Қолыма тиді сенен хат

Тәрбие сағаты туралы мәлімет

Өңірі

Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы

Мекеме

Екпетал мектеп-балабақшасы

Пән мұғалімі

Әжікерейқызы Мөлдір (математика)

Тақырыбы

«Жарқырап күн көгімде, Жеңістің туы желбіре»

Мақсаты

Білімділік

Оқушыларға Ұлы Отан соғысы туралы мағлұмат беру; Отан үшін жанын аямаған аға-апаларымыздың ерен еңбегін үлгі ету.

Дамытушылық

Оқушыларды адамгершілікке баули отырып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.

Тәрбиелік

Батырлыққа, батылдыққа тәрбиелеу; аға-апаларын құрметтеуге, оларды ешқашан ұмытпауға баулу.

Көрнекіліктер

  • Плакат
  • Суреттер
  • Шар
  • Слайд

Барысы

Кіріспе сөз

Мұғалім: Құрметті ұстаздар мен оқушылар, «Жарқырап күн көгімде, Жеңістің туы желбіре» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!

Бүгін — Ұлы Жеңіске 70 жыл толған күн. Сол бір қасіретті соғыс қаншама әке мен аға-ападан, бауырдан айырды. Тыныш өмір бір күнде төрт жылға — 1418 күнге — алмасты.

1418 күн бойы Отан үшін, халық үшін, бостандық үшін жанын қиған ерлердің еңбегі тарих беттері жаңарғанымен, ешқашан ұмытылмайды.

Ән

«Ана туралы баллада»

Сахналық көрініс: соғыстың басталуы

Жігіттер мен қыздар вальс билеп тұрады. Кенет музыка тоқтайды. Радиодан диктор Левитанның дауысы естіледі:

«Кеңес үкіметінің бюросынан: 22 маусым таңғы сағат 4 шамасында фашистік Германия еш хабарлаусыз Кеңес Одағына шабуыл жасады…»

Оқушылар: «Соғыс! Соғыс! Соғыс!»

Мұғалім: Шаттыққа толы жастық күнді фашистік Германия бір күнде қара түтінге айналдырды. Елдің тыныш тіршілігі бұзылды. Отан үшін, халық үшін жастар майданға аттанды.

Ана мен баланың қоштасуы

Ана

Айналайын құлыным! Бізді тастап, жауыздың жазасын беруге кетіп барасың. Артыңда қалған Отаның, халқың үшін жаныңды сал, балам. Тек жеңіспен орал. Әттең, өмір-ай, саған не жаздық…

Бала

Анашым, мен үшін қамықпаңыз. Біз міндетті түрде жеңіспен ораламыз. Мені уайымдамаңыз. Әрқашан Жеңіспен оралуымызды тілеп жүріңіз. Қош болыңыз, анашым!

Мұғалім: Қаншама күлкісіз күндер өтті, қаншама қиындық, ұйқысыз түндер артта қалды. Аналар майданнан ұлын, аға-інісін, жарын күтті. Соған қарамастан бала тәрбиеледі, еңбек етті, егін екті.

Дегенмен әр жүректе сағыныш та бар, үміт те бар — оның аты Жеңіс еді.

Ананың хаты

Құлыншағым, аман ба? Қолыма тиді сенен хат. Хабарыңды есітіп, Қуанып қалдым ғаламат. Күн сайын тілек тілеймін, «Құлыным, кел!» деп саламат. Жүрегім — жалын, ішім — у, Жанымда ауыр жарақат. Көзімнің жасы төгіліп, Ұйқыдан кетті рахат. Отан үшін, қарағым, Арың қымбат жаныңнан. Бөбектерің аман-сау, Ас ішеді қолымнан. Ербеңдеген ермегім — Тастамаймын қолымнан. Көңілімде алаң жоқ, Жаны сүйген жарыңнан. Уһілеп кейде дем алып, Шығады түтін жалыннан. Хабарыңды жиі жаз, Өтпесін көп күн арадан. Талқандап жауды аман қайт, Бұлт серпілсін көгімде, Жазылсын жүрек жарадан!

Мұғалім: Соғыс… Тек жарылыстың үні естіледі. Майданда олар тек шайқасып қана қойған жоқ: қимай шығарып салған аяулы анасы, сүйікті жары, сәбиі, Отаны, үйі — бәрі де жүректе қалды. Сағынышын хатқа түсіріп, бір-біріне демеу болды.

Солдат сағынышы

Хат жазамын майданнан, Мейірімді ғазиз анама. Жақыным — жарым дегенмен, Анаңдай жақын бола ма? Көңілінде тілек, көзде жас, Екі қолың жағаңда. Қасірет шегіп, қан жұтып, Сарғайдың ба, анаға? Сағынған соң мен ойлаймын, Жүрегің оттай жана ма? Ет бауырың елжіреп, Қайғыра берме балаңа. Сабырдың суын бере көр, Жаныңдағы жараңа. Ажалсыз адам өлмейді, Мезгілсіз шөлмек сына ма? Ердің басы — ел үшін, Арыма жаным садаға. Бұлт жамылып, қар төсеп, Мен жатырмын далада.

Көрініс

Ана (хат алып): «Қызым, майдандағы ағаңнан хат келді. Кел, оқиық…»

Ана: «О, Құдайым, өзің жар бола көр. Балаларымыз аман-есен Жеңіспен оралса екен…»

Жеңіс хабарын естірту

Радиодан Левитанның дауысы естіледі. Солдаттар қуанышпен дауыстайды:

«Ура! Біз жеңдік! Фашистік Германия жеңілді!»

Соғыстың күні — кесілген білек, Соғыстың күні — кесілген жүрек. Соғыстың күні — төгілген дастан, Соғыстың күні — егілген аспан.

Ән

«Бейбіт күн тілегі»

Қорытынды

Мұғалім: Ұлы Отан соғысы бүкіл ел үшін ауыр сынақ болды. Ерлік пен батырлықтың арқасында бізге бейбіт күн сыйлаған аға-апаларымызды бір минут үнсіздікпен еске алайық.

1 минут үнсіздік

Еске алу. Құрмет. Тағзым.