Мұғалім кім

Баяндама

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында сын тұрғысынан ойлауға үйрету — оқушының тілдік білімін тереңдетіп қана қоймай, пікірін дәлелдеуге, салыстыруға, талдауға және қорытынды жасауға баулитын тиімді бағыт.

Ойға түрткі

«Тіл десе, ішкен асты жерге қоям. Мен қалай жаман сабақ өткізе алам? СТО-ны бастамас бұрын, ең алдымен, өзімді сын тұрғысынан екшеп алам…»

Ойды жалғастыр: «Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз — …»

Сын тұрғысынан ойлау (СТО) дегеніміз не?

СТО — оқушының өз ойына және өзгенің ойына сыни көзқараспен қарап, естігені мен білгенін талдап, салыстырып, реттеп, сұрыптап, жүйелеп, білмегенін өз бетімен зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасауына бағыттайтын үдеріс.

Бұл — оқу мен жазуды дамытуға негізделген бағдарлама: оқушыны мұғаліммен және сыныптастарымен еркін сөйлесуге, пікірталас жасауға, бір-бірінің ойын тыңдауға, өзекті мәселені шешу жолдарын іздеуге және қиындықты жеңуге үйретеді.

Оқушы кім?

  • Ізденуші
  • Ойлаушы
  • Өз ойын дәлелдеуші

Мұғалім кім?

  • Әрекетке бағыттаушы
  • Ұйымдастырушы

СТО-ны тиімді үйретудің шарттары

  1. Сын тұрғысынан ойлауды туындату үшін уақыт беру.
  2. Оқушыға ойланып-толғануға және ойын ашық айтуға мүмкіндік жасау.
  3. Әртүрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау.
  4. Үйрену барысында оқушылардың белсенді іс-әрекетін қолдау.
  5. Қолайсыз жағдайға түскен оқушыны әжуаға айналдырмау.
  6. Оқушылардың бір-бірінің жауабына жасаған сыны дәлелді әрі дәйекті болуын талап ету.
  7. Сын тұрғысынан ойлауды бағалау (үдеріс пен нәтижені қатар ескеру).

Технологияның үш кезеңі

1) Қызығушылықты ояту

Мұғалім проблемалық жағдаят туғызады. Бұл кезең екі негізгі элемент арқылы іске асады:

  • «Миға шабуыл» — ақыл-ойға жаттығу, топ болып шешім қабылдау.
  • Кластер — сызбалар жүйесі, ұғымдарды байланыста көрсету тәсілі.

2) Мағынаны ашу

Бұл сатыда оқушы жаңа ақпаратпен танысады: мәтінді оқып, талдап, өзіне қойылған сұрақтарға белсенді түрде жауап іздейді.

Жұмыс формалары: дара және жұптық жұмыс.

3) Ой толғау (рефлексия)

Қабылданған жаңа ұғымдар мен бұрынғы түсініктердің арақатынасын айқындау, оқылған материалды талдау және қорытындылау жүзеге асады.

Оқушы бұрын не білгенін және сабақ барысында не үйренгенін салыстырып, тақырыпты әрі қарай меңгеру бағытын анықтайды. Қажетті ақпаратты іріктеп, мақсатқа жету үшін жаңа білімді қолдануға талпынады.

Сабақтан үзінді: 5-сыныпта «Тіл жүйесі» тақырыбын өту

«Миға шабуыл» сұрақтары

  • «Анашым» деген сөзді сендер алғаш рет қай тілде айттыңдар?
  • Сол кезде тіл туралы не білдіңдер?
  • Қайсысы алғаш пайда болды: ана тілінде сөйлей алу ма, әлде оның құрылысы ма?
  • Неліктен тілді оқимыз? Біз онсыз да сөйлей аламыз ғой.

Тапсырма

Ақ парақтың ортасына «Тіл» деп жазыңдар. «Біздің тіліміз қандай құрамдардан тұрады?» деген сұраққа жауаптарды жинақтаңдар.

Кластер жасауға арналған топтық сұрақтар

  1. Бір-бірімізбен сөйлескенде ойымызды қалай жеткіземіз?
  2. Сөйлем қандай бірліктерден тұрады?
  3. Сөзді мағына беретін бөліктерге бөлсек, не шығады?
  4. Мағына беретін бөлігі әрі қарай бөлінбейтін болса, қандай бірлік шығады?

Нәтиже

Сын тұрғысынан ойлау технологиясы оқушыны ақпаратты қабылдаушы деңгейінен зерттеуші, талдаушы, дәлелдеуші деңгейіне көтереді. Мұғалім осы үдерісті ұйымдастырып, қауіпсіз орта қалыптастырғанда, оқушы еркін ойлап, пікірін мәдени түрде қорғауға және жаңа білімді саналы түрде игеруге үйренеді.