Баланың бақыты, ұрпағының бақыты

Мақсат пен міндет

Бұл сабақ сыйластық, туыстық және адамгершілік құндылықтары туралы түсінікті кеңейтіп, оқушының ата-тегін қадірлеуіне бағыт береді.

Мақсаты

Сыйластық, туыстық, адамгершілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері

  • Ата тегі, «жеті ата» туралы түсінік беру; ата тегін білуге қызығушылықты арттыру.
  • Ата тегін қастерлеуге тәрбиелеу.

Сабақ барысы

Шаттық шеңбер

Ә. Тәжібаевтың «Атадан ақыл аламыз» өлеңін бірігіп айту:

Атамыз – біздің панамыз,

Атамыз – біздің данамыз,

Атадан ақыл аламыз,

Атадай адам боламыз.

Ән

Е. Хасанғалиевтің «Келші, келші, балашым» әнін орындау.

Әңгімелесу

«Арұлан» мәтіні бойынша сұрақтар:

  • Арұлан қандай бала?
  • Отбасында қандай жылы сөздер айтылады?
  • Отбасы бірлігін қалай байқауға болады?
  • «Татулық – табылмас бақыт» дегенді қалай түсінесің?

Мәтінмен жұмыс: «Текті білу — тегін емес»

Е. Өтетілеуов

Өлең

Бабамнан басталар,

«Өз жұртым» мыналар:

Ең жақын адамдар —

Әкем мен анам бар.

Әкемнің әкесі —

Ақ басты атам бар.

Әкемнің шешесі —

Ақ шашты әжем бар.

Әкеге мен — бала,

Атаға — немере.

Немере баласы —

Болады шөбере.

Шөбере баласы —

Шөпшек деп аталар.

Шөпшектің баласы —

Немене саналар.

Осы ұрпақ жалғасы

«Жеті ата» бола алар.

Жаңа ақпарат

Ата тегін біліп, олардың тілін, дәстүрін құрметтеп, сақтайтын бала — ертең елге сыйлы, жауапты азамат болып өседі.

Назар аудару

Оқушылар өздерінің жеті атасын ретімен айтып шығады.

Түйін

Текті білу — тек атауларды жаттау емес. Бұл — отбасы тарихын тану, үлкенді сыйлау, тамырдан қуат алып, адамдық қасиетті сақтау.

Данышпан атаның тапсырмасы

Төмендегі нақыл сөздердің мағынасын түсіндіріп, өмірмен байланыстырып көріңдер.

1

«Атаның ғана баласы болма, адамның баласы бол».

2

«Балаларымыз қуаныш әкелсін, немерелеріміз жұбаныш әкелсін».

3

«Қыздарымыз есті болсын, ұлдарымыз сесті болсын».

Сергіту сәті

Біз гүлдерше өсеміз,

Жапырағы жайқалған.

Сабақтары салалы,

Желге ырғалып жайқалған.

Дәптермен жұмыс

1-тапсырма

Отбасы мүшелерінің туған күндерін еске түсіріңдер. Ашық жолдарға олардың туған күні мен айын жазыңдар.

2-тапсырма

Өз отбасыңдағы мерекенің жақсы өтуі үшін төменде берілген іс-әрекет пен заттардың қайсысы ең маңызды деп ойлайсың? Маңыздылығына қарай «баспалдаққа» орналастыр:

  • Көтеріңкі көңіл күй
  • Жақсы тілек
  • Сыйлық
  • Тәтті тағамдар
  • Достар

Қорытынды ой

Ата-бабамыз қыздарын ақылды, ұлдарын батыр да ер етіп өсіруді мақсат еткен. Ұрпақтары әдепті, ізетті болып, әр істі ақылға салып шешсе, өмірде бақытты болатынына сенген.

Баланың бақыты — ұрпағының бақыты. Біздің ең түпкі шыққан тегіміз — адам. «Атаның ғана ұлы болма, адамның ұлы бол» деген сөздің мәні де осында.

«Өзіңді танығың келсе, тегіңді біл» — бұл ата-тегіңді танып, саған жақсылық тілеп, қолдан келгенін жасаған ата-бабаңды қастерле деген ой. Ертең сені де өз ұрпағың дәл солай құрметтейді. Сондықтан ата тегімізді біліп қана қоймай, адам екенімізді ұмытпау — ең маңызды ұстаным.

Жүректен жүрекке

Балалар шеңбер құрып, қол ұстасып тұрып «Жақсы көрем» әнін орындайды.

1-шумақ

Ақыл-ойдың мекені,

Ата-әже бар менде.

Айтып түрлі ертегі,

Аялайды әнмен де.

Қайырмасы:

Жақсы көрем атамды,

Жақсы көрем әжемді.

Асыл сөзді, мақалды,

Екеуі де әдемі.

2-шумақ

Тыңдап әже-атамды,

Берем мен де қол ұшын.

Жасы үлкен адамды

Сыйлай білу — борышың.

Қайырмасы:

Жақсы көрем атамды,

Жақсы көрем әжемді.

Асыл сөзді, мақалды,

Екеуі де әдемі.

3-шумақ

Күн нұрындай шуақты,

Атам-әжем ардақты.

Күнде екеуін қуантып,

Беске оқып сабақты.

Қайырмасы:

Жақсы көрем атамды,

Жақсы көрем әжемді.

Асыл сөзді, мақалды,

Екеуі де әдемі.