мен өнер жолын таңдауды өсиет етеді. «Бір адамнан үлгі алып үйренейік, соған жүгінейік» деген ойды айта отырып, жастардың рухани азық алып, жан сарайын тазартуда үлгі болар тұлға — Абай екенін ерекше атап көрсетеді. Абай бойындағы адамгершілік, мейірім, адалдық, ар мен ұят секілді ұғымдарды философиялық терең толғаулар арқылы ұғындыруды мақсат тұтады.

Өлеңнен үзінді (1877)

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпес өмір, таусылмас амал берелік,

Бір білімді данышпан жан табалық.

Бұл өлеңнің нысанасы — жастардың болашағы. Шәкәрім оқу-білімсіз елдің ертеңі жоқ екенін ұғындыруға ұмтылады.

Ақынның өз өмір өткелдерінен түйгені — өздігінен іздену, оқу, үйрену және ұлылардан үлгі алу. Ол білімділікті дәріптеп, әркімнің өзін-өзі жетілдіру жолын ұсынды. Сонымен бірге білім алудың ең қолайлы кезеңі — жастық шақ екеніне арнайы назар аудартады: Абайша толғанып, Абайша өкініп, өз өкінішін кейінгіге өсиет етеді.

Ізденіс мәдениеті және Мекке сапарының мәні

Шәкәрім арнайы оқу бағдарламасын жазып, оқыту ісіне тікелей араласпағанымен, білім мен тәрбие туралы терең ой қозғады: болашақ ұрпақты қалай білімді, салауатты, саналы етіп тәрбиелейміз деген мәселені күн тәртібіне қойды. Жастардың өздігінен ізденіп оқу жолындағы мақсат-міндетін айқындауда өзінің Меккеге сапарын да үлгі етеді.

Өлең жолдары

Сезіндім біразын байқап,

Кітап, ғылым, ой алмаққа.

Маған жол болды сол жаққа,

Жұмылдым Мекке бармаққа.

Шәкәрім шығармашылығының өн бойына желі болып тартылған ой-толғаныс пен парасат пайымы — Шығыс пен Батыстың озық ойлы даналарына сүйенген тәлім-тәрбиелік бағдар. Өздігінен оқып, бірнеше тілді меңгерген ғұламаның кейінгіге қалдырған мұрасы да — жан-жақты білімге ұмтылудың мәдениеті.

Тарихилық: заман тынысын көркем бейнелеу

Ақынның жүріп өткен жолы мен өмір кезеңдері оның шығармаларының тарихилығын айқындайды. Шәкәрім өлеңдерінде жеке адамның өсу, жетілу сатыларынан бастап, өзі өмір сүрген орта мен қоғамдағы өзгерістер, тарихи-саяси болмыс белгілі бір замандылықпен суреттеледі.

Ол қазақ еліне әсер еткен тарихи өзгерістерді терең пайымдап, халық санасын жаңғыртатын ой айта білді. Шәкәрім ұстанған дәстүр мен жаңашылдық Шығыс пен Батыстың әдеби мұраларынан бастау алып, Абайға ұласқан сабақтастық арқылы оның өзіндік көзқарасын қалыптастырды.

Қоғам өміріндегі өзгерістерді парасатпен меңгеруіне ықпал еткен бір себеп — қазақ зиялыларымен және орыс интеллигенциясымен жақын араласып, пікірлес болуы; қоғамдық маңызы бар істерге қатысуы. Сол арқылы халқына түзу жол, бағыт-бағдар көрсетуге талпынды.

Адамның ішкі әлемі: жауапкершілік пен өзін-өзі игеру

Шәкәрім адам табиғатының күрделі, қат-қабат қайшылықтарын ашуда да, қазақ қоғамының шындығын танытуда да өз дара жолын ұсынды. Өлең өрнегін философиямен және адамның ішкі психологизмімен сабақтастыра отырып, қазақ әдебиетіне мазмұн мен түр жағынан жаңаша тыныс әкелді.

Құндылықтарды алға шығару

Ішкі әлемнің күрделілігі мен құндылығын, адам сапасын арттыратын ішкі қасиеттерді басты мәселе етіп қояды.

Ішкі ерік пен орта ықпалы

Сыртқы орта әсерін мойындай отырып, адам өзін-өзі игеруге, мінез қайшылығын жеңуге қабілетті деген идеяны ұсынады.

Шәкәрімнің адам туралы түсінігі және оны көркем бейнелеу тәсілдері қазақ тарихы мен философиясына да ықпал етті. Адамтану, Құдайтану, ішкі әлем жайындағы тұжырымдары — тек әдебиет пен философияға қосылған үлес қана емес, ұлттық санаға, ұлттың дамуына әсер ететін деңгейдегі идеялар.

Ол адам сапасын арттыру, мінез-құлыққа ықпал ететін факторлар және дамытуға тиіс адами құндылықтар туралы нақты мәселелерді көтерді. Әлеуметтік жағдайдың адамға ықпалын айқын аңғара отырып, қоғамды өзгертуде рухани кемелденудің қуатын да жоғары бағалайды. Адамның іштей дамуы, жан дүниесінің өзгеруі, дүниетанымын дұрыстыққа бұруы — ең алдымен адамның өз қолында.

Шәкәрімнің идеялық өзегі және ұлттық болашаққа сенім

Шәкәрім шығармашылығының бір өзегі — Жаратушы мен адам, махаббат пен адамшылық, адами қасиеттер мен құндылықтар, жеке тұлғаның рухани дамуы. Оның оптимизмі де ұлт болашағына қатысты: ол ұлттың озық дәстүрі мен ерекшелігін сақтай отырып, дамудың қайталанбас көздерін табуды мақсат тұтты.

Өткен тарихқа сүйене отырып, жаңашылдығы басым ізденістер мен дүниетанымды дамытуда көркемдік тәсілдерді кең қолданды. Өлең сөздерінің байлығы мен сұлулығы қазақ тілінің мол қазынасына айналды.