Өсімдіктің тыныс алуы және ауамен қоректенуі

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Өсімдіктің жасыл жапырағында жүретін негізгі үдерістермен таныстыру.
  • «Өсімдіктер» бөлімі бойынша теориялық білімді меңгертіп, оны іс жүзінде қолдануға үйрету.
  • Фотосинтез бен тыныс алу туралы түсінік қалыптастыру.

Дамытушылық

  • Жеке, жұппен және топпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту.
  • Басқаларды тыңдау, пікірін құрметтеу және өз көзқарасын дәлелдеп қорғауға үйрету.
  • Ойлау, талдау және қорытынды жасау біліктілігін жетілдіру.

Тәрбиелік

  • Өсімдіктер туралы білімді жүйелеп, біртұтас көзқарас қалыптастыру.
  • Ғылыми дүниетанымды нығайту, тірі табиғатқа ізгі қарым-қатынас тәрбиелеу.
  • Экологиялық мәдениеттілікті дамыту.

Сабақтың құрылымы

I. Ұйымдастыру

Сыныптың дайындығын тексеру, сабақ мақсатын айқындау, назарды тақырыпқа шоғырландыру.

II. Үй тапсырмасын тексеру

«Бәйге сұрақтар» арқылы өткен тақырыпты қайталау және негізгі ұғымдарды нақтылау.

«Бәйге сұрақтар»

  1. Қосарланып ұрықтануды тапқан ғалым: С. Г. Навашин (1898).
  2. Жемістер мен тұқымдар қалай таралады: жел, жануарлар, адам, су, өздігінен.
  3. Тыңайтқыш түрлері: органикалық және бейорганикалық.
  4. Тозаң дәндері қайда түзіледі: тозаңқапта.
  5. Тозаңдану дегеніміз: тозаңның аталықтан аналық аузына түсуі.
  6. Көбею мүшелері: гүл, тұқым, жеміс.
  7. Гүлдің негізгі бөліктері: аталық, аналық.
  8. Тамыржеміс өсімдіктері: қызылша, сәбіз, шалқан.
  9. Ұсақ гүлдердің белгілі ретпен орналасқан тобы: гүлшоғыр.
  10. Шие, алхоры, алма қалай тозаңданады: жәндіктер арқылы.

III. Жаңа тақырып: тыныс алу және ауамен қоректену

Ян ван Гельмонт тәжірибесі: өсімдік массасы қайдан пайда болады?

Бұдан шамамен 400 жыл бұрын бельгиялық зерттеуші Ян ван Гельмонт тәжірибе жүргізді: ол ыдысқа 80 кг топырақ салып, алдын ала өлшеп алған күрең ағашын отырғызады.

5 жыл бойы өсімдікке тыңайтқыш қоспай, тек жаңбыр суымен ғана суарып отырған. Нәтижесінде ағаштың салмағы 65 кг-ға артқан, ал топырақ бар-жоғы 50 г кеміген.

Өсімдіктің 64 кг 950 г органикалық затты қайдан алғаны сол кезеңде ғалымға жұмбақ болып қалды. Бұл сұрақ бізді фотосинтез бен газ алмасу үдерістеріне жетелейді.

1) Тамырдың тыныс алуы

Оқулықта сипатталған тәжірибе арқылы тамырдың тыныс алатынын дәлелдеуге болады. Тамыр атмосфералық оттекпен тыныс алады, сондықтан топырақта ауа жеткілікті болуы маңызды.

2) Жапырақтың тыныс алуы

Жапырақта газ алмасу негізінен лептесік (саңылау) арқылы жүреді. Жапырақ атмосфералық оттекті қабылдап, тыныс алу кезінде көмірқышқыл газын бөледі.

3) Сабақтың тыныс алуы

Сабақ қабығындағы жасушалар арасында арнайы саңылаулар болады. Олар жасымықша деп аталады және газ алмасуды қамтамасыз етеді.

4) Тыныс алуға әсер ететін факторлар

  • Температураның әсері
  • Улы заттардың әсері
  • Судың әсері
  • Топырақтың құрылымы, тығыздылығы, тұздылығы
  • Шамадан тыс ылғалдану (ауа алмасудың төмендеуі)

5) Ауамен қоректену: фотосинтез арқылы

Қоректену — организмнің зат және энергия алмасу үдерісі. Өсімдіктерде ауамен қоректену негізінен фотосинтез арқылы жүзеге асады.

Мүше

Жасыл жапырақ — ауамен қоректенудің негізгі мүшесі.

Газ алмасу

Фотосинтез үшін көмірқышқыл газы жапыраққа лептесік арқылы енеді.

Энергия

Күн энергиясы химиялық энергияға айналып, органикалық заттар түрінде жиналады.

Фотосинтез барысында түзілген органикалық заттар өсімдіктің басқа бөліктеріне тасымалданып, тіршілік әрекеттеріне жұмсалады немесе қор ретінде жиналады.

