Абай ҚұнанбаевКелдік талай жерге енді, Кіруге - ақ қалдық көрге енді

Абай Құнанбаев

Келдік талай жерге енді,
Кіруге - ақ қалдық көрге енді.
Қызыл тілім буынсыз,
Сөзімде жаз бар шыбынсыз,
Тыңдаушымды ұғымсыз
Қылып тәңірім берген - ді.
Осы жасқа келгенше,
Өршеленіп өлгенше,
Таба алмадық бір адам
Біздің сөзге ергенді.
Өмірдің өрін тауысып,
Білімсізбен алысып,
Шықтық міне белге енді.
Енді аяңда, жығылма,
Сыймас жерге тығылма,
Қой бұрынғы желгенді!
Қайғы шығып иыққа,
Қамалтпасын тұйыққа,
Сергі, көңілім, сергі енді!
Балапан құстай оңдалып,
Қанатыңды қомданып,
Жатпа ұяда қорғанып,
Ұш, көңілім, көкке, кергі енді!
Көңілде қайғы, қалың зар,
Айтатұғын сөзім бар,
Салсын құлақ ұққандар,
Өрбі, сөзім, өрбі енді!
Іште қайғы дерт пысып,
Көкіректі өрт қысып,
Айтуға көңілім тербенді.
Өзің жалғыз, надан көп,
Ұқтырасың сен не деп,
Әулекі, арсыз елге енді?
Тыныштық сүймей қышынып,
Өтірікке тұшынып,
Пәледен тұрмас шошынып,
Тұл бойын желік жеңген - ді.
Туған жерді қия алмай,
Тентекті жеңіп, тыя алмай,
Әлі отырмыз ұялмай,
Таба алмадық өңге елді.
Әзелде тәңірім сорлы етті,
Арсыз елмен әуре етті,
Жалғыз үйде күңірентті,
Тағдырға білдік көнгенді.
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар,
Өтірік пен өсекке
Бәйге атындай аңқылдар —
Тұла бойым шіміренді.
Барма топқа шақырмай,
Жат үйіңде шатылмай,
Шыдармын ба, япырмай,
Жатуға шықпай үйде енді?
Қатыныңның ойнасын
Көрсең, білсең қоймасын,
Не ойлар едің өз басың,
Сонымен тең біз де енді.



Ұқсас жұмыстар

Абай және қазақ әдеби тілі
Өлеңді сөйлем - ерекше сөйлем
Бернияз Күлеев поэзиясының көркемдік ерекшеліктері
Қазақ әдебиетiндегi ұлттық дәстүр және М. Әуезовтiң жаңашылдығы
«Абай жолы» романындағы тарихи шындық эволюциясы
Текстология ғылымы
Мағжанның лирикасы
ЖЫР СҰЛТАНЫ ТУРАЛЫ СӨЗ
Иман батырдың азаттық жолындағы күрес жолы
Аңызға құрылған хикаяттардың оқиғалар желісі
Аурудың тұрақтылығы және даму себебі
Коммерциялық ақпарат пен коммерциялық кұпия мәні және оны қорғау
ҚР «Халық Банкі» АҚ құрылымы
ДОМАЛАҚ АНА
Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауын тексерулерді ұйымдастыру мен жүргiзу ережесi
Ақшаның маңызы, қызметтері және оның ерекшеліктері
Қабатты гидравликалық жару және ұңғылардың түптік аймаққа әсер ету
Қазақстанның халықаралық экономикалық қатынастардағы орны