Жүргізушінің сөзі

Сайыстың тақырыбы

«Жеті атаңды білесің бе?»

Мақсаты

  • Оқушылардың жеті ата туралы түсінігін кеңейту, ұлттық салт-дәстүрдің мәнін бағалай білуге үйрету.
  • Өнер мен өмірде кездесетін ұлттық нақышты сақтауға баулу, ана тіліне сүйіспеншілігін арттыру.

Көрнекілігі

Интерактивті тақта, слайд.

Форматы

Танымдық сайыс: таныстыру, өнер, шығармашылық, мақал-мәтел.

Сайыстың өткізілу барысы

  1. 1 Таныстыру: қатысушылар өздерін таныстырады.
  2. 2 «Өнерлі өрге жүзер»: өнер сайысы.
  3. 3 «Мен атаммен мақтанамын»: ұрпақ сабақтастығы туралы шығармашылық жұмыс қорғау.
  4. 4 «Тапқыр болсаң, тауып көр»: берілген сөздер арқылы мақал құрап, мағынасын түсіндіру.

Жүргізуші сөзі

Қазақпыз қыз өсірген іңкәр қылып,
Қазақпыз ұл өсірген шырқап жүріп.
Қазақпыз құс та салып, ат жаратқан,
Сайысқа түскен де бар тұлпар мініп.

Жалғастырған мұраны — ел жұртының қорғаны,
Сегіз қырлы, бір сырлы — қазақтың сұлтан ұлдары!

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, бүгінгі «Жеті атаңды білесің бе?» атты танымдық сайысымызға қатысушы жігіттерді ортаға шақырамыз.

Сайыста бақ сыналар, бап сыналар,
Бас жүлдені өнерлі тапқан алар.
Кім өнерлі, кім тапқыр — шешу қиын,
Әділқазы болмаса, нақ сыналар.

Әр сайыс әділ бағалануы тиіс. Ендеше, әділқазылар алқасымен таныстырып өтейік.

1-бөлім: Таныстыру

Гүл көңілдер қуаныштан өрілді,
Жанарыңнан жалын нұры төгілді.
Жыр ұшқындап тұр ғой, әне, үніңнен,
Көпшілікке таныстыршы өзіңді.

Бұл кезеңде қатысушылар өз есімін, сыныбын, қызығушылығын таныстырып, жеті ата туралы қысқаша мәлімет айтады.

2-бөлім: «Өнерлі өрге жүзер»

Қандай жақсы — жақсылықта көріскен,
Жігіттер тұр алдарыңда келіскен.
Қанша өнер білсең де, көптік етпейді —
Дейтін қазақ: «Өнерлі өрге жүзер».

Бұл кезеңде қатысушылар өнерін көрсетеді: ән, күй, мәнерлеп оқу, сахналық көрініс немесе ұлттық нақыштағы шағын орындаулар.

3-бөлім: «Мен атаммен мақтанамын»

Біле білген — білімді, зерек дейміз,
Білімімен ел-жұрттан ерек дейміз.
Жеті атасын білгені ұл балаға —
Өміріне мәні бар сабақ дейміз.

Қатысушылар ұрпақ сабақтастығын аша отырып, өз атасы, әулеті, отбасы құндылықтары туралы шығармашылық жұмысын (әңгіме, эссе, презентация, өлең, шағын зерттеу) қорғайды.

4-бөлім: «Тапқыр болсаң, тауып көр»

Қазақ халқы — сөз қадірін білген, қасиетті сөзді қастерлеп, өнегені терең мағыналы мақал-мәтелдермен өрнектеген халық. Бұл кезеңде берілген сөздер бойынша мақал құрап, оның мағынасын түсіндіру қажет.

Берілген сөздер Мақал-мәтел
Ақыл, мейір Әкеден — ақыл, анадан — мейір.
Кітап, білім Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
Ата, бала Ата — бәйтерек, бала — жапырақ.
Бала, немере Бала — қымбат, немере — ыстық.
Аттан, атадан Аттан тай озады, атадан бала озады.
Құрмет, қызмет Ана алдында — құрмет, ата алдында — қызмет.
Білім, ақыл Білім тозбайды, ақыл азбайды.
Қалса игі, қуса игі Атадан бала қалса игі, ата жолын қуса игі.
Отан, ел Отан — елдің анасы, ел — ердің анасы.
Әке, ана, бала Әке — асқар тау, ана — етегіндегі бұлақ, бала — жағасындағы құрақ.
Өзі қалғаны, ізі қалғаны Атадан ұл қалса — өзі қалғаны, қыз қалса — ізі қалғаны.
Әдепті бала, әдепсіз бала Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.

Тапсырма

Әр жұп сөз бойынша мақал-мәтелді құрастырып, оның тәрбиелік мәнін қысқаша түсіндіріңіз.

Әділқазылар бағасы

Қазылар әділдікті орнықтырар,
Кімдердің жауаптары кәміл шықты?
Білім мен тапқырлықтың сайысында —
Жеңіске жетер нағыз мықты.

Осы сәтте сөз кезегі әділқазылар алқасына беріледі: ұпайларды жариялау, пікір айту және қорытынды шығару.

Марапаттау және қорытынды

Бойларыңда от бар екенін байқадық,
Жүректерде шоқ бар екенін байқадық.
Әрқашанда осы шоқты өшірмей,
Жалындатып, шарықтаңдар әрдайым!

Жеңімпаздар марапатталып, сайыс қорытындыланады.