Одағай сөз қайсы
Сабақтың тақырыбы
Оқшау сөздер және оның түрлері
Көрнекілік
Кесте, топтастыру кестесі, интерактивті тақта.
Әдіс-тәсілдер
Талдау, жинақтау, ой дамытуға бағытталған жұмыс түрлері.
Пәнаралық байланыс
Геометрия, әдебиет.
Оқушыларға тірек
5–7-сыныпта қаратпа сөз бен одағай сөз туралы алған білімін еске түсіру.
Сабақтың мақсаты
- Оқшау сөздердің негізгі белгілерін түсіндіру; түрлерін ажырату; тыныс белгілерін дұрыс қоюға үйрету; сөйлем ішінде орналасу орнын анықтату; талдау арқылы өздігінен қорытынды жасату; деңгейлік тапсырмалар арқылы тақырыпты саналы меңгерту.
- Оқшау сөздерді ауызша және жазбаша сөйлеуде орынды қолдануға дағдыландыру.
- Ой-өрісін кеңейту, сөздік қорын дамыту.
Сабақтың барысы
- Ұйымдастыру кезеңі.
- Үй тапсырмасын сұрау.
- Жаңа сабақ.
Жаңа сабаққа кіріспе
Жаңа сабақты бастамас бұрын оқушыларды сабақтың мақсатымен таныстырамын. Сұрақ қоямын: «Оқшау сөз» ұғымын қалай түсінеміз?
Егер оқушы сөз тіркесі, сөйлем және сөйлем мүшелері туралы толық түсінікке ие болса, оқшау сөздің негізгі белгілерін тез меңгереді. Сабақты «Оқшау сөздер» сызба-кестесі арқылы түсіндіруден бастаймын. 5–7-сыныпта қаратпа сөз бен одағай сөз қарастырылғандықтан, мысалдарды оқушыларға айтқызып, өздеріне талдатамын. Қыстырма сөзге интерактивті тақта арқылы бірнеше мысал келтіріп, түсінік беремін.
Деңгейлік тапсырмалар
I деңгей — Оқулықпен жұмыс
- 67-жаттығуды берілгені бойынша ауызша орындау.
- 68-жаттығудан қаратпа сөздерді тауып, тыныс белгісін және орналасу орнын анықтау.
II деңгей — Талдау тапсырмасы
Тапсырма: оқшау сөздің астын сызып, тыныс белгісін қой, түрін ажырат.
Уа, Жиренше, анау қаңбақ қайдан келеді, қайда барады екен?
Пай-пай! «Көрінде өкіргір» Қожекем-ай! Қатал едің, жарықтық.
Сізге, бәлкім, бұл таныс болмас.
Сіз — халық, ақын халық, менің ойымша.
Жә, көрген-білгеніңді тез айт!
Біріншіден, сөзде тұру керек.
III деңгей — Тест жұмысы
Тест парақтары таратылып, белгілі уақыттан кейін жауаптары интерактивті тақтада көрсетіліп, өзара тексеріледі.
1. Оқшау сөздердің негізгі қызметі қандай?
- A) сөйлем мүшесі бола алады
- B) сұраққа жауап береді
- C) сөйлемге түрлі мағына береді
2. Қыстырма сөз деген не?
- A) тыңдаушының назарын аударады
- B) сөйлеушінің түрлі көзқарасын білдіреді
- C) адамның көңіл-күйін білдіреді
3. «Тәйірі, сол да қиын ба?» Одағай сөз қайсы?
- A) қиын ба
- B) сол да
- C) тәйірі
4. «Менің байқауымша, ол — сабырлы, ілтипатты адам.» Қыстырма сөздің мағынасы қандай?
- A) сенер-сенбестік
- B) мойындау
- C) ойдың кімнен шыққаны
5. Қаратпа сөз қатысқан сөйлем қайсы?
- A) «Сөйлей бер, ақ домбырам, күмбірлеген.»
- B) «Бәсе, дұрыс айтасың.»
- C) «Пай, пай, сенің Қызылбалағың құстың патшасы ғой!»
6. Одағай сөздің неше түрі бар?
- A) 5
- B) 4
- C) 3
7. «Күннің суытатын сыңайы бар, сірә.» Қыстырма сөздің орын тәртібін тап.
- A) басында
- B) соңында
- C) ортасында
8. «Зал ішінен алақайлаған сәбилердің даусы шықты.» Одағай сөзден жасалған есімшені тап.
- A) зал ішінен
- B) алақайлаған
- C) сәбилердің даусы
9. «Көзіңнен жақсы жанар көрдім, шырағым Абайжан!» Сөз тіркесі бола алмайтын сөздер қайсы?
- A) шырағым Абайжан
- B) көзіңнен көрдім
- C) жақсы жанар
10. Оқшау сөздердің тыныс белгісі қандай?
- A) үтір
- B) сызықша
- C) қос нүкте
IV деңгей — Код арқылы диктант
Мәтін интерактивті тақта арқылы беріледі. Тапсырма: әр сөйлемнен оқшау сөзді тауып, координат жүйесінде белгілеу. Х осіндегі сөйлемдер бойынша У осіндегі оқшау сөздермен қиылысқан нүктелерді белгілеп, нүктелердің арасын кесіндімен қосу керек.
- Сіздіңше, теміржолға тіке тартқан дұрыс па?
- — Бетіңнен тайма, қызым!
- Дау жоқ, келісімді орындау керек.
- Өрт болмағай еді, ойпырмай-ай!
- — Мектепке қарауылшы керек деп едіңіз, аға, сол рас па?
- — Шырағым, байқағайсың, құлап қалма.
- Пәлі! Ақын ғой мынауың! — деді Қоржынбай.
- Ал, Бәке, бұған не дейсіз?
Бекіту (ой дамыту жұмысы)
Сұрақ: кім әрі тапқыр, әрі ойлы, әрі жылдам? Төмендегі мысалдардан оқшау сөздердің түрін анықтаңыз.
1) Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Түрі: қаратпа сөз.
2) Өзгелер басын изейді, әрине, — деп мақұлдап.
Түрі: қыстырма сөз.
3) Араздығы сөз болса, бәрекелді! Батыр! — деп,
Мақтап-мақтап қоздырар.
Түрі: одағай, қаратпа.
4) Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтып қоярсың?
Түрі: қаратпа.
5) — Бұрынғыдан мұнысы қиын болды.
Ойбай, уәзір, ақыл тап, қайттік? — деді.
Түрі: одағай, қаратпа.
6) — Е, шырағым, жасым сексенге келгенде, біреудің қанын жүктеп не қылайын?
Мадан ханның шешесінің сөзі. Түрі: одағай, қаратпа.
7) — Апырмай-ай, менің наубайдың баласы екенімді қайдан білдің?
Мадан ханның сөзі. Түрі: одағай.
8) — Сөйлестім, тақсыр! Өзімді сөгіп салды, — деп жауап берді.
Жиреншенің сөзі. Түрі: қаратпа.
Қосымша сұрақтар
- Махамбеттің қай өлеңі қаратпа сөзбен басталады? («Қызғыш құс»)
- Ы. Алтынсариннің қай өлеңінде қаратпа сөз бар? («Кел, балалар, оқылық!»)
Бағалау және үй тапсырмасы
Бағалау
Деңгейлік тапсырмалар, тест және талдау жұмыстарының нәтижесіне сүйене отырып бағаланады.
Үй тапсырмасы
Оқыған шығармаларыңыздың ішінен оқшау сөздер қатысқан бірнеше сөйлем жазып келіңіз.