6) Негізгі түйіндер

  • Тамыр оттекпен тыныс алады.
  • Жапырақтар лептесік арқылы оттекпен тыныс алады.
  • Жасымықша сабақта лептесіктің қызметін атқарады.
  • Тыныс алуға сыртқы орта факторлары әсер етеді.
  • Өсімдіктің қоректенуі ауа арқылы фотосинтез нәтижесінде жүзеге асады.
  • Жасыл жапырақ — ауамен қоректенудің негізгі мүшесі.
  • Жасыл өсімдіктер күн энергиясын органикалық заттар түрінде «қор» ретінде жинайды.
  • Тыныс алу тәулік бойы жүреді, ал фотосинтез тек жарықта жүзеге асады.
  • Барлық тірі организмдер оттекпен тыныс алады; фотосинтездің қосымша өнімі ретінде оттек бөлінеді.

IV. Бекіту тапсырмалары

Қандай пікір дұрыс?

  1. Өсімдік атмосфералық оттекпен тыныс алады.
  2. Өсімдік көмірқышқыл газымен тыныс алады, нәтижесінде оттек бөлінеді.
  3. Өсімдік тыныс алғанда көмірқышқыл газын бөледі.
  4. Лептесік қолайлы жағдайда ашылады, қолайсыз жағдайда жабылады.
  5. Фотосинтез үдерісі үшін оттек қажет.
  6. Белгілі бір жағдайда өсімдіксіз өмір сүруге болады.

Тапсырма: әр пікірге «дұрыс/бұрыс» деп белгі қойып, қысқаша дәлел келтіріңдер.

Суреттермен жұмыс

  • Берілген тәжірибе нені дәлелдейді?
  • Суретте не бейнеленген?
  • Сәйкестендіру тестін орындау.

V. Қорытындылау

3-деңгей (түсіндіру)

  1. Фотосинтез дегеніміз не?
    Күн сәулесінің қатысуымен су мен көмірқышқыл газынан органикалық заттардың түзілу үдерісі.
  2. Лептесіктің өсімдік тіршілігіндегі рөлі қандай?
    Газ алмасуды және жапырақтың булануын (транспирация) қамтамасыз етеді.

2-деңгей (қолдану)

  1. Қандай жағдайда тамырдың тыныс алуы бұзылады?
    Топырақта ауа азайса (тым тығыздалса немесе артық ылғалданса).
  2. Тыныс алуға орта факторлары әсер ете ме?
    Иә: жылу, су, топырақ құрылымы және басқа да факторлар әсер етеді.

3-деңгей (талдау)

  1. Егін иесі үй қояндарына қырыққабаттың жасыл жапырақтарын жұлып береді. Бұл дұрыс па?
    Дұрыс емес: жасыл жапырақта фотосинтез нәтижесінде түзілген органикалық заттар кейін қауданға қор ретінде жиналады.
  2. Жапырақты көкөністерді тәуліктің қай мезгілінде жинаған тиімді?
    Кешкі уақытта: күндіз фотосинтез нәтижесінде органикалық заттар түзіледі, түнде олардың бір бөлігі басқа мүшелерге тасымалданады.

«Кім жылдам?» тесті

  1. Жасушаның қай органоидінде фотосинтез жүреді?
    а) цитоплазмада ә) ядрода б) хлоропластта в) вакуольде
  2. Күн сәулесі қай үдеріс үшін қажет?
    а) тыныс алу ә) фотосинтез б) су мен қоректену в) минералдармен қоректену
  3. Адамдар немен тыныс алады?
    а) өкпемен ә) желбезекпен б) терімен
  4. Тыныс алу — бұл:
    а) оттекті сіңіріп, көмірқышқыл газын шығару ә) көмірқышқыл газы мен суды ыдырату б) органикалық заттардың түзілуі
  5. Тыныс алу жүреді:
    а) қараңғыда ә) жарықта б) қыста, жазда в) үнемі

Ойлан, тап

Мақал-мәтелдер

  • Ер — елдің көркі, орман-тоғай — жердің көркі.
  • Дана көптен шығады, дәрі шөптен шығады.
  • Білімі жоқ ұл — жапырағы жоқ гүл.
  • Бағың өссін десең — бақ өсір, бағың өссе — тағы өсір.

Жұмбақтар

  • Тау-тау үйілген ақ алтын, табады оның атын кім?
    Мақта
  • Үстіне тігіп көк шатыр, астында қызыл дәу жатыр.
    Қызылша
  • Қалың киімді ұнатады, шешіндірсең жылатады.
    Пияз

Ой-толғаныс (5 минут): эссе

Тақырып: «Табиғат саған ана ма, әлде жай ғана пана ма?»

Әй, табиғат! Шеберсің-ау, шеберсің,
Көрмегенді көрсетесің, берерсің.
Ұлан-ғайыр байлығыңды місе етпей,
Ашкөзденген адамдарға не дерсің!

Айың анау, күнің анау, жер мынау,
Ау, адамдар, жетпей жатыр енді не?!
Табиғатқа таласпаңдар, ағайын,
Асырайды ол сені, мені, елді де.

М. Мақатаев

VI–VII. Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы

  • §26 — оқып келу.
  • Сұрақтарға жазбаша жауап беру.

Бағалау

Сабақтағы белсенділік, тапсырмаларды орындау сапасы, дәлелдеу мәдениеті және топтық жұмыс үлесі бойынша бағаланады.