Оқушылардың өзіндік жұмысы
Сабақ туралы мәлімет
Мектеп
И. Қ. Мандоки атындағы №154 ЖББ мектеп
Мұғалім
Бастауыш сынып мұғалімі — Медеубаева Меруерт
Пән
Бейнелеу өнері
Сабақтың тақырыбы
Алғашқы гүлдерді саламыз
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушылардың кескіндемелік дағдылары мен біліктілігін жетілдіру.
Дамытушылық
Акварельмен жұмыс істеудің а-ля прима тәсілін түсіндіру.
Тәрбиелік
Өмір шындығына эстетикалық қатынасты қалыптастыру. Табиғатты қорғауға, аялауға баулу.
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Сабақтың әдістері
Түсіндіру, талдау, жинақтау, көрнекілік
Көрнекіліктер мен құралдар
Мұғалімге арналған
- Көктем гүлдерінің суреттері
- Құмыраға салынған көктемгі гүлшоғы
Оқушыға арналған
- Альбом парағы
- Жай қарындаш
- Өшіргіш
- Акварель
- Қылқалам
- Су құтысы
Сабақтың өту барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық
14 наурыз — Көрісу күні. Осы күннен бастап Наурыз мерекесі басталады.
Шаттық шеңбері
Ашық болсын күніміз,
Ашылады нұрымыз.
Бай тұлғалы өмірде
Айтылады жырымыз.
Сабақтың мақсаты мен жұмыс жоспарына кіріспе
Шіркін, сурет сабағы,
Ауылды еске алады.
Мың құбылтып бояймын,
Туып өскен даланы.
Қызыл бояу — қызғалдақ,
Сары бояу — сарғалдақ,
Жасыл бояу — жайлауым,
Іздеп барар армандап.
Мақал-мәтелдер
- Өнер — өлмес мұра.
- Өнерлі елден өнерлі ұл-қыз шығар.
Бұл мақал-мәтелдердің бүгінгі сабаққа қатысы бар, себебі сурет салу — өнер.
Қазақтың дарынды суретшілерінің бірі — Әбілхан Қастеев. Ол өз туындыларында туған жерге деген махаббатын және туған табиғаттың сұлулығын шеберлікпен бейнелеген.
Сыныптағы суретке бейімі бар оқушылар атап өтіледі.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Өткен тақырып
Дәстүрлі ыдыс-аяқтарды ою-өрнекпен безендіру.
Сұрақтар
- Ою-өрнектің қандай түрлерін білесіңдер?
- Сыңармүйіз, сынықмүйіз, қосмүйіз, сыңарөркеш, қошқармүйіз және т.б.
Оқушылардың жұмыстары талданып, жақсы орындағандары мадақталады. Ою-өрнектердің неге ұқсайтыны айтқызылып, бейнелік ойлау дағдысы дамытылады (мысалы: мың бұралған қыздардың биі, жануарлардың мүйізі, гүлдер).
Осыдан келіп, көктемнің алғашқы белгісінің бірі — гүлдер екені қорытындыланады.
III. Жаңа сабақты меңгеру
Тақырыпты ашу (сұрақ-жауап)
- Қазір қай мезгіл?
- Көктем екенін қандай белгілер арқылы білеміз?
Аз күннен кейін шөп жерді жасыл кілемдей басып, алғашқы көктем гүлдері де шығады.
Оқулықпен жұмыс
Мәтін тізбектей оқылады. Гүл — өміріміздің сәні, табиғаттың көркі: ол жұпар иіс сыйлайды, кейбір гүлдердің емдік қасиеті де бар.
Гүлдер қайда өседі?
Табиғи гүлдер
Табиғатта өздігінен өсіп-өніп, көбейеді.
Мысалдар: бәйшешек, қызғалдақ, жауқазын, бақбақ және т.б.
Мәдени гүлдер
Адамдар арнайы баптап өсіреді.
Өсетін жерлері: бақта, үй алдына, аллеяларда, бөлме гүлдері ретінде.
Қысқаша мәліметтер
Бәйшешек
Нәзік көрінсе де, көктемде қар астынан бой көтеретін алғашқы гүлдердің бірі.
Жауқазын
Гүлі кең тараған аймақтардың бірі — Голландия. Әлем бойынша шамамен 200 түрі бар.
Қызықты деректер
- Раффлезия — ең ірі гүлдердің бірі (шамамен 90 см), иісі бұзылған етке ұқсайды.
- Ерінге ұқсас гүлдер жәндіктерді жапырақтарының пішіні арқылы тарта алады.
Суретпен жұмыс
Оқулықтағы натюрморт авторы — Максим Сарьян (армян суретшісі). Тақырыбы: гүлдер натюрморты.
Негізгі ұғым: а-ля прима
Нәзік өсімдіктердің өмірі қысқа болса да, олар бізге көп қуаныш сыйлайды. Бүгін біз көктемнің алғашқы гүлдерін а-ля прима акварель тәсілімен саламыз.
А-ля прима — “бір көргеннен, бірден” деген мағына береді. Яғни акварельді қабат-қабат жұқалап жақпай, бояуды бірден қанық түсіреміз.
Жұмысқа арналған кеңестер
- Қарындаш іздері өте әлсіз әрі жіңішке болсын: акварельдің астынан көрініп қалуы мүмкін.
- Су мөлшерін дұрыс таңдаңдар: су көп болса — бояу “жүзіп” кетеді, су аз болса — түс “құрғап”, күңгірт көрінеді.
- Бояуды палитрада езген дұрыс. Палитра орнына таза альбом парағын қолдануға болады: түстер анық көрінеді.
Оқушылардың өзіндік жұмысы
Оқушылар құмырадағы гүлшоқты бақылап салады немесе өз қиялы бойынша композиция құрастырып, сурет салады. Мұғалім оқушылармен жеке жұмыс жүргізіп, әрқайсысына бағыт-бағдар береді.
IV. Сабақты қорытындылау
Талқылау сұрағы
Гүлдің адам өміріне қандай пайдасы бар?
Гүлден иіссу, хош иісті сабын, шампунь, ауа сергіткіш сияқты бұйымдар жасалады.
Адамдар гүлдің сұлулығын көбіне қыздардың нәзіктігімен теңейді.
“Гүл өссе — жердің көркі” демекші, сендер де еліміздің көрікті, тәрбиелі, өнерлі ұл-қыздары болып өсе беріңдер.
V. Үй тапсырмасы
Тапсырма: жұмысты аяқтау.
VI. Бағалау
- Сынып жұмысына жалпы баға беру.
- Жекелеген оқушы жұмыстарын бағалау.