Балалар нанның қалай жасалатын жолын мына суретке қарап айтайықшы

Білім беру салалары

Сала

Таным

Сала

Шығармашылық

Оқу іс-әрекетінің түрі

Экология

Оқу іс-әрекетінің түрі

Мүсіндеу

Мақсаты

  • Балаларды айналадағы дүниемен таныстыру.
  • Нанның адам еңбегі арқылы келетінін, оған көп күш жұмсалатынын түсіндіру.
  • Нанды қастерлеуге, жерге тастамауға үйрету.
  • Еңбек адамын құрметтеуге баулу.
  • Ауыл шаруашылығындағы техника атауларымен таныстыру және ауыл еңбеккерлерінің еңбегін қадірлеуге тәрбиелеу.
  • Ермексазбен мүсіндеудің әртүрлі әдістерін қолдана отырып пішіндер жасауға үйрету.
  • Шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұқыптылыққа тәрбиелеу.

Қолданылатын көрнекі құралдар мен жабдықтар

Көрнекі материалдар

Фото-суреттер Көктемгі егіс алқабы «Нан — өмір тірегі» Тұқым себу Колхоз даласында Элеватор Наубайхана Бауырсақ Бауырсақтың суреті

Қажетті құрал-жабдықтар

  • Тақтайша
  • Ермексаз
  • Сүрткіш
  • Таяқша
  • Қатты қағаз

Балаларды тапсырманы орындауға қызықтыру

Шаттық шеңбері

Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де,
Қуанайық, достарым,
Жарқыраған күнге!

Ізденіске бағыттайтын сұрақтар

  • Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
  • Қай ай?
  • Қыста қандай өзгерістерді байқайсыңдар?
  • Таңертең ұйқыдан тұрған соң әдетте не істейміз?
  • Күнде ас ішкенде дастарханға қандай тағам міндетті түрде қойылады?

Әрине, бұл — нан. «Ас атасы — нан» деп ата-бабамыз бекер айтпаған. Ендеше, басты тағамымыз нан дастарханға қалай келеді?

Нан дастарханға қалай келеді?

Нан — үлкен еңбектің нәтижесі. Оның әр бөлшегінде диқанның маңдай тері, техниканың күші, наубайхананың ыждаһаты бар. Төмендегі тізбек нанның бізге дейінгі жолын түсіндіреді.

  1. 1

    Көктем: тұқым себу

    Көктемде диқаншылар егіс алқабына тұқым себеді. Ол жаз бойы өсіп, масақтанып, дәнге толады.

  2. 2

    Күз: ору және бастыру

    Күзде алқап сары алтындай жайқалады. Сол кезде егіс даласына комбайндар шығады: олар егінді орып, жинап, бастырады.

  3. 3

    Тасымалдау: жүк көлігімен қырманға

    Бастырылған дән комбайннан арнайы тетік арқылы жүк машинасына құйылады. Машина астықты қырманға жеткізеді.

  4. 4

    Қырман: тазалау және кептіру

    Қырманда астық тазартылып, кептіріледі. Содан кейін ол элеваторға жөнелтіледі.

  5. 5

    Диірмен: ұн тарту

    Қажет кезінде элеватордан астық диірменге жіберіледі. Диірменшілер дәнді тазартып, ұн жасайды.

  6. 6

    Наубайхана: пісіру

    Ұн наубайханаларға жеткізіледі. Наубайханашылар одан нан және бауырсақ сияқты өнімдерді пісіреді.

  7. 7

    Дүкен: тұтынушыға жету

    Дайын өнімдер дүкендерге жеткізіледі. Осылайша нан біздің дастарханымызға келеді.

Нанды қадірлеу — еңбекті қадірлеу. Сондықтан нанды жерге тастамау, ысырап етпеу, үлкеннің еңбегін құрметтеу — әрқайсымыздың міндетіміз.

Автор туралы мәлімет

Атырау қаласы, Атырау облысы, Еркінқала селосы, Еркінқала орта мектебі. Мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі: Күзембаева Лайла Сеитқалиевна.