Бесікті ашып
Сабақ туралы мәлімет
- Өткізілген орны
- Райымбек ауданы, Кеген ауылы, «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасы
- Тәрбиеші
- Р. Байбосынова
- Тақырыбы
- Ұлттық салт-дәстүрлер түрлері: «Бесікке салу»
Мақсаты
Балаларды қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерімен, соның ішінде бесікке салу рәсімімен таныстыру. Балалардың сөздік қорын байытып, бесік жабдықтарының атауларын және дене мүшелерін дұрыс атай білуге үйрету.
Міндеттері
- Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру, тақпақтар арқылы тілін дамыту.
- Ойлау, есте сақтау және қабылдау қабілеттерін дамыту.
- Адамгершілікке, тазалыққа, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға және өзара көмектесуге тәрбиелеу.
Сөздік жұмысы
Көрнекіліктер мен әдіс-тәсілдер
Көрнекіліктер
- бесік және бесік жабдықтары
- қуыршақ
- ұлттық бұрыш
Әдіс-тәсілдер
- Бесік жырынан үзінді оқу.
- Бесікке салу рәсімін көрсету.
- Дене мүшелерін атау.
- Сұрақ-жауап, түсіндіру.
Ұйымдастыру кезеңі
Балалар музыка әуенімен залға кіріп, шеңберге тұрады. Тәрбиеші балалардың әдемі киініп келгенін айтып, олардың бір-біріне дос екенін атап өтеді. Достықты қимыл-қозғалыспен көрсетуді ұсынады.
Шаттық шеңбері
Балалар қол шапалақтап, аяқ пен арқаларын түйістіріп, бір-бірінің қолын ұстап: «Біз доспыз, сіздерге де достық тілейміз!» — деп тілек айтады.
Көрініс: «Бесікке салу» рәсімі
Көрініс көркемделуі
Музыка залында төрде киіз үй тігіліп, іші сәнді безендіріледі. Төрде төсек пен сандық орналасып, сандық үстіне көрпешелер жиналады. Шымылдықпен көмкерілген дөңгелек үстел қойылады. Керегеге домбыра, аяққап, қоржын ілінеді. Үстел айналасына көрпешелер жайылады.
Киіз үй ішінде бесіктің жанында ене отырады. Қасында қолына сәбиін құшақтаған келін отырады. Осы сәтте ауылдың ең үлкен әжесі шашу шашып кіріп келеді.
Диалог
Ене
Төрге шығыңыздар, құрметті қонақтар!
Үлкен әже
Шашу! Шашу! Шашу! Тойларыңыз құтты болсын! Нәрестенің ғұмыры ұзақ, бағы бақытты болсын! Дүниеге келген сәби бір үйдің ғана емес, бүкіл ауылдың қуанышы. Бүгін осы нәрестені бесікке саламыз.
Бесіктің мәні
Тәрбиеші балаларды бесіктің жабдықтарымен таныстырады және сұрақ қояды: «Бесікті көргендерің бар ма?»
Айнұр
Біздің үйде бесік бар.
Олжас
Бесік кішкентай бөпелер жату үшін керек. Менің бөпем бесікке жатады, мен оны тербетіп ұйықтатамын.
Бесік жабдықтары және «жеті жабу» ұғымы
Бесікті қазақ халқы көшпелі өмірге өте қолайлы етіп жасаған. Ол көбіне иіп кептірілген талдан жасалып, екі басы қайыңнан шабылып құрастырылады. Астына тақтай салынып, дәрет жүретін жері тесіліп ойылады. Сол орынға киізден жасалған түбек кигізіледі.
Бала жататын бөлігіне жөргек, кеудеше, аяқ жағын қымтайтын көрпеше және жастықтар салынады. Дәстүр бойынша бала бөленген бесіктің үстіне жеті түрлі зат жабылады. Әр жабудың өзіндік мәні бар: ер жеткенде елге қадірлі, қайратты, қорған болар азамат болсын деген тілекпен жүген, қамшы секілді бұйымдар жабылады.
Ата-бабадан қалған осы дәстүрдің бүгінге дейін сақталғаны — қуанышты құбылыс.
Бесікке бөлеу: рәсім барысы
Ене
Бесік тойға ырым етіп, ауылымыздың ең үлкен әжесін шақырдық. Әжемізден баланы бесікке бөлеп беруін сұраймыз.
Әже
Рахмет, қарақтарым. Балаларың өмірлі, бақытты болсын. Қазақ елінің айтулы азаматы болып өссін.
Аластау сөздері
Алас, алас, алас, Әр пәледен қалас. Асқар-асқар таумен кет, Ағыны қатты сумен кет, Тастай қараңғы түнмен кет, Ұйықтап соққан желмен кет.
Әже: «Бісміллә, балам. Ұйқың тәтті болсын, күлкің шат болсын», — деп нәрестені қолына алады.
Неліктен бесік ыңғайлы?
- Көшіп-қонғанда алып жүруге қолайлы.
- Баланың тазалығына және тыныш ұйықтауына тиімді.
- Денесі құрғақ болса, сәби жайлы жатып, ұйқысы тыныш болады; тыныш ұйқы өсіп-жетілуге әсер етеді.
Үлкен әже ең алдымен бесіктің жабдықтарын реттеп қояды. Шашуға әкелінген қант-кәмпитті уыстап алып, бесіктің түбек қоятын тесігінен төмен өткізіп, «тыштыма, тыштыма» ырымын жасайды. Содан соң шашуды отырған қонақтарға үлестіреді, түбекті салып, жөргектерін реттейді. Баланы қолына алып, аяқ-қолын жазып, «өс-өс» деп тілеп, денесін сипап-сылап бесікке жатқызады.
Анасы бесікті тербетіп отырып, бөбегіне деген ыстық мейірімін жеткізеді.
Бесік жыры
Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем. Жылама, бөпем, жылама, Жілік шағып берейін. Байқұтанның құрығын, Жіпке тағып берейін. Әлди, әлди, аппағым, Қойдың жүні қалпағың. Жұртқа жаман бола да, Өзім сүйген аппағым. Әлди, әлди, шырағым, Көлге біткен құрағым. Жапанға біткен терегім, Жаным менің жүрегім. Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем. Қонақ келсе қой, бөпем, Қой тоқтысын сой, бөпем, Құйрығына той, бөпем.
Тыйым сөздер және мақал-мәтелдер
Тыйым сөздер
- Бос бесікті тербетпе.
- Бесікті ашық қалдырма.
- Бесікті сатпа.
Мақал-мәтелдер
- Бесіксіз үйде береке жоқ.
- Балалы үй — базар, баласыз үй — қу мазар.
- Бесіктегі бала бес түлейді.
- Артында қызы бардың — көзі бар, ұлы бардың — өзі бар.
Бұл нақыл сөздер — баланың көп болуын тілеу, ұрпақты бақыт санау сияқты игі ұғымдарды білдіреді.
Қорытынды және алғыс
Балалар тақпақтарын, мақал-мәтелдерін және тыйым сөздерін айтып болған соң, ене орнынан тұрып, әжеге құрмет көрсетеді: «Орамал тонға жарымайды, жолға жарайды. Сіздің жасыңызға жетсін, сіздің жолыңызды берсін» — деп, бесікке салғаны үшін сый-сияпат ұсынады.
Сабақ соңында балалар Нұрбай Сәменовтың «Өс-өс» өлеңін айтады. Белсенді қатысқан балалар мадақталып, келген қонақтарға ризашылық білдіріледі.