Қазақ тілі атты өлеңнің мазмұнын айт
Түсінік хат
Бұл материал 7-сыныпқа арналған деңгейлік тапсырмалар жинағы ретінде ұсынылады (2012 оқу жылы). Негізгі ұстаным — оқушыларды деңгейлеп-саралап оқыту арқылы әр оқушының өз даму деңгейінде оқу материалын меңгеруіне жағдай жасау.
Деңгейлік тапсырмалар оқушылардың өтілген лексикалық тақырыптар бойынша алған білімдері мен біліктерін бекітуге, сөздік қорын байытуға, тілін және ойлауын, мазмұндау қабілетін дамытуға бағытталған.
Мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
- Оқушыларды деңгейлеп-саралап оқыту арқылы әр оқушының өз деңгейінде оқу материалын меңгеруін қамтамасыз ету.
- Сөздік қорын толықтыру, тілін дамыту, ойлауын және мазмұндау қабілетін жетілдіру.
Міндеттері
- Оқушының тұлғалық дамуына бағытталған деңгейлеп-саралап оқыту технологияларын оқу-тәрбие үдерісіне енгізу.
- Оқушының пәнге деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыру.
Күтілетін нәтиже
Ж. Қараевтың деңгейлеп оқыту технологиясы — оқу үдерісінде мұғалім мен оқушының, оқу мазмұны мен түрлерінің, әдістер мен амалдардың, оқу мақсатының өзара ықпалдасу заңдылықтарына негізделген жүйе.
Технологияның басты артықшылығы — оқушыны күштеп оқытуға итермелемей, өздігінен білім алуға, ақпаратты өз бетінше өңдеуге, ешкімнің көмегінсіз ойланып, шешім қабылдауға дағдыландыру.
Қамтуы
Тапсырмалар 7–9-сынып модульдері бойынша негізгі тақырыптарды қамтиды.
Дамытатын дағдылар
Шығармашылық жұмыс, өздігінен әрекет ету, ой еңбегіне дағдылану.
Тілдік бағыт
Сөздік қорды байыту, тіл мәдениетін жетілдіру, мәтінді мазмұндау қабілетін дамыту.
7-сынып. «Қазақ тілі — мемлекеттік тіл» тақырыбы бойынша деңгейлік тапсырмалар
I деңгей
1. «Қазақ тілі» атты өлеңді мәнерлеп оқыңыз. Төл дыбыстарды орфоэпиялық нормаға сай дұрыс айтыңыз.
«Қазақ тілі» (М. Жұмабаев)
Күш кеміді, айбынды ту құлады;
Кеше батыр — бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай — алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар — асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кең тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!
II деңгей
1. Өлеңді оқып, оның негізгі идеясын ашыңыз.
2. Берілген сөздерді сөз құрамына талдаңыз (түбір, I–II жақ, жекеше/көпше және т.б.): бесікте, тілің, тілмен, ақылы, айтылады.
3. Нүктенің орнына қажетті сөзді қойыңыз
-
Қазақ елінің рәміздеріне ______ жатады.
- а) Байрақ, жалау, жалауша
- ә) Таңба, белгі, мөр
- б) Ту, елтаңба, әнұран
-
Қазақ елі туының түсі — ______.
- а) қызыл
- ә) сары
- б) көк
-
Зеңгір көк — ______ белгісі.
- а) адалдықтың, тазалықтың, аспанның
- ә) қуаныштың, жеңістің
- б) жамандықтың, бейбітшіліктің
-
Күнге табыну ______ дүниеге келген.
- а) батыста
- ә) солтүстікте
- б) шығыста
-
Күн бейнесі — ______ белгісі.
- а) татулықтың
- ә) байлық пен берекенің
- б) достықтың
III деңгей
1. «Қазақ тілі» өлеңінің мазмұнын өз сөзіңізбен баяндаңыз.
2. Берілген сөздермен сөйлем құрастырыңыз: туған тілім, тіл байлығы, мақтанышым, құдіретті, үлгі-өнеге.
Автор туралы
Астана қаласы, №43 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Рүстемова Бибіжан Мырзашқызы